«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

 Қарапайым заттар экономикасы: Жамбыл облысында 75 млрд теңгеге 177 жоба мақұлданды

2021 жылғы 28 Қазан
- Жамбыл облысы
5985 просмотров

Аймақтағы несие алған  ірі субъектілердің бірі – гофрирленген картон, қағаз және картон ыдыстарын өндірумен айналысатын «KazStoneBox» ЖШС компаниясы. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында Жамбыл облысының Кәсіпкерлер палатасы аталған компанияны толық сүйемелдеді.

«KazStoneBox» ЖШС Жамбыл облысының Байзақ ауданында орналасқан. Арнайы экологиялық гофрленген картон мен дайын қаптама шығарумен айналысады.

«Бүгінде гофротараны алудың баламалы тәсілдері өте өзекті болып отыр, сондықтан біз әктасты тастан қаптама тарасын дайындауға қызығушылық таныттық. Гофрленген картон өндірісі 75%-ға кальций карбонатынан және 25%-ға полимерлер қосылған уытты емес шайырдан тұрады. Гофрокартон өндірудің бұл технологиясы жаңа буынның озық технологияларын, ноу-хауды қолданған бірегей жоба. Посткеңестік кеңістікте аналогы жоқ», – дейді «KazStoneBox» ЖШС директоры Берік Үмітқалиев. ­­­­­­­­­­

Жоба индустрияландыру және инвестициялар саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Қытай жобаларының тізбесіне кіреді. Көлемін қырық тоннаға дейін ұлғайту мақсаты бар экологиялық таза өндіріс. 160 адамға дейін жаңа жұмыс орындарын құрып, жергілікті және республикалық бюджеттерге салық аударымдарын елеулі толықтырмақ ниетте.

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын жүзеге асыру аясында «Даму «Кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ 1,7 млрд теңгеге компанияның өтінімін мақұлдады. Өңірлік палата жобаны толық сүйемелдеді. Ақша жабдықтарды төлеуге, құрылыс және монтаждау жұмыстарына жұмсалды. Қазір минералды шикізатты ұсақтау және ұнтақтау желісі үшін ғимарат салу бойынша жұмыс жалғасып, шикізат пен дайын өнімге арналған қойма үй-жайлары салынып жатыр. Толық циклды зауытты 2022 жылдың басында іске қосуды жоспарлап отырмыз»,  – деп бөлісті зауыт директоры.

Зауыттың заманауи жабдықтары тұтынушылардың тапсырысы бойынша буып-түю ыдысының түр-түрін шығаруға мүмкіндік береді. Қазақстанда және көрші мемлекеттерде буып-түю материалдарының өткір тапшылығы өнімнің кепілді өткізілуін қамтамасыз етпек. Сондай-ақ, осы тауардың импортына тәуелділікті төмендетуге ықпал етеді.

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының арқасында 2019 жылдан бастап бүгінге дейін жамбылдық 177 компания жетпіс бес миллиардқа қаржылай қолдау алды. 3058 жұмыс орнын құру жоспарланған, ал салық төлемдері 20 млрд теңгеден асады деген болжам бар. Бұл туралы Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасының жобаларды сүйемелдеу бөлімінің сарапшысы Нағима Молдахметова айтты.

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына қатысты сұрақтар бойынша Жамбыл облысының кәсіпкерлер палатасына +7(7262) 555 913 - жобаларды қолдау бөліміне хабарласуыңызды сұраймыз. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер