«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

«Бизнес жұмыс істесін». Олжас Ордабаев кәсіпкерлерге қатаң шектеуді қысқартуды ұсынды

2022 жылғы 20 Қаңтар
5671 просмотров

Дүние жүзінің бірқатар елінде коронавирус жұқтырғандар саны артқанмен, бизнеске шектеуден бас тартып жатыр. Ал Қазақстанда вирустың таралуын тоқтату үшін бизнестің жұмысы шектеледі. Ал оның салдарынан кәсіпкер шығынға батып қана қоймай, қызметін жауып тастауға мәжбүр.

Ұлттық палата басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев бизнесті құтқару үшін кәсіпкерлердің жұмысына қатаң шектеуді қысқартуды ұсынды.

«Бизнес жұмыс істесін. Бұл – «Атамекен»  Ұлттық кәсіпкерлер палатасының COVID-19-ға қарсы күрес жөніндегі әрбір ВАК-тағы тұрақты тезисі. 2019 жылдан бастап біз біртіндеп бірқатар шектеуді алып тастадық, бірақ олардың саны әлі де көп. Пандемияның бірінші жылында мемлекеттік органдардың дүрбелеңі айқын болды: олар қалай емдеу керегін білмеді, өлім-жітім жоғары болды, ауруханаларда орын жетпеді және басқа себептер болды. Бірақ, шынымен де, толқыннан толқынға дейін біз бизнестің жұмысын жабу мен шектеуден басқа күрес тәсілдерін таба алмаймыз ба», – деп жазды Палата өкілі Facebook парақшасында.

Сонымен қатар, ол қабылданған шешімдер жағдай талап еткеннен гөрі әлдеқайда қатал болып көрінетінін атап өтті.

Олжас Ордабаев халықаралық тәжірибені көрсетіп, коронавирус көп таралған елдерде бизнеске жұмыс істеуге мүмкіндік барын айтты.

«Суретте Еуропада таралу және өлім жағдайы әлдеқайда нашар екені көрсетілген, бірақ қабылданған шаралардың қатаңдығы әлдеқайда төмен.

Мұнда бірнеше мысалдар келтірілген: 

1. Ұлыбритания маскадан бас тартты.

2. ДДҰ халықаралық сапарларға шектеулерді пайдасыз деп таныды (Өзбекстан мен Қырғызстан бұған келіскен). Ал, біз туристерге жабық болуды жалғастырып келеміз.

Әлем елдері оң мен солын саралап, қалыпты өмірді жалғастырып жатыр», – деді басқарма төрағасының орынбасары.

Олжас Ордабаевтың айтуынша, біз Ухань (ҚХР – авт.) сценарийімен жүріп, шектеу шараларының қатаңдығы индексі бойынша әлемде 7-ші орында тұрмыз.

Тыйым салуда жүйелі ғылыми негізделген тәсіл жоқ. Аймақтардағы санитарлық қызмет деңгейі (сирек жағдайларды қоспағанда) өте төмен және шешім «көзбен» шығарылады.

«Тыйымдардың логикасын түсінбей, бизнесті ережелерді елемей, салдарымен көлеңкеге кетуге мәжбүр етеді. Қызметкерлерді қолдау үшін (шектеу қойылған салалардың өзінде 3,5 млн адам) бизнес басқа елдердегідей бұрынғы форматта жұмыс істеуі тиіс. Мейрамханаларда 50% және 50 адамға дейін отыру, кинотеатрларда 30%-ға дейін, банкет залдарында 50 адамға дейін отырғызып, жұмыс істеу мүмкін емес екенін түсіну керек», – деді ол.

Сонымен қатар, Палата өкілі көптеген караоке және түнгі клуб, халықаралық жолаушылар тасымалы 2 жыл ішінде тек шектеудің салдарынан қызметін тоқтатқанын атап өтті.

«Әрине, бизнестің белгілі бір түрлерінің қызметіне бір күнде тыйым салу  кәсіпкерлерді банкротқа ұшыратады. Осы шаралардың салдарынан бизнестің 61%-ы шығынға батып қана қоймай, жабылып қалды. Қоғамдық тамақтандыру саласында бұл көрсеткіш 78%-ға дейін, туризмде 79%-ңа дейін өсті», – деп жазды ол.

Олжас Ордабаевтың айтуынша, үйде емдеу хаттамаларын таратып, телемедицинаны дамытып, халықты кеңінен ақпараттандырып, ауруханаларда төсек орынды арттырып, жұмысты шектеуден бас тарту керек.

 «Ауруханалардың техникалық базасын жақсарту керек.  Денсаулық сақтау жүйесінің мұндай жағдайларға дайын болмағаны, осалдығы экономикаға соққы болмау керек», – деп түйіндеді басқарма төрағасының орынбасары.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер