Барлық дерлік фермер көктемгі егінге дайын емес – «Атамекен
Ұлттық палата фермерлер арасында шұғыл сауалнама жүргізді. Оған 350-ге жуық шаруа қатысты. Олар доллар бағамының өзгеруі мен тасымалдың қиындауынан тыңайтқыш, қосалқы бөлшектер мен тұқымдардың бағасы қымбаттағанына шағымданды.
Бұдан бөлек күзде тұқымын, құрал-сайманын, жанар-жағармайын алып қойған шаруалардың да кассалық шығындары бар. Шамамен фермерлердің 55 % егін жұмыстарын бастауға дайын. Бұл – төмен көрсеткіш. Жартысынан көбінде солярка отыны бар, 80 пайызы тұқыммен қамтылған. Бар болғаны 38 % пестицидпен қамтылған, 42 % астамының тыңайтқышы дайын. Дегенмен мемлекет қосымша қолдау шараларын шұғыл қабылдамаса, шаруалар көктемгі науқанда егін еге алмай қалады.
Ұлттық палата төралқа төрағасы Райымбек Баталов ауыл шаруашылығындағы мәселелерді: санкция салдарымен жедел күрес, жүйелі мәселелер және қолдау шаралары деп топтастырды.
«Шаруалардың қазір тап болған мәселелері шұғыл шешілсе, көктемгі егін егу науқаны ойдағыдай болады», – деді Палата басшысы аймақтағы фермерлермен онлайн кездесуде.
«Атамекен» ҰКП Агроөнеркәсіп кешені департаментінің директоры Ербол Есенеевтің айтуынша, көктемгі егін науқанында әр гектар жерге 100 доллар деп есептелсе, бұл бағыттағы қаржы бөлу көлемі 1 трлн теңгеге жуықтайды. Бірақ бәрібір қаржы тапшы болады.
Қостанай облысынан «Әлем агро» компаниясының өкілі Амангелді Әбдіқадыров тұқым жеткізетін ірі компаниялардың бірі ретінде маңызды тауарларды бес топқа бөліп, мәселелерге тоқталды. Тұқым мен өсімдіктерді қорғау құралдарының 50 пайызға жуығы елге жетпеген. Көптеген көлік жолда қалып қойды немесе шекарада ұзақ тұрып қалған.
«Екіншіден, шетелден келетін тауар доллар курсымен келеді. Ауыл шаруашылығы тауарлары қымбаттайды. Бұл ретте валюталық тәуекелдерге субсидия бөлу керек деп санаймыз. Үшіншіден, ауыл шаруашылығы тауарларын өндіретіндерді көктемгі егін науқанында қаржыландыру; Банктер пайыздық мөлшерін көтерді. Біздің сала үшін көтермеуін сұраймыз. Ауыл шаруашылығы өніміне экспорттық бажды тоқтату немесе қайта қарауды ұсынамыз. Бесінші мәселе тұқымдар мен пестицидтерді субсидиялауды бұрынғыдай қалдыру, кем дегенде 50 пайыз көлемінде қалғанын сұраймыз», – деп мәселелерін көтерді Амангелді Әбдіқадыров.
Ұлттық палатаның төралқа төрағасы Райымбек Баталов шаруалардың барлық мәселесін жедел штаб отырысында үкімет мүшелерімен талқылайтынын жеткізді.
Сондай-ақ, ол Ұлттық палата үкіметпен келісімге келіп, АШМ әзірлеген субсидиялаудың жаңа тетігін енгізуді кейінге қалдырғанын, ал шаруаларды қолдау деңгейі биыл өткен жылдың деңгейінде қалатынын айтты.
Айта кетейік, Ауыл шаруашылығы министрлігі шаруалар үшін былтырғы деректердің негізінде субсидиялау механизмін әзірлеген болатын. Алайда ол механизм қазіргі күрделі кезеңнің талаптарына жауап бере алмайды.
Егер Сіздің бизнесіңіз зардап шеккен болса, +7 778-870-1432 WhatsApp нөміріне жолдаңыз. Тәулік бойы жұмыс істейді. Сондай-ақ, Ұлттық палатаның байланыс орталығына қоңырау шалуға болады.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: