«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бизнесті «таза парақтан» реттеу заң жобасы: кәсіпкерлік саласында не өзгереді

2021 жылғы 08 Қараша
1685 просмотров

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдың қыркүйегінде Қазақстан халқына Жолдауында реттеушілік саясаттың базалық қағидаттарын өзгерту арқылы «таза парақтан» реттеуді енгізуді тапсырды. Заң жобасы әзірленіп жатыр. Онда қандай жаңашылдық қарастырылған? Кәсіпкерлік саласын «таза парақтан» реттеудің бизнесмендер үшін пайдалы тұсы қандай? Осы және өзге де түйіткілді сұрақтарға Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Ербол Өстеміров жауап берді.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Ұлттық экономика министрлігі, сондай-ақ отандық және шетелдік сарапшылар бірлесіп, бизнес қызметінің жаңа реттеушілік саясаты бойынша заң жобасын әзірледі.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысының ҰКП съезінде берген тапсырмасына сәйкес, заң жобасын  2021 жылдың соңына дейін қабылдау жоспарланып отыр. Парламент Мәжілісінде бірінші оқылым 3 қарашада өтті.

Заңды қабылдау мемлекеттік реттеу үшін қағидаттар мен шеңберлерді белгілеуге мүмкіндік береді, реформаны іске асыру кейінгі 3 жыл ішінде бизнеске қойылатын талаптарды төмендегілерге сәйкес белгілеуге мүмкіндік береді:

  • енгізілетін реттеудің уәжі түсінікті болады;
  • іс жүзінде орындалады;
  • қолжетімді түрде беріледі;
  • олар цифрландырылған, ыңғайлы және ауыртпалықсыз (шығындарды есептеу нәтижелері бойынша) болу керек;
  • мемлекеттік жоспарлау құжаттарына сәйкес келеді;
  • мемлекеттік реттеудің қатаңдық деңгейі тәуекел деңгейіне байланысты болады.

«Осы шарттар орындалған жағдайда ғана жаңа талап енгізілуі мүмкін. Бір жаңа талап енгізілген кезде қолданыстағы екі талап жойылады. Бұл кәсіпкерлік субъектілері үшін әкімшілік шығындарды қысқартуға мүмкіндік береді», – деді Ұлттық палата өкілі.

Реттеуші апелляция институтын енгізу жоспарланған

Бизнес-омбудсмен мемлекеттік органдардың талаптарын қайта қарау бойынша барлық шағым мен ұсынысты жинайды. Бұл ұсыныстарды Ұлттық экономика министрлігі қарайды.

«Министрлік осы ұсыныстарды қарау қорытындылары бойынша кәсіпкерлік қызметті реттеу мәселелері жөніндегі сараптама тобының немесе ведомствоаралық комиссияның талқылауына реттегіш құралдың күшін жою не реттеушілік әсерді талдау рәсімін жүргізу арқылы оны қайта қарау мәселесін шығарады», – деді басқарма төрағасының орынбасары.

Реформа аясында мемлекеттік бақылау жүйесі жетілдіріледі

Жаңа тәсіл тек рұқсат беру талаптарына сәйкестігін тексеруді және нақты фактілер мен мән-жайлар бойынша тағайындалатын жоспардан тыс тексерулерді көздейді. Ерекше тәртіп бойынша жүргізілетін тексерулер  жойылады.

«Бұл ретте осы салаларда қауіпсіздікті қадағалау шараларымен қамтамасыз ету арқылы профилактикалық бақылауды күшейту – әкімшілік істерді қозғамай жедел ден қою шараларын қолдану (қауіпті қызметті тоқтата тұру, қауіпті өнімді алып қою және басқалары  – авт.) ұсынылады», – деді Ербол Өстеміров.

Тағы қандай өзгешелік болады?

  • Бақылаудың жаңа формасын енгізу – кәсіпкерлік субъектілерін заңсыз жауапкершілікке тарту мүмкіндігін болдырмай, шынайы заң бұзушыларды анықтауға мүмкіндік беретін тергеу;
  • Бақылаушы мемлекеттік органдар алдымен профилактикалық бақылауды нысанға бармай-ақ жүргізеді, содан кейін соның нәтижесі бойынша қажет болған жағдайда нысанға барып, бақылауды жүргізу міндетін бекіту;
  • Бақылау және қадағалау субъектілерін іріктеу кезінде тәуекелдерді бағалау мен басқаруды автоматтандыру жоспарланған және басқа ерекшеліктер қарастырылған.

Жұмыс қалай құрылады?

Ұлттық палата кәсіпкердің құқығын қорғап, ретсіз тексеруден босату үшін міндетті талаптардың тізілімін енгізуді ұсынады.

«Бұл бизнеске қойылатын барлық талаптың толық тізбесін қамтитын бірыңғай база болады. Сондай-ақ, ол кәсіпкерге бизнесті жүргізудің барлық құқықтық базасымен танысуға мүмкіндік береді. Егер талап тізілімде болса, онда ол бойынша мемлекеттік орган тексеруге және жазалауға құқылы. Егер тізілімде талап болмаса, онда жаза да жоқ», – деп түсіндірді Ұлттық палата өкілі.

Барлық реттеу массивін қайта қарауға 3 жыл керек

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап реттеуші «гильотина» іске қосылады. Яғни мемлекеттік реттеудің жаңа қағидаттарына жауап бермейтін талаптар заңсыз деп танылады.

«Талаптарды қайта қарау кәсіпкерлердің ең көп саны жұмыс істейтін 4 саладан бастады. Олардың жалпы санының 60%-дан астамы – сауда, ауыл шаруашылығы, қоғамдық тамақтандыру, көлік саласында қызмет етеді», – деді Ербол Өстеміров.

Талаптарды қайта қарау бойынша жұмыс: жұмыс көлемі үлкен, мерзімі қысқа

«Сондықтан заң қабылданғанға дейін біз пилоттық режимде қоғамдық тамақтандыру және тұру, сауда, АӨК және көлік қызметтері сияқты салаларда ревизия бастадық. Жұмысқа тәуелсіз сарапшылар мен салалық қауымдастықтар тартылған. Айта кету керек, қоғамдық тамақтандыру саласындағы талаптарды тексеру аяқталды», – деді басқарма төрағасының орынбасары.

Қалған салалар бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Жақын арада қорытындысы шығарылады.

2021 жылдың соңына дейінгі жоспар

Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін кәсіпкерлік саласындағы міндетті талаптар тізілімі жобасына енгізу үшін ауыл шаруашылығы, көлік, сауда, тұру салаларында міндетті талаптарды қалыптастыру жоспарланған.

«Сонымен қатар, кәсіпкерлік саласындағы міндетті талаптар тізілімі жобасының құрылымы мен архитектурасы бойынша ұсыныстар қалыптастыру қарастырылған. Салалық мемлекеттік органдардың қатысуымен жаңа реттеушілік саясатты енгізу мәселелері бойынша заң жобасына сәйкес түзетулер жобасын әзірлеу жоспарланып отыр», – деп түйіндеді Ербол Өстеміров.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер