«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

InfoKazakhstan платформасында кәсіпкерлерден залалды өтеуге өтінімдер қабылдау басталды

2022 жылғы 20 Қаңтар
10816 просмотров

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлерге келтірілген залалды өтеуге InfoKazakhstan.kz платформасында электрондық өтініштерді қабылдау басталғанын хабарлайды.  

Бұл шара Үкімет бекіткен 2022 жылғы қаңтардағы жекелеген өңірлердегі тәртіпсіздіктер салдарынан шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне келтірілген мүліктік залалды өтеу механизміне сәйкес іске асырылады.

 Еске салсақ, залалды өтеу туралы өтініш ЭЦҚ көмегімен https://infokazakhstan.kz сайты арқылы беріледі.  Механизмге сәйкес залалды өтеу туралы өтініштерді өңірлік комиссиялар күнтізбелік 5 күн ішінде қарайды. Өтініш мақұлданған жағдайда ұсынылған мәліметтер мен құжаттар негізінде өңірлік комиссия айқындайтын мөлшерде қаражат бөлу туралы шешім шығарылады.

Қаржы Қазақстан Республикасының бюджеттік рәсімдеріне сәйкес мүлік иесінің өтінішінде көрсетілген ағымдағы немесе жинақ шотына тиісті шешім қабылданған күннен бастап бір ай ішінде өтініш берушіге аударылады деп болжанады.

Зардап шеккен кәсіпкерлердің назарына!

Залалды өтеуге өтініш берер алдында https://infokazakhstan.kz/faq/documents/ сілтеме бойынша нұсқаулықпен танысуыңызды сұраймыз, сондай-ақ қажетті құжаттардың толықтығына көз жеткізу керек. Құжаттар топтамасы толық ұсынылмаған жағдайда өңірлік комиссия мүліктік залалды өтеуден бас тарту туралы шешім шығарады.

Кәсіпкерлерге ыңғайлы болу үшін «Атамекен» ҰКП залалды өтеу бойынша іс-қимыл алгоритмін дайындады. Онда залалды өтеуге өтініш беру қадамдары сипатталған.

Өтінішті толтыру, қажетті құжаттарды жинау және өтеу тетігі бойынша мәселелер туындаған жағдайда, сондай-ақ өтінімдерді уақытылы қарамау және залалды өтеу мерзімдерін бұзу фактілері болған жағдайда Өңірлік кәсіпкерлер палаталарына немесе «Атамекен» ҰКП 1432 байланыс орталығына жүгінуді сұраймыз.

Еншілес ұйымдар

Серіктестер