ШҚО-да кәсіпкер бір жарым жыл бойы жер учаскесін ала алмай келеді
Жеке кәсіпкер Жандос Жеңісов 2019 жылы мемлекеттік бағдарлама бойынша грант ұтып алып, кафе ашу үшін ғимаратты жалға алды.
2020 жылдың сәуірінде әкімдікке барып, жеке объект салу үшін жер беру туралы өтініш берді. Бірақ аукцион өткізу қажеттілігіне байланысты оның өтінімі кері қайтарылды. Алдағы 90 күн ішінде, жер заңнамасына сәйкес, сұралған учаскені сауда-саттыққа шығару қажет болды, бірақ жергілікті атқарушы орган аукционды ұйымдастырмады. 2021 жылы Көкпекті ауданында бірде-бір аукцион өткізілген жоқ.
Келесі жарты жылда бизнесмен әкімдікке тағы да бірнеше рет жүгінген, бірақ әрекеті сәтсіз болды. 2021 жылғы ақпанда ол жергілікті атқарушы органдарға тағы бір жазбаша өтініш жолдады, оған сұралып отырған жер учаскесінде объектілер салу мүмкін емес, өйткені бұл Көкпекті ауылының бас жоспарында көзделмегені туралы жауап берілді.
Осы мәселемен Жандос ШҚО кәсіпкерлер палатасы көмегіне жүгінді. Заңгерлер мәселемен танысқан соң 2021 жылғы тамызда мәселе Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырысына шығарылды. Сол кезде жер комиссиясының төрағасы Көкпекті ауданы әкімінің орынбасары Дәурен Қойгелдин алдағы екі ай ішінде барлық һткізілмеген лоттар бойынша сауда-саттық жарияланатынына уәде берді.
«Жеңісов Ж.» жеке кәсіпкерлігіне келетін болсақ, Көкпекті ауылының бас жоспарын түзету бюджет қаражатының жетіспеуі себепті жүргізілмей жатыр. Қаражат берілген соң жергілікті атқарушы органдар бірден тиісті түзету енгізеді. Сонымен қатар, әкімдік кәсіпкерге таңдауға екі балама жер учаскесін дайындап қойды және біз бұл мәселені жақын арада жабамыз», – деп сендірді Дәурен Қойгелдин.
Бүгінгі күні үміткерлердің жер алуға өтініштері қаралып, байқау жарияланды. Бірақ Көкпекті ауданында аукцион өткізілген жоқ. Осыған байланысты, ШҚО бойынша кәсіпкерлер құқығы жөніндегі уәкіл Әлия Мұқашева аудан әкіміне жеке өтініш білдіріп, аталған мәселеге кешенді түрде қарауды ұсынды. Бизнес-омбудсменнің өкілі ШҚО Кәсіпкерлер палатасының Көкпекті аудандық филиалының алаңында филиал директоры, аудан әкімінің орынбасары, Сәулет және қала құрылысы бөлімі, жер қатынастары бөлімінің басшылары, жер инспекторы, «Жеңісов Ж.» жеке кәсіпкерлігінің өкілі Толқын Сапарованың қатысуымен кездесу ұйымдастырды.
Кездесуге қатысушылар Көкпекті ауылының бас жоспарын мұқият қарады, оның ішінен Жандос Жеңісов сұраған учаске жеке тұрғын үй құрылысына ғана бөлінуі мүмкін екені белгілі болды. Жалпы, Бас жоспарға өтініш беруші күрделі құрылыспен айналысуға ниет білдірген жағдайда ғана сүйену керек. Алайда бизнесмен өкілі Толқын Сапарова жеңіл алмалы-салмалы конструкцияға жер алуға келісім білдірді.
«Жер кодексіне сәйкес жеңіл алмалы-салмалы конструкцияға бос жер учаскесін 10 жылға жалға беруге, ал мерзім аяқталғаннан кейін келісімшартты ұзартуға болады. Толқын Сапароваға бұл нұсқаға келісті. Осыны ескере отырып, оған карта бойынша бірнеше нұсқа ұсынылдыү Кәсіпкерлік өкілі көпшілікке қолжетімді жақсы жер – мектеп, дене шынықтыру-сауықтыру кешені жанында орналасқан «Молодежный» паркіндегі учаскені таңдады, биыл онда бассейн салынады», – деді Әлия Мұқашева.
Осылайша, мемлекеттік қызметкерлер, қоғам белсенділері «Жеңісов Ж.» ЖК өкіліне таңдалған жер учаскесі берілетіні туралы ауызша келісімге келді. Толқын Сапарова бизнес-омбудсмен өкілінің қолдауымен келесі кезеңдерден жедел өтті: жер учаскесінің көшірмесін және сәулет және қала құрылысы бөлімінің сауда-саттыққа шығарылуы мүмкін деген қорытындысын алды. Өз кезегінде әкімнің орынбасары Дәурен Қойгелдин жергелікті атқарушы органдар аукционды өткізуге қаржы іздестіргенін, оны жариялау және өткізу ғана қалғанын жеткізді.
Кәсіпкерлер өз құқығын қорғау үшін ШҚО Кәсіпкерлер палатасының аудандық және қалалық филиалдарына, Өскемен қаласы, Әуезов даңғылы, 26/1, 2-қабат, 12-кабинет мекенжайы бойынша Өңірлік филиалға, тел.: 8 (7232) 742-103, 742-104, сондай-ақ ШҚО бойынша бизнес-омбудсменнің өкіліне тел.: 8-705-521-66-62 хабарласа алады.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: