«Атамекен» ҰКП қызметін жаңартуға және реформаға дайын
«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымның қызметін реформалауды талқылау үшін жұмыс тобын құрады. Оның құрамына кәсіпкерлер мен бизнес-қауымдастықтың өкілдері қатысады.
Ұлттық палатаның басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов өзгерістерге дайын екенін Facebook-те тікелей эфирде мәлімдеді.
«Басқарма да, мен де ҰКП-ның алдағы қызметі туралы көп сын естиміз, біз диалогқа ашықпыз. Қаланған дүниені бұзып, абырой таппаймыз. Эмоцияға беріліп сөйлеу – қате. Мен жұмыс тобын құруды ұсынамын. Бизнес көшбасшылары, қауымдастық басшылары, өңірлердің бизнесі міндетті түрде қатыссын. Қазақстан – бұл тек Алматы мен Нұр-Сұлтан емес, бұл өңірлер, аудандар, ауылдық бизнес. Өңірлік бизнестің барысы ірі қалалардың күн тәртібіне сәйкес келе бермейді. Сондықтан біз ашық сөйлесіп, реформа мен ҰКП тағдырын талқылауға кірісуіміз керек», – деп үндеді кәсіпкерлерге Абылай Мырзахметов.
ҰКП басқарма төрағасы барлық жұмыс тұрақты есеппен және әлеуметтік желілерде тікелей трансляция арқылы ашық режимде жүргізілетінін атап өтті.
«Біз мүшелік жарналар, құрылым және басқару органдарына қатысты барлық түйткілді мәселені талқылаймыз. Кәсіпкерлердің барлық пікірін жинаймыз, кезектен тыс съезд шақырып, осы мәселелерге нүкте қоямыз. Тағы да айта кетейін, бұл ашық түрде ұйымдастырылады және әркім пікір білдіре алады», – деді Абылай Мырзахметов.
Ұлттық кәсіпкерлер палатасы WhatsApp желісінде +7 778 410 19 73 телефоны арқылы, сонымен қатар ҰКП-ның әлеуметтік желідегі ресми парақшаларында мүдделі тараптардан ұйым қызметін жақсартуға қатысты ұсыныстарын қабылдап жатыр. 2-3 апта ішінде жұмыс тобы бизнестің ҰКП-ны трансформациялау бойынша ұсыныстарын жинайды. Кейін ұйым қызметін жаңарту жөніндегі идеялар жинағы «Атамекен» ҚР ҰКП-ның кезектен тыс съезінің қарауына шығарылады. Съезд барлық рәсімді сақтай отырып, 2022 жылдың наурызында шақырылуы мүмкін.
Съезд Ұлттық палатаның жоғары органы ретінде басқару органдарының қызметін реформалау және құрамын жаңарту жөнінде түпкілікті шешімді қабылдайды. Сондай-ақ, «Атамекен» Мемлекетік басшысының 11 қаңтарда үкімет пен ҰКП-ға халықтың табысын арттыру бойынша берген тапсырмасын орындауға кірісіп кетті. Кедейлікпен күрес билік пен бизнес үшін басты міндет болып отыр.
«Атамекеннің» жұмыссыздық және өзін-өзі жұмыспен қамтуға қатысты (соның ішінде ауыл жастарымен) тәжірибесі бар. Палата бұл қызметті «Бастау Бизнес» жобасы аясында оқыту, микро несиелеу, сүйемелдеу экожүйесі арқылы атқарды.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: