Алматы облысында кәсіпкерлердің бәсекеге қабілеттілігіне басымдық беріледі
Алматы облысының кәсіпкерлер палатасы мен ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті ынтымақтастық туралы уағдаласты. Ұйымдар арасында Кәсіпкерлердің құқығын қорғау мәселелері бойынша меморандум жасалды.
Құжатқа өңірлік палата директоры Ләззат Шыңғысбаева және департамент басшысы Ермек Камелев қол қойды.
Ермек Камелев «Атамекен» палатасына кездесуді ұйымдастырғаны үшін алғысын білдіріп, бизнестің жүйелі мәселелерін қарау және шешу үшін Тауар нарықтарына кіру кедергілерін анықтау жөніндегі кеңестің алаңын ұсынды.
«Біз Кеңес жұмысын қайта жандандырып, әкімшілік, экономикалық және өзге де кедергілерді анықтау және жою, сондай-ақ бәсекелі нарықтық экономиканы қалыптастыру мақсатында «Атамекен» және бизнес-қоғамдастықты тартып, белсенді түрде талқылауды жоспарлап отырмыз», – деді ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі облыстық департаментінің басшысы Ермек Камелев.
Кездесу барысында тараптар кәсіпкерлік саласадағы кедергілер және заң бұзушылықтарды анықтау бойынша бірлескен іс-шаралар өткізу туралы уағдаласты.
«Жақында біз қаланың көлік прокуратурасымен меморандумға қол қойдық. Прокуратура бизнес құқығын қорғау мәселелері бойынша біздің стратегиялық серіктесіміз болды. Бизнесмендердің көптеген мәселесі Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесте қарастырамыз. Сондықтан департаментпен ынтымақтастық орнату – тағы бір алаң болады, онда біз мәселелерді көтеріп, олардың шешімін пысықтай аламыз», – деп атап өтті Кәсіпкерлер палатасының басшысы Ләззат Шыңғысбаева.
Еске салайық, бұған дейін кәсіпкерлік субъектілерін құқықтық қорғауды күшейту мақсатында палата және көлік прокуратурасы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Сондай-ақ, Іле және Талғар аудандарында облыс прокуратурасымен бірлесіп, Алматы өңірі бизнесінің проблемалық мәселелерін тыңдау бойынша бірлескен кездесулер ұйымдастырылды.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: