Ақтауда әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы ашылды
Бүгін Ақтау қаласында әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы ашылды.
Ол Ынтымақтастық қорының, Ұлттық экономика министрлігінің, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының әріптестігі аясында еліміздің барлық өңірлік орталығы мен республикалық маңызы бар қалаларда ашылатын 17 орталықтың үшіншісі болды. Бастама Азия Даму Банкінің (АДБ) қаражаты есебінен қаржыландырылады және оны Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы жүзеге асырады.
Ұлттық статистика деректері бойынша Қазақстанда әйелдер басқаратын кәсіпорындардың үлесі 42,3%-ды құрайды. Олардың көпшілігі – осы саладағы жұмыс орындарының 31,4%-ын қамтамасыз ететін шағын және орта бизнес. Бұл ретте, әйелдер бизнесі басым салалар негізінен табыстылықтың орташа деңгейімен сипатталады.
«Қазақстанда, әлемнің көптеген еліндегідей, әйелдер бизнесін ашу және дамыту кезінде әлі де белгілі бір кедергілерге тап болады. Олардың арасында формальды қаржылық тетіктерге, ақпаратқа, қызметтерге, нетворкингке қол жеткізу мүмкін болмай жатады. Гендерлік стереотиптер, оның ішінде үй міндеттерін және отбасы мүшелеріне күтім жасау бойынша міндеттерді бөлуге байланысты стереотиптер, сондай-ақ әлеуметтік инфрақұрылымның жеткіліксіз дамуы әйелдердің кәсіпкерлікке тартылу деңгейіне де әсер етеді», – деп атап өтті «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нариман Әбілшайықов.
Орталықтар кәсіпкер әйелдерді қаржылай емес қолдау алаңына айналады. Онда оларға стартаптарды іске қосу, жұмыс істеп тұрған бизнесті одан әрі кеңейту және дамыту үшін бірқатар қызмет көрсетіледі, сондай-ақ оқытуды ұйымдастырады.
Орталықтар әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға, оқыту, кооперация және қажетті құзыреттерді қалыптастыру арқылы олардың экономикалық белсенділігін ынталандыруға, сондай-ақ бизнесті қолдау бағдарламалары аясында жеңілдікті кредиттер мен гранттар беруге, әйелдердің жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етуге, әйелдер мен олардың ұйымдары өндірген тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді өткізу нарықтарын дамытуға ықпал ететін болады.
«Әйелдер кәсіпкерлігін дамытуды қолдау әйелдердің құқығы мен мүмкіндіктерін кеңейтуге, теңсіздікті азайтуға, сондай-ақ халықтың әлеуетіне сүйене отырып, тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге ықпал етіп неғұрлым тұрақты экономикалық өсуге септігін тигізетін болады. Біз бұл бастаманы Қазақстанның түкпір-түкпірінде қолдауға қуаныштымыз», – деп атап өтті БҰҰ ДБ-ның Қазақстандағы тұрақты өкілінің орынбасары Виталий Времиш.
«Экономикалық құлдырауға әкелген короновирус пандемиясы көбінесе әйелдерге қатты әсер етті. Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтарын құрy әйелдерге өз бизнесін дамытуға, жаңа мамандықтарды игеріп, көшбасшылық әлеуетін жүзеге асыруға көмектесетініне сенімдіміз», —деді АДБ Қазақстандағы директоры Нариман Маннапбеков.
Маңғыстау облысы іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Сәуле Салихова өңірінде соңғы 5 жылда іскер әйелдер кеңесінің белсенді жұмысының арқасында кәсіпкер әйелдердің саны 42%-ға өскенін жеткізді.
«Осы жылдар ішінде әйелдер кәсіпкерлігі саласында 6 салалық қауымдастық құрылып, ALTYN OIMAQ ұлттық жобасы ретінде енгізілді және «Аңыз Тұлға» ұлттық қолөнерін сақтау бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Пилоттық режимде жақын арада «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасы басталады. Сондықтан әйелдер кәсіпкерлігін қолдаудың осы ресурстық орталығының ашылуы дер кезінде қолға алынған шара. Әйелдер кәсіпкерлігі Маңғыстау өңірін дамыту үшін үлкен әлеуетке ие, сондықтан да дәл осындай алаң қажет, оның ішінде Үкіметпен, жұмыс берушілер және қызметкерлер өкілдерімен, кәсіпкер әйелдер қауымдастықтарымен және басқа да мүдделі тараптармен әйел кәсіпкерлерге кедергі келтіретін шектеулерді жою үшін диалог жүргізу қажет»,— деді ол.
Сондай-ақ, «Атамекен» ҰКП Өңірлік даму департаментінің директоры Бауыржан Оразғалиев орталық қызметтерінің тізбесін санамалап берді.Олар: кеңес беру, орталықтарға жүгінетін әйелдердің проблемалары мен қажеттіліктерін анықтау екенін атап өтті.Бұл бағыттар бойынша кооперация, әлеуметтік кәсіпкерлікке оқытуды ұйымдастыру, қаржыландыру тартуға оқыту (краудфандинг, инвестициялар, гранттар, лизинг) қолға алынады. Бұдан басқа ШОБ және өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған жабдықтарды іріктеу туралы тауар өндірушілермен консультациялар ұйымдастырылмақ.
Даму әлеуетін анықтау үшін орталықтарға жүгінетін әйелдердің бизнес жағдайын сыртқы бағалауды ұйымдастыру, әлеуетті және сұранысты ескере отырып, бизнесті дамыту стратегиясын әзірлеуге жәрдемдесу көзделген. Сонымен қатар бизнестің тұрақтылығы, бизнесті кеңейту, тәуекел менеджменті және өнімді өткізу нарықтарын кеңейту, өнім ассортиментін кеңейту, бизнес-процестерді жетілдіру мәселелерінде менторлықпен қамтамасыз ету. Әйелдер кәсіпкерлігі өкілдерінің халықаралық жобаларға қатысуына жәрдемдесу қажет екенін де атап өтті.
Айта кетейік, алғашқы орталық Түркістанда, сонан соң Алматы және Маңғыстау облыстарында ашылды. 2022 жылы еліміздің барлық өңірінде ашу жоспарланып отыр.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: