«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

АӨК саласын субсидиялауда жүйелі мәселе шешімін тапты

2022 жылғы 02 Ақпан
- Шығыс Қазақстан облысы
7343 просмотров

Шығыс Қазақстан облысының кәсіпкерлер палатасы АӨК саласындағы бизнестің жүйелі мәселесін шешті. Атап айтқанда, 2020 жылы субсидияға резерв өтінімдерді берген ауыл шаруашылық тауар өндірушілер Субсидия ережесінің кейбір ерекшелігі салдарынан бір жыл бойы көмек ала алмай келген. Енді субсидия түріндегі қолдауды жұмыс органдарында қаржы болған жағдайда өтінім берген жылы алуға мүмкіндік жасалды.

 ШҚО кәсіпкерлер палатасына шаруа қожалықтарының басшыларынан несие бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау мүмкін еместігіне қатысты бірнеше рет өтініштер келіп түсті.

2020 жылы кәсіпкерлер «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры»АҚ-тан мал басын көбейтуге несие алды. Несиелер Қордың өз қаражатынан жылдық 16%-бен берілді, оның 10%-ы агроөнеркәсіп кешені субъектілеріне несие беру, сондай-ақ мал, ауыл шаруашылығы техникасы мен технологиялық жабдығын сатып алуға лизинг кезінде сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау қағидаларына сәйкес субсидиялануға тиіс болған.

Субсидиялау  ұн, минералды су және алкогольсіз сусындар өндіруге арналған негізгі құралдарды сатып алуға арналған займдарды қоспағанда, ауыл шаруашылығы техникасын, оның ішінде аспалы және тіркемелі жабдықты сатып алуға, сондай-ақ ауыл шаруашылығы жануарларын, негізгі құралдарды сатып алуға, құрылысқа арналған шығыстарға нессие келісімшарттары бойынша іске асырылады.

 Субсидия алу мақсатында кәсіпкерлер 2020 жылдың соңында Qoldau.kz платформасы арқылы өтінім берді. Бірақ ШҚО ауыл шаруашылығы басқармасы өтінімдерді қаржыландырудың болмауына байланысты қабылдамады. Өтінім беруге қайталап әрекет жасаған кезде – 2021 жылдың басынан бастап бүгінгі күнге дейін  Qoldau.kz порталы өтінімдерді қабылдамай жатыр.

«Демек, бюджетте қаражат болған кезде үлгеріп қалған кәсіпкерлер ғана субсидияға қол жеткізген. Ал өтінімдерді кешірек жібергендер бюджеттің болмауы салдарынан өтінімдерді келесі жылы беруге мәжбүр. Бұл ретте  несиелер бойынша сыйақыларды төлеу мерзімі басталып кетті, бизнес субъектілері оларды толық мөлшерлемемен, яғни жылдық 16%-бен өтеуге мәжбүр», – дейді ШҚО ӨКП кәсіпкерлердің құқығын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің бастығы Рауан Абдуллин.

 ШҚО кәсіпкерлер палатасының құқық бөлімі бұл мәселені  проблемалардың республикалық тізіліміне енгізу және ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі деңгейінде қарау үшін «Атамекен» ҰКП орталық аппаратына жіберді.

 «Осы әкімшілік кедергені алып тастау үшін біз 2021 жылдың соңына дейін республикалық бюджеттен қаражат бөлуге бастамашылық ету және субсидиялау ережесіне «күту парағы» функциясының болуы бөлігінде өзгерістер енгізуді ұсындық. 16 қазанда аталған проблема тізілімге енгізіліп, 19 қарашада Ауыл шаруашылығы министрінің №336 бұйрығымен тиісті өзгерістер енгізілді», – деді Рауан Абдуллин.

 Дәлірек айтсақ, Ереженің 9-тармағына сәйкес ұсыныс берілген күні қолданыстағы және ұсыныс берілгенге дейін төрт жылдан ерте емес жасалған қарыз шарттары бойынша субсидияны есептеу ұсыныс берілген жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асырылады. Субсдиялауға өтінім берілген жылы несие келісімшарттары бойынша субсидияны есептеу несие берілген немесе лизинг нысаны берілген кезден бастап жүзеге асырылады.

 «Осылайша, өтінім берген кезде бюджет болмаса да пайыздық мөлшерлемені өтеу несие/лизинг келісімшарты жасалған сәттен бастап жүзеге асырылады», – деп түсіндірді «Атамекен» өкілі.

Сонымен қатар, Рауан Абдуллиннің айтуынша, 2021 жылдың қазанында республикалық бюджеттен АӨК субсидиялау бағдарламасына 11,4 млрд теңге, оның ішінде Шығыс Қазақстан облысы үшін 2 млрд теңге көлемінде қосымша қаражат бөлінді.

 Иллюстрация: Msp29.ru


Еншілес ұйымдар

Серіктестер