«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Атырауда жергілікті атқарушы органдар мен өңірлік кәсіпкерлер палатасы бизнес мәселелерін шешу үшін күш біріктірді

2022 жылғы 28 Ақпан
- Атырау облысы
16313 просмотров

Қазіргі кезде өңірлік кәсіпкерлер палатасының жұмысында бизнестің 35 проблемалық мәселесі бар.

Жиын барысында Атырау облысы кәсіпкерлер палатасы жанындағы Өңірлік кеңес мүшелері олардың шешімі бойынша қандай шаралар қабылданып жатқанын талқылады.

Өңірлік кеңестің төрайымы Гүлмира Жұмағалиева бұл проблемалық мәселелер облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Айдарбековтың бизнес өкілдерімен жақында өткен кездесуінде көтерілгенін айтты. Мәселенің барлығы бүгінгі күні жергілікті атқарушы органдармен жұмысқа алынды. Гүлмира Жұмағалиева облыс әкімінің бірінші орынбасары осындай кездесулерді ай сайынғы негізде өткізуге уәде бергенін, бұл бизнестің өзекті мәселелерін шешуге сөзсіз оң әсер ететінін атап өтті.

 Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Сүйінбаев өңірлік кеңес мүшілеріне палата жұмысында қаралып жатқан түйткілді мәселелерді таныстырды. Мысалы, Исатай ауданындағы шаруалары үшін жекелеген елдімекенде газ тапшылығы өзекті мәселе болып отыр.

 «Бізге кәсіпкер Ерлан Шеруенов хабарласып, Исатай ауданындағы малшылар өз қажеттілігі үшін сұйытылған газды қолдануға мәжбүр екенін айтты. Алайда ауданда сұйытылған газ баллондарын толтыратын орталықтандырылған пункт жоқ. Адамдар сұйытылған газды жанармай бекеттерінен құйып жатыр, бұған заңды тұрде рұқсат жоқ. Біз жергілікті әкімдікпен келіссөздер жүргіздік. Әкімдік мұндай проблеманың бар екенін растады. Бұл мәселе облыс әкімінің бірінші орынбасарымен кездесуде айтылды, осы мәселені шешуге тапсырма берілді», – деді Нұрлан Сүйінбаев.

Сондай-ақ, Палата басшысы ауыл кәсіпкерлері несие алуға қатысты проблемаларға тап болатынын, атап айтқанда, кепіл құнының төмен бағалануы қарыз мөлшеріне теріс әсер ететінін айтты.

 «Сонымен қатар бізге «Алмалы құс» ЖШС көмекке жүгінді. Былтыр электр қуатының кедергімен жұмыс істеуіне байланысты цехтерде желдету жүйесі болмады. Желдетудің болмауы салдарынан 86 444 бас тауық қырылып қалды. Бұл жайт компанияға ауыр соққы болды. Осыған байланысты кәсіпорын банкрот жағдайында тұр. «Атырау» ӘКК алдындағы берешек 261 млн теңгені құрайды, ағымдағы кесте бойынша қарыз 92 млн теңге болды. Мәселені шешу үшін компания «Бизнесті сауықтыру жоспарын» дайындады. Оған сәйкес кәсіпорын қарызды 1 жылға кейінге қалдыруды сұрайды және қарызды 2023 жылдың қаңтарынан бастап жабуға дайын. Бұл мәселе бойынша облыс әкімінің бірінші орынбасары ӘКК басшылығына тапсырма берді және жақын арада мәселелер Директорлар кеңесінің отырысында көтеріледі», – деп атап өтті Нұрлан Сүйінбаев.

Одан кейін палата басшысы қалған мәселелерді шешу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы есеп берді. Өңірлік кеңес мүшелері олар бойынша бірқатар ұсыныс енгізді. Жиында олар Өңірлік кеңес жанында жұмыс істейтін комитеттер жұмысының басым бағыттарын белгіледі.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер