Қырғыз делегациясы Ұлттық палатаның тәжірибесін зерделеуге келді
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының тәжірибесін зерделеу мақсатында Нұр-Сұлтанға Қырғызстаннан бір топ делегация келді. Оның құрамына Қырғыз Республикасының Еңбек, әлеуметтік қамсыздандыру және көші-қон министрлігінің және Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі Герман қоғамының (GIZ) өкілдері бар.
Қырғыз елінен келген мамандарды «Атамекен» ҰКП-ның білікті жұмысшы кадрларды даярлау саласындағы тәжірибесі, кәсіптік оқытудың дуалды жүйесі және халықтың бизнес-идеяларын қолдау аясында жүргізіп жатқан жұмыстары қызықтырды.
Кездесу барысында «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев кәсіпкерлікті дамыту мен қолдау, ісін жаңа бастаған кәсіпкердің практикалық білімі мен дағдыларын арттыру Ұлттық палатаның негізгі міндеттерінің бірі екенін атап өтті.
Сондай-ақ, Қырғыз Республикасының еңбек, әлеуметтік қамсыздандыру және көші-қон министрінің орынбасары Жылдыз Полотова қазақстандық тәжірибенің маңызды тұстарын атады.
«Қырғызстан мен Қазақстанның ұқсас тұстары өте көп. Біз – бауырлас халықпыз. Бізді қолдап, қонақжайлылық танытқандарыңыз үшін рақмет», – деді ол.
Кездесуде «Атамекен» ҰКП өкілдері қонақтарға «Бастау Бизнес» бағдарламасының артықшылықтары туралы егжей-тегжей айтып берді. Бұл жоба, ең алдымен, ауыл халқының экономикалық белсенділігін арттыру мақсатында қолға алынғаны аталды.
«Жоба жұмыссыздар және өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған азаматтар үшін арнайы әзірленген. «Бастау Бизнес» жұмыссыздарға өз бетінше табыс табуға тамаша мүмкіндік береді. Сондай-ақ, кәсіпкерлік жолына енді ғана қадам басқан адамдарға ісін кеңейтуге септігін тигізеді. Яғни, біз олардың қолына балық емес, балық аулайтын қармақ береміз. Бұл жоба басында пилоттық болатын, алғаш рет Маңғыстау облысында қолға алынған. Алайда тиімділігін дәлелдеді. Сондықтан 5 жылдан бері ел бойынша іске асырылып жатыр», – деді Олжас Ордабаев.
Ұлттық палата өкілі жоба қатысушыларының жасына шектеу қойылмайтынын айтып, 70 жастан асқан қарттың кәсіп ашқанын тілге тиек етті.
«Бұл жобаның ерекшелігі – адамдарға cенімділік пен рух береді. «Бастау Бизнес» жобасы аясында бизнес-жаттықтырушы «Қолыңыздан не келеді?» деп сұрағанда, «нан пісіре аламын» деп жауап берген қатысушы бар. Жасы жетпіс жастан асқан әже. Бүгінде әжей біздің қолдауымызбен туған ауылында наубайхана ашты. Бүкіл отбасын, ұлдары мен келіндерін жұмыспен қамтып отыр», – деді Олжас Ордабаев.
Сондай-ақ, спикерлер «Бастау Бизнес» жобасына қатысушыларды қаржыландыру шарттары, оқу орталығында қысқа мерзімді кәсіптік оқытуды ұйымдастыру және өткізу, кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, бизнес бастамаларды қолдау туралы айтып берді.
Бұдан бөлек Ұлттық палатаның Жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі департамент директоры Айдана Тоғызбаева «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жұмыспен қамту және қысқа мерзімді оқыту бағдарламасына тоқталды.
«Ақмола оқу-курстық комбинаты» ЖШС жанындағы ОО директоры Ринат Ернеев «Оқу орталығында қысқа мерзімді кәсіптік оқытуды ұйымдастыру және өткізу» тақырыбымен онлайн байланысқа шықты.
Адам капиталын дамыту мәселелері жөніндегі департамент директоры Азамат Бейсенбенов Ұлттық палатаның жұмысшы кадрларды даярлаудағы рөлі туралы айтып берді. Ал Жаппай кәсіпкерлік департаментінің директоры Анастасия Шандрыга «Еңбек» бағдарламасы аясында «Бастау Бизнес» жобасын іске асыру туралы сөйледі.
Микроқаржыландыру және жобаларды сүйемелдеу департаменті директорының орынбасары Ринат Кемешов кәсіпкерлерді қаржыландыру шарттарын таныстырды. Кәсіби бизнес-тренер Жұмагүл Мақашева кәсіпкерлік негіздерін оқыту және бастапқы бизнес-бастамаларды қолдау бойынша тәжірибесін бөлісті.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: