Қазақстандағы құс шаруашылығы: саланың жай-күйі ауыр
Райымбек Баталов еліміздегі жетекші құс фабрикаларының басшыларымен кездесті.
Отандық ірі құс фабрикаларының жетекшілері Ұлттық кәсіпкерлер палатасында саланың өзекті мәселелерін талқылау үшін елордаға келді. Бірінші кезекте кәсіпкерлерді құс шаруашылығын субсидиялау формасының өзгеруі алаңдатады.
«Қазіргі кезде құс шаруашылығын осы жылға тікелей субсидиялауды қысқарту мәселесі талқыланып жатыр. Бұл жайт біз үшін апатты жағдай десек болады. Біздің саламыздан субсидияны мүлдем алып тастаса не болмақ? Біріншіден, отандық өнім импорттан қымбат болады. Демек, ертең біз өз нарығымызды толықтай Ресей мен Беларусқа бере саламыз», – деді «Шымкент құс» ЖШС құрылтайшысы Әбілқасым Досболов.
Кәсіпкерлердің пікірінше, құс шаруашылығында тікелей субсидиялауды қысқарту кәсіпорындардың дамуы түгілі, бүкіл саланың тоқтауына әкеп соғады. Мемлекеттің қолдауынсыз 65 құс фабрикасы жабылу алдында қалады. Бұл фабрикалар бүкіл Қазақстан бойынша ауылдық жерлерде тұратын 40 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтып отыр.
«Әр фабрикада 300-500 адам еңбектенеді. Олар қайда барып, жұмыс істейді? Отбасыларын кім асырайды? Біз бұл мәселені «Атамекен» ҰКП деңгейінде көтеруге мәжбүрміз», – деп түсіндірді Әбілқасым Досболов.
Жиын барысында «Алель Агро» директорлар кеңесінің төрайымы Рәзия Жатақпаева әріптестерінің алаңдаушылығын құптады. Спикер күрделі геосаяси жағдай кезінде тікелей субсидиялауды екі есе қысқарту саланың проблемаларын одан сайын ушықтыра түседі деп санайды.
«Біз саланың келешегі бар ма деген маңызды шешім алдында тұрмыз. Егер озық әлемдік тәжірибеге сүйенетін болсақ, қандай да бір дағдарысты жағдай болмасын, үкімет салаға көмектесу үшін қосымша қаражат бөледі, дамуға серпін береді. Бізде болса бәрі керісінше. Бізге биылға субсидиялауды екі есе қысқартты. Оның үстіне өткен жылдың үш айына субсидия төленбеді», – деді Рәзия Жатақпаева.
«Атамекен» ҰКП мамандары кәсіпкерлердің талап-тілегін тыңдап, қаржы мәселесін шешуде осындай тәсіл орынсыз екенімен келісті. Райымбек Баталовтың пікірінше, сала өкілдерімен ақылдаспай, субсидия көлемін күтпеген жерде қысқарту – бизнес дамуына айтарлықтай кедергі.
«Субсидиялау мәселесін біз үкімет деңгейінде талқылаймыз. Бірінші кезекте осы кезеңде біз субсидиялауды бұрынғы деңгейді қалдыруды ұсынамыз. Екіншіден, назар аударылуы тиіс мәселе: Ауыл шаруашылығы министрлігі салалық қауымдастықтардың пікірін ескерместен мұндай шешімдер қабылдамауы керек. Кенеттен шешім қабылдауға болмайды ден санаймын. Өйткені әр өндірістің артында миллиардтаған инвестиция тұр. Мұндай шешімдер сала өкілдері үшін бизнес дамуына нұқсан келтіретін тосынсый болмауы тиіс. Билік пен бизнес арасында бәтуаластық қажет. Егер субсидиялауды осылай қысқарту қажет болса, онда кәсіпорындарға ең кемі дайындыққа уақыт берілуі керек», – деп атап өтті Палата басшысы.
«Атамекен» ҰКП мамандары бұл мәселені назарсыз қалдырмайды. Райымбек Баталов субсидиялау мәселесін жақын арада Үкімет деңгейінде талқылауды жоспарлап отыр.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: