«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ақтөбеде «Жас кәсіпкер» жас кәсіпкерлер форумы өтті

2021 жылғы 09 Желтоқсан
- Ақтөбе облысы
9829 просмотров

Ақтөбеде кезекті рет ауқымды бизнес шара өтті. Қалалық кәсіпкерлік басқармасы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, жас кәсіпкерлер форумын өткізді. Жүзден астам қатысушы, олардың ішінде стартаперлер мен жұмыс істеп жатқан бизнесмендер тәжірибе және идеялармен алмасты, ал спикерлер ең өзекті сұрақтарға жауап берді.

 Ақтөбе өңірінде жастар бизнесі қалай дамығаны жайында қала әкімінің орынбасары Сергей Ли айтты. Спикердің айтуынша, жастар арасында кәсіпкерлік салаға деген қызығушылық артып келеді. Оның пікірінше, жастарды дұрыс құрылған және мақсатты мемлекеттік қолдау арқылы шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуды жандандыруға болады. Мұндай шара өз кезегінде экономикалық өсуге және өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға жол ашады.

«Тұрақты әлеуметтік-экономикалық жағдай арқылы қаламыздағы шағын және орта бизнес даму қарқынын сақтап, нарықтық экономиканың ілгерілеуіне оң әсер етті. Бүгінгі таңда жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің жалпы саны 42,4 мың бірлікті немесе өткен жылдың сәйкес кезеңіне 105,7% құрады, оның ішінде жастар – 9,8 мың бірлікті, өсім 2,4%-ды құрады. Шағын және орта бизнесті дамытудың басты шарттарының бірі – мемлекет пен қаржы институттары тарапынан қаржылық-несиелік қолдау.  Осы жылы барлық көздерден жаппай кәсіпкерлікті дамытуды қолдауға 16,2 млрд теңге қарастырылған, мемлекеттік қолдау шараларымен 4 мыңға жуық кәсіпкерді қамту жоспарлануда. Биыл «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы бойынша жас кәсіпкерлерге мемлекеттік грант ұсыну мақсатында 140 млн теңге бөлінді. Осы қаражат аясында қаланың 8 жас кәсіпкеріне 5 млн теңгеге дейін грант берілді», – деп атап өтті қала әкімінің орынбасары.

 Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Сұлупан Шынтасова бизнес жолын таңдаған қыз-жігіттерге тілек айтып, жастар іске асырған бизнес-жобалар басқаларға үлгі болатынын атап өтті.

 «Жас бизнесмендер, сіздерге басқа жастар қарап, үлгі алады. Бір-бірінен жақсы үлгі алу үдерісі өте маңызды. Ақтөбе облысында кәсіпкерлердің жаңа буыны өсуі келешекте өңір гүлденетініне үміт сыйлайды. Тек Ақтөбе қаласы бойынша биыл «Бастау Бизнес» жобасы аясында 90 қыз-жігіт кәсіпкерлік негіздеріне оқыды. Оқыту нәтижелері бойынша жастар арасынан 61 адам жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттен гранттар алды. Микронесиені 21 жас кәсіпкер алды. «Бастау» жобасын іске асыру жылдарында біз облыстың 11 мыңға жуық тұрғынын оқыттық, олардың жартысы өз кәсібін ұйымдастыра отырып, кәсіпкерлер қатарын толықтырды. Бүгінде сіздердің барлық бастамаларыңыз қолдау табуда. Кәсіпкерлер палатасы кеңес беру және сүйемелдеу, сондай-ақ заң көмегін тегін көрсетеді», – деді Өңірлік палата директоры.

 Шара аясында жас кәсіпкерлердің өндірген өнімдері мен қызметтерінің көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге облыс аудандарынан бастаулықтар келгені қуантты.

 Мысалы, Шалқар ауданының тұрғыны 27 жасар Тұрсынгүл Алдиярова 2020 жылғы «Бастау Бизнес» жобасының түлегі. 200 АЕК грант қаражатына өнеркәсіптік тігін машиналарын сатып алып, өз ісін табысты дамытып отыр.

 «Қолдау арқылы мен жабдықты жаңарттым, осылайша сапа артты, тігуге кететін уақыт азайды. Бүгінде мен әлеуетімді кеңейтіп, Ақтөбе қаласында шағын ателье аштым. Бұған дейін мектептер, балабақшаларға киім тіктім. Бүгін Ақтөбеде салтанатты шаралар үшін киім-кешек, концерттік қойылымдарға ұжымдық тапсырыстар түседі. Әзірге ательеге арналған орынажйды жалдап отырмын. 5 млн теңгеге дейін грант байқауына қатысу үшін бизнес-жоба дайындап жатырмын. Бұл форум өзіңді көрсетуге, визиткалармен алмасуға және одан әрі даму мәселелері бойынша сарапшылардан кеңес алуға мүмкіндік берді», – дейді Тұрсынгүл.

 Форумның тағы бір қатысушысы, «Бастау Бизнес» түлегі Айнұр Есеналиева еттен жасалған жартылай дайын өнімдер мен кондитерлік өнімдерді әзірлейді. Оның басты артықшылығы – ет чипсыларын өндіру. Келешекте ол өнімді қаптап, жеке брендпен өткізуді жоспарлайды. Жоба бойынша 500 мың теңге грант алды. Биыл 3 млн теңге мемлекеттік грантты иеленді. Енді үлкен цех салуды жоспарлап отыр. Жеке дүкені бар.

 «Форумның негізгі міндеті – жастарды кәсіпкерлік қызметке тарту. Біз жұмыс істеп жатқан және кәсіпті енді бастаған кәсіпкерлердің біліктілігін шеберлік сабақтары мен бизнес-тренингтер көмегімен арттыру әбден мүмкін деп санаймыз. Сонымен қатар, Форум жас кәсіпкерлердің мемлекеттік билік органдары, қаржы институттары және бизнес өкілдерімен қарым-қатынасын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті форум ұйымдастырушысы, Ақтөбе қаласының кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Асқар Көкеев.

 Форумға қатысушылар сертификаттар мен естелік сыйлықтар алды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер