«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Елордада алғаш рет рестораторлар форумы өтті

2021 жылғы 14 Желтоқсан
4777 просмотров

Елордада Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған  «RESTO-2021» рестораторлардың алғашқы халықаралық форумы өтті.

Екі күн бойы Қазақстан мен Ресейдің тамақтану саласындағы үздік спикерлері сарапшылық пікірін білдіріп, тәжірибелерін ортаға салды, мейрамхана индустриясының дамуына қатысты болжам жасады.

 Форумға қатысушылар ашық диалог режимінде спикерлерге өздері үшін өзекті сұрақтар қойды, сонымен қатар білікті сарапшылардан бизнесті жүргізуге қатысты құнды кеңестер алды.

 Форум барысында сарапшылар қоғамдық тамақтану саласындағы бірқатар проблеманы көтерді. Соның бірі – бірінші қажеттіліктегі азық-түлік бағасының қамбаттауы. Тұтынушылық белсенділікті сақтау үшін тамақтану нарығы бағаны ұстап тұр. Бірақ бұл қиын, өйткені пандемия кезінде шектеулерге байланысты сала шығынға ұшырады. Азық-түлік бағасының өсуі бүкіл мейрамхана нарығындағы бағаның өсуіне әкелуі мүмкін, деп дабыл қағады рестораторлар.

«Биыл азық-түлік өнімдерінің қымбаттауы рекордтық көрсеткішке жетті. Біз бағаны қадағалап, мәзірді ауыстыруға үлгермей жатырмыз. Егер азық-түлік бағасы 20-30%-ға  өссе, біз кірістің шамамен 50-60%-ын жоғалтамыз. Жаңа жылдан бастап мәзірдегі бағаларды қайта қарастырамыз. Тағамдар сапасы мен порция мөлшерін сақтау үшін осындай шараға баруға мәжбүрміз», – деп атап өтті ҚР қоғамдық тамақтану қауымдастығының негізін қалаушы, Lanzhou тез тамақтану мейрамханалары халықаралық желісінің негізін қалаушы Гүлбану Майғарина.

Қазақстан мен Ресейде болашақ аспаздар мен қоғамдық тамақтануда басқа да мамандарды даярлау мәселелерінде қатысты ұқсас проблемалар бар. Мысалы, білім беру колледждерінің нақты сектордан, яғни жұмыс берушілерден алшақ болуы – дейді сарапшылар. Сергей Мироновтың айтуынша, Қазақстанға қоғамдық тамақтану кәсіпорындары үшін қосылған құн салығын алып тастау бойынша Ресейдің тәжірибесін зерделеу қажет. Спикердің айтуынша, осылайша бизнесті ашық  жүргізуге мүмкіндік жасалады.

«Егер мейрамханалар салық салудың жалпы жүйесіне – 20% қосымша құн салығын төлеуге көшсе, онда рестораторларға қиын болады, тіпті ҚҚС ставкасы 12% болса да ауыр тиеді. Түсіндіріп өтейін, өйткені Ресейде де, Қазақстанда да мейрамханаларға кірме ҚҚС жоқ, есептеуге негіз болмай қалады. Нәтижесінде сіз табысқа салық төлеген кезде, қызметкерлерге еңбекақы төлеген кезде, өкінішке қарай экономикаңыздан ештеңе қалмайды, бұл саланың ерекшелігі сондай. Ұзақ келіссөздер нәтижесінде біз Ресейде бұл мәселені шеше алдық. Келер жылдың 1 қаңтарынан бастап табысы 2 млрд рубльге дейінгі мейрамханаларға ҚҚС қолданылмайды, оның ставкасы 0-ге тең болады. Мұндай жеңілдік ашық жұмыс істеуге мұмкіндік береді. Қол астыңда 5 түрлі мейрамхана болған кезде 5 заңды тұлға тіркеп, мемлекет қашан саған көңіл бөледі деп күтудің қажеті жоқ. Оларды біріктіріп, асхана фабрикасын құрып, адал бизнес жүргізуге болады», – деді Сергей Миронов.

Мейрамхана бизнесі іскерлік ахуалды өзгертуге және бақылау-қадағалау органдарының қызметін қайта қарауға мұқтаж. Қазір мекемелерге көптеген талап қойылады, оның ішінде ұсынылатын қызметтердің сапасына мүлде әсер етпейтін талаптар бар – дейді сарапшылар. «RESTO-2021» ұйымдастырушыларының айтуынша, осындай күрделі кезеңде мемлекетпен тиімді диалог құру қажет, өйткені шектеу шараларымен қатар бизнеске қолдау шараларын алу өте маңызды.

«Пандемия кезінде қоғамдық тамақтану саласы қатты зардап шекті. Пандемияға дейін ҚР аумағында қоғамдық тамақтану саласында шамамен 90 мың объект жұмыс істеді. Карантин кезінде 35 мың нысан жабылып немесе жабылу алдында тұр. Біз келешекте көп нәрсені ескеруіміз керек, белгісіздік жағдайында жұмыс істеуді үйренуіміз керек және әрине, біз нарық қатысушыларына пандемия сабақтарын ескеруге көмектесуіміз керек», – деді қоғамдық тамақтану қауымдастығы төрағасының кеңесшісі Вероника Нұрпейісова.

«Қазіргі кезде бизнесті жүргізу қағидаларын оңайлату бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Заң жобасы әзірлену үстінде, оған сәйкес мемлекеттік органдар бизнес жұмысына қазақстандықтардың денсаулығына, экология мен құқықтық тәртіпке қауіп төнген жағдайда ғана араласа алады. Бірақ егер мұндай тәуекелдер болмаса, кәсіпкерлік жүргізу еркіндігіне кепілдік берілуі тиіс», – деді Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов.

Рестораторлардың алғашқы форумының демеушілері қатарында MULINO Pizza Romano мейрамханасы, «Турандот» қытай асханасының мейрамханасы, «Arba Wine» жеке өндірістегі жүзімнен шарап өндіруге маманданған компания, «Fazenda» мейрамханасы, «Monte Bianco» еуропалық мейрамханасы, Qazaq Gourmet жоғары қазақ тағамдарының мейрамханасы, Sheraton Nur-Sultan Hotel бар. Форумның бас демеушісі – Lanzhou тез тамақтану мейрамханаларының халықаралық желісі.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер