«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

ҰКП трансформациясы, сауалнама, «Самұрық-Қазына» қызметі: Абылай Мырзахметов Ұлттық палатаның жұмысын баяндады

2022 жылғы 25 Қаңтар
2081 просмотров

Бүгін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов Facebook парақшасында тікелей эфирге шығып, Палатаны реформалау, зардап шеккен кәсіпкерлердің залалын өтеуге қатысты атқарылып жатқан жұмыстар мен «кәсіпкерлер арасында жүргізілген» сауалнама, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» қорының қызметіне байланысты пікірін айтты.

Айта кетейік, Абылай Мырзахметов өткен аптада да тікелей эфирге шығып, Палатаның атқарылып жатқын жұмысын баяндауға уәде еткен.

«Өткен сенбіде бизнес қауымдастықпен, өңірлік кеңес мүшелерімен жиналыс өтті. Реформалау және бизнес ахуалға қатысты, жалпы 50-ден аса ұсыныс түсті. Жұмыс тобына Өңірлік кеңес пен салалық комитеттерден 2 кандидаттан ұсынылады. Бұдан басқа кез келген сарапшы, кәсіпкер өздігінен жұмыс тобына қатыса алады. Бұл туралы ақпарат Палатаның ресми сайтында да жарияланды. Жұмыс тобы бір айдың ішінде Съезге нақты ұсыныспен шығады», – деді ол Палатаны реформалауға қатысты жұмыс тобының қызметін баяндап.

Сондай-ақ, Абылай Мырзахметов тәртіпсіздіктер кезінде зардап шеккен бизнестің залалын өтеуге қатысты өңірлік комиссиялардың жұмысына тоқталды. Оның айтуынша, осы уақытқа дейін 10 мыңнан аса кәсіпкер зардап шеккенін жеткізді. Басқарма төрағасы залалға өтемақы  алдағы бір айдың ішінде беріле бастайтынын жеткізді.

«Біз залалды өтеу механизмін ұсындық. Мұның бәрінен үкімет пен президент әкімшілігі хабардар. Ел бойынша 9 өңірдің кәсіпкерлері зардап шеккен. Кәсіпкерлер залалды өтеуге өтінімді 21 қаңтардан бастап беріп жатыр. Кеше Алматы комиссиясының отырысы өтті. Сонда кәсіпкерлер өтінім беру процедурасына қатысты тағы ұсыныстарын айтты. Ломбард, валюта айырбастау, ықшамдау және басқа ұсыныстың бәрі ескерілді. Бүгін Роман Склярдың қатысуымен өткен үкімет отырысында бұл мәселелер тағы қаралды», – деді ол.

Сонымен қатар, Палата басшысы осы апта желіде қызу талқыланған мәселенің бірі – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ жұмысын реформалауға қатысты пікір білдірді.

«Қордың «Атамекенге» қатысты қызметіне келсек, «Самұрық-Қазына» қорына қатысты компаниялардың сатып алу бюджеті 4 трлн теңгеден асады. Бұл – өте қомақты қаржы. Біздің мақсатымыз – отандық кәсіпкерлердің, әсіресе өндірістік саладағы кәсіпкерлердің мүддесін қорғау. Осыған байланысты ертеңнен бастап, Қордың қызметіне қатысты зум арқылы отандық кәсіпкерлермен талқылау өтеді. Бұған дейін кәсіпкерлер қандай ұсыныс айтқаны, Қордың оны қолдамағаны жайлы айтып кеткенбіз. Қор қызметі ашық болсын дегеннің бәрі бұған дейін айтылған. Бәрі сайтымызда жарияланған материалда бар», –  деді басқарма басшысы.

Бұдан бөлек, Абылай Мырзахметов желіде тарап жатқан «Президент әкімшілігінің қызметкері жүргізген сауалнамаға» қатысты пікір білдірді. Ол 300-400 адам қатысқан мұндай сауалнаманың негізсіз және дәйексіз екенін атап өтті.

«Бұл сауалнамаға 300-400 аноним адам қатысқан. Оған кәсіпкер қатысты ма, басқа сала маманы қатысты ма, жеке тұлғалар ма білмейміз. Ол туралы ақпарат жоқ. Сондықтан мұндай негізсіз сауалнама жүргізіп, дәйексіз нәтиже жариялау дұрыс емес деп санаймыз», – деді ол.

Төраға пандемия басталғаннан бері Палата кәсіпкерлер арасында үш сауалнама жүргізгенін айтты.

«Жалпы сауалнама – кері байланыс жүргізудің тиімді тәсілі. Біз пандемия басталғаннан бері үлкен үш сауалнама жүргіздік. 100 мыңнан аса адам қатысты. Ол үкіметке, Президент әкімшілігіне жеткізілді. Пандемия кезінде осы сауалнаманың нәтижесінде кәсіпкерлерге көмек көрсетілді. Соңғы сауалнамада 20 мыңнан аса кәсіпкер қатысты. Яғни, 300 аноним сауалнама мен 20 мың жүйелі сауалнаманы салыстырып көріңіз. Сауалнама жүргізу үшін бұл саланың маманы болу керек, бұл біріншіден. Екіншіден, негізгі мәселелер қамтылу керек. Үшіншіден сауалнама белгілі бір аудиторияға қарай бағытталу керек. Саны, сұрағы, методикасы болу керек», – деді ол.

Ұлттық палатаның сайтында соңғы сауалнаманың нәтижесі ілінген. Онда кәсіпкерлердің мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың, «Даму» сияқты қорлардың жұмысы, қандай инфрақұрылымды дамыту керек және басқа да кедергілерге қатысты айтқан жауабы жарияланған. Бұл – үкімет мүшелері мен Президент әкімшілігінің мамандарына таптырмас құрал.

«Қазір үкімет және Президент әкімшілігінің қызметкерлері алдағы уақытқа жоспар құрып жатыр. Бұл сауалнаманың жауабы негізінде алдағы жоспарды бекітуге болады. Сол сауалнаманы қарап шықсаңыз болады. 300-400 адаммен сауалнама жасаудың ешкімге керегі жоқ», –  деді басқарма төрағасы.

Сөз соңында Абылай Мырзахметов 1,5 млн кәсіпкермен тікелей байланысқа шығатын цифрлық жүйе іске қосылатынын мәлімдеді.

 

 

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер