Агроөнеркәсіп кешенін дамыту тұжырымдамасына ұсыныстар қабылданады
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алаңында Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы талқыланды. Кәсіпкерлер тарапынан 70-тен аса ұсыныс түсті.
Жиынға 60-тан аса адам қатысты, олардың ішінде қауымдастықтар, мемлекеттік органдар, Өңірлік кеңес, фермерлер, АӨК өкілдері бар.
Ауыл шаруашылығының вице-министрі Рүстем Құрманов АӨК дамыту тұжырымдамасының жобасын таныстырды.
«Тұжырымдамада елдің 2025 жылға дейінгі дамуының ұлттық жоспарының мақсаттары мен міндеттері жинақталды. Сондай-ақ, АӨК дамытудағы әлемдік трендтер және алдыңғы мемлекеттік салалық бағдарламаларды іске асыру қорытындылары ескерілді. Тұжырымдама қазіргі ахуалды талдау, саладағы проблемаларды, халықаралық тәжірибені шолу, саланы дамыту, күтілетін нәтижелерді, сондай-ақ тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын қамтиды», – деп таныстырды вице-министр.
Тұжырымдама жобасында мынадай негізгі міндеттер айқындалған:
- азық-түлік тауарларымен (оның ішінде әлеуметтік маңызы бар) қамтамасыз етілу деңгейін жыл сайын кемінде 80% сақтау;
- агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспортын 3 есе ұлғайту;
- ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін 3 есе арттыру;
- ауыл, орман және балық шаруашылығындағы қадағаланбайтын (көлеңкелі) экономиканың үлесін 0,5% қамтамасыз ету;
- АӨК-ке инвестициялар ағынын 4 есе ұлғайту.
Талқылау барысында салалық ведомство өкіліне көптеген сұрақ қойылды. Кәсіпкерлер өз ұсынысын жеткізді.
Фермерлер одағының басшысы Жигули Дайрабаев әрбір ауданның қолда бар мүмкіндігі мен әлеуетінің негізінде ауыл, ауданның ауыл шаруашылығын дамытудың 2022-2027 жылдарға арналған бағдарламасының жобасын әзірлеуді ұсынады.
«Ол арқылы әр ауданның мамандануын, оның табиғи мүмкіншілігін (аудан, құнарлылық, шөп, су – авт.), мамандардың сапасын және тағы басқаны дамытуға болады. Мысалы, аудан мал шаруашылығын дамыту талаптарына сәйкес келмесе, басқа өндіріспен айналысуға кеңес берген жөн», – деді ол.
Жигули Дайрабаев биыл Маңғыстау мен Қызылордада құрғақшылықтан мал қырылған кезде еске алып, бұл өңірлерде қара мал ұстау қисынсыз, ал түйе бағуға қолайлы деген мысалмен түсіндірді.
Қостанай облысының «Зуевка» ЖШС директоры Александр Бородин соңғы уақытта барлық шығыс материалының қатты қымбаттағанын атап өтті.
«Мысалы, аммофостың тоннасы 120-дан 300 мың теңгеге дейін көтерілді. Жеке несие алу кезінде ауыл шаруашылығы мүлкі төмен бағаланады. Көбінесе мүлік нарықтық құнының 30-40%-ына ғана бағаланады», – деді ол.
Қостанайлық фермерлер Qoldau АЖ ауыл шаруашылығының қолданыстағы космомониторингін сынады. Көбінесе спутник ондағы болып жатқан нақты жағдайды ажырата алмайды және тиімді анықтай алмайды.
«Родина» басшысы Иван Сауэр фермерлік еңбектің төмен бағалауына мысал келтірді.
«Кеңес заманында бір СК-5 комбайнын сатып алу үшін мемлекетке бар болғаны 22 тонна сүт тапсыру керек болған. Ал қазір Есіл-740 қостанайлық комбайнын сатып алу үшін нарыққа 250 тоннаға жуық сүт сату керек», – деді Иван Сауэр.
«Шығыс-Сүт» ЖШС директоры Сейілжан Сайлаубаев ауыл шаруашылығы кооперациясына тоқталды. Ауыл шаруашылығы министрлігі кооперация үшін тек жеке қосалқы шаруашылықтарды біріктіру қажет деп ойласа, қате пікір қалыптасатынын атап өтті.
Алматы облысындағы жеке кәсіпкер Александр Хильниченконың айтуынша, тұжырымдамада адами капиталға назар аудару қажеттігін алға тартты. Өйткені бүгінде ауыл халқы қалаға көшіп жатыр. Адами капиталсыз ауыл шаруашылығында жұмыс істеу мүмкін емес.
Несиелік серіктестіктер қауымдастығының төрайымы Альмира Сағатова Тұжырымдама жобасында несиелік серіктестіктер мен кооперативтердің қатысуымен Кооперативтік ауыл шаруашылығы банкін құру ұсынылғанын атап өтті. Ал АШМ бұл бастаманы салалық мекемемен талқыламаған.
Кәсіпкер Сергей Терещенко тұжырымдамаға қатысты пікір білдірді.
«Саланы дамыту бағдарламасының басты мақсаты ауылда жұмыс істеуге дайын жастарды ынталандыру болуы тиіс. Атап айтқанда, оларды енді совхоздар мен колхоздарға апаруға болмайды деген түсінік бар. Бірақ, әр кезеңде әр өндірушіге жағдай жасайтындау болу керек. Біреуі шикізат өндіруі керек, екіншісі оны өңдеуі керек, үшіншісі сатуы керек. Әрқайсының қызметін нақты бөлу және пайданы бөлудің ашық механизмі бар ынтымақтастық көмектесе алады. Тек жастардың энергиясы ғана салаға жаңа серпін бере алады. Жастардың энергиясымен тың жерлерді көтеріп, жаңа зауыттар салынған болатын», – деп бөлісті Сергей Терещенко.
Сонымен қатар, «Амангелді» ЖШС басшысы Нұрлан Құралов бағбандарға көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге несие беру қажет деген мәселені көтерді.
Қазақстан қой өсірушілер ұлттық қауымдастығының төрағасы Алмазбек Садырбаев Тұжырымдама жобасында су мәселесі көрсетілмегенін атап өтті. Ол қой шаруашылығы бойынша Жол картасын әзірлеуді және жер учаскелеріне шартты пай мәселесін тұжырымдамаға енгізу қажеттігін айтты. Себебі жеке қосалқы шаруашылықтарды субсидиялау үшін қаражат көлемі есептелмегенін атап, бюджеттің шектеулі болуына байланысты жеке қосалқы шаруашылықтарды субсидиялау үшін ақша жетпей қалуы мүмкін екенін жеткізді.
Ауыл шаруашылығының мамандары Тұжырымдама жобасын әзірлегенде бизнесті бағдарламалық құжаттарды әзірлеуге бастапқы кезеңде қосып, кәсіпкерлердің позициясын ескеруді ұсынды.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: