«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ұлттық палата санитарлық дәрігерлер мен депутаттарды «Өз ісіне адалдығы үшін» медалімен марапаттады

2021 жылғы 14 Желтоқсан
5156 просмотров

Мемлекеттік органдардың өкілдері және Мәжіліс депутаттарына «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Өз ісіне адалдығы үшін» медалі табысталды. Бұл марапат кәсіпкерліктің дамуына үлес қосқан тұлғаларға Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай берілді.

Марапаттау салтанатында Ұлттық палата басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нариман Әбілшайықов екі жыл ішінде кәсіпкерлер коронавирус пандемиясының салдарынан қиын жағдайға тап болғанын, алайда бірлескен жұмыстың арқасында бизнестің қызметі қалпына келтірілгенін атап өтті.

«Бүгінгі марапаттау салтанатына кәсіпкерлеріміздің жұмысына және күнделікті проблемаларымызды шешуге атсалысқан мемлекеттік органдардың өкілдері қатысып отыр. Бұл – біздің ғана шешіміміз емес, бұл кәсіпкерлердің шешімі. Кәсіпкерлер қазір қиын жағдайда жұмыс істеп жатыр. Сіздердің еңбегіңіз орасан зор. Осындай кезеңде кәсіпкерлік үшін атқарып жатқан еңбегіңізге алғыс айтамыз», – деді Нариман Әбілшайықов.

III дәрежелі «Өз ісіне адалдығы үшін» медальдарымен денсаулық сақтау вице-министрі – бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Ерлан Қиясов, сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің өкілдері: комитет төрағасы Айжан Есмағамбетова, комитет төрағасының орынбасары Зәуре Ахметова, санитарлық-гигиеналық қадағалау басқармасының басшысы Марал Рахымжанова, көліктегі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Жанар Оразалина және Алматы қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті директорының орынбасары Сәдуақас Байғабылов марапатталды.

«Пандемия басталғаннан бері алдымен халық денсаулығы, сондай-ақ еліміздегі барлық саланың қызметінің жалғасуын, әсіресе бизнес климатты сақтап қалуға тырыстық. Ashyq жобасын ТМД елдерінің ішінде алғашқылардың бірі болып енгіздік. Кәсіпкерлер соның арқасында жұмысын жалғастырды. Мұны іске асыру үшін Цифрлық даму министрлігі және Ұлттық палатамен тығыз әрекет еттік. Пандемия әлі жалғасып жатқанына қарамастан, бизнестің барлық саласы жұмыс істеп тұр. Еліміздің экономикалық көрсеткіші өсіп келеді. Сондықтан қабылдаған шаралар қазіргі эпидемиологиялық жағдайда қолайлы болып отыр. Алдымызда әлі талай жұмыс тұр. Тек сындарлы диалог арқылы жақсы нәтиже көрсете аламыз», – деді Айжан Есмағамбетова.

Сонымен қатар, Ұлттық палата өкілі Тәуелсіздік жылдарында елімізде 1 млн 300 мың кәсіпкерлік субъекті ашылғанын айтты. Бизнестің дамуына мемлекеттік органдар және заңнамалық деңгейде алға жылжуына депутаттар белсене атсалысады.

«Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде Тәуелсіздік жылдарында 9,5 млн адам дүниеге келгенін атап өтті. Бұл әрбір екінші қазақстандық Тәуелсіздік жылдарында дүниеге келгенін білдіреді. Осы жылдары 1 млн 300 мың кәсіпкерлік субъекті ашылды. Олар 4,5 млн адамды жұмыспен қамтып отыр. Бұл жерде кәсіпкерлеріміздің жұмысының жүруіне сіздер тікелей үлес қостыңыздар дегім келеді. Бұл Ұлттық палатаның ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары және мемлекеттік органдардың қызметкерлерімен тығыз байланысының нәтижесі екенін атап өту керек», – деді Ұлттық палата өкілі.

Пандемия кезінде бизнестің жұмыс істеуі үшін Ashyq жобасы қолға алынған болатын. Соның арқасында кәсіпкерлер жеңілдетілген шарттармен қызмет етті. Ұлттық палата қосымша жасауға үлес қосқан цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысов және аталған ведомство басшысының кеңесшісі Әсел Молдабекованы марапаттады.

Сондай-ақ, Ұлттық палатанының ІІІ дәрежелі «Өз ісіне адалдығы үшін» медалі кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі кеңес мүшелеріне табысталды. Марапаттарды Жоғарғы соттың экс-судьясы Амангелді Сәрсенбаев, Парламент Мәжілісінің депутаты Дүйсенбай Тұрғанов алды, II дәрежелі медальді Парламент Мәжілісінің экс-депутаты Айгүл Соловьеваға табыс етілді. Сонымен қатар, ҚР Парламенті Мәжілісі VII шақырылымының депутаты, Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі Адамбаев Сырым Жұматайұлы ІІ дәрежелі «Өз ісіне адалдығы үшін» медалімен марапатталды.

«Болашақта біз өткен 30 жылға қарағанда бұдан да жоғары экономикалық нәтижелерге қол жеткізетінімізге сенімдімін. Кеңес жұмысына қатыса отырып, кәсіпкерлерді алаңдататын өзекті мәселелер шығарылғанына таңғалдым. Күн тәртібінде қызықсыз немесе қажетсіз деп атайтын бірде-бір адам болған жоқ. Отставкадағы судья бола отырып, кеңестің берген бағыттары судьялар мен құқық қорғау органдарының практикалық жұмысында қолданылуы мүмкін, өйткені онда заңдар сауатты жүйеленіп, олардың қолданылуы түсіндіріледі», – деп бөлісті Амангелді Сәрсенбаев.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер