«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бизнесті тікелей қолдаудан ынталандыруға ауысу керек – Тоқаев «Атамекен» мен Үкіметке бірқатар тапсырма жүктеді

2021 жылғы 28 Қыркүйек
1584 просмотров

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының онлайн форматта өткен VIII съезінде қатысты. Президент еліміздегі шағын және орта бизнес үлесін арттыру мен кәсіпкерлерді қолдау үшін Үкімет пен мемлекеттік органдар, Ұлттық палатаға алты нақты тапсырма берді.

Биыл да онлайн өткен съезге премьер-министр Асқар Мамин, «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев және басқарма мүшелері, республикалық және салалық қауымдастық төрағалары, мемлекеттік орган өкілдері, Өңірлік палаталар жанындағы кеңес мүшелері – жалпы 373 делегат қатысты.

Мемлекет басшысы кәсіпкерлер палатасы құрылған күннен бастап Үкіметтің сенімді серіктесіне айналғанын атап өтті.

«Бүгін біз сегіз жылда атқарылған жұмысты қорытындылап, мақсат-міндеттерімізді айқындаймыз. Кәсіпкерлер палатасы құрылған күннен бастап Үкіметтің сенімді серіктесіне айналды. Іргелі елімізді орнықты дамытуға зор үлес қосып келе жатыр. «Атамекен» Қазақстанда ғана емес, халықаралық деңгейде ұлттық бизнестің мүддесін тұрақты қорғап жүр. Бес жыл бұрын ішкі жалпы өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 24 пайыз болатын. Қазір 32 пайызға жетті. Бұл салада 3,5 миллион адам жұмыс істейді. Мұның бәрі – Үкімет пен «Атамекеннің» бірлескен тиімді жұмысының нәтижесі»,  – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент сегіз айдың қорытындысы бойынша ел экономикасы 3 пайызға өскенін атап, мемлекет бизнеске қолдау көрсетуді жалғастыратынын жеткізді. Сондай-ақ, пандемиядан шығудың бірден-бір жолы вакциналау екенін ескеріп, кәсіпкерлерге үндеу жасады.

«2022 жылы «Қарапайым заттар экономикасы» және «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында кем дегенде 1 триллион теңге бөлінеді. Мұндай қиын  кезеңде басты тапсырма – азаматтардың денсаулығын қорғау мен толық кәсіпкерлік белсенділік арасында баланс табу. Бұған тек жаппай вакциналау арқылы қол жеткізуге болады. Бүгін жағдайды пайдаланып, кәсіпкерлік қауымдастыққа, басшылар мен қызметкерлердің назарын мәселе еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне, экономиканы, азаматтардың табысын  қалпына келтіруге және жақындарымыздың денсаулығына қатысты болып отырғанына аударғым келеді», – деді Президент.  

Мемлекет басшысы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына алты негізгі тапсырма берді. Ең алдымен, «таза парақтан» реттеуді енгізу бойынша заң жобасын осы жылдың соңына дейін қабылдау керек.

«Бірінші, елімізге жаңа реттеу саясаты қажет. Қатаң реттеуден бизнестің іскерлік белсенділігін ынталандыруға, өзін-өзі реттеуге, сондай-ақ  snap regulation-ға ауысу межесі тұр. Менің тапсырмам бойынша Парламент Мәжілісіне «таза парақтан» реттеуді енгізу бойынша заң жобасы жіберілді. Негізгі жаңашылдық «one in two out» приниципі болмақ, яғни екі ескі талап жойылып, орнына жаңа бір талап енгізіледі. (...) Заң 2021 жылдың аяғына дейін қабылдануы керек. Заңға тәуелді барлық базаны 2023 жылдан бастап эко-қағидатты енгізуге дайындау керек. Бұл жұмысты Үкіметке Ұлттық палатамен тығыз ынтымақтастықта дайындауды сұраймын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы «заманауи кәсіпкерлік экожүйені құру деп» екінші тапсырманы атады. Ол мұның Үкімет пен «Атамекеннің» пандемиядан кейінгі кезеңде бірлескен негізгі басым бағыты болуы тиіс екенін атап өтті. Сонымен қатар, ШОБ-ты дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын қабылдауды тапсырды.

«Бизнесті тікелей қолдаудан кетіп, кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігі, тиімділігі мен өнімділігінде сапалы өзгерістерді ынталандыруға ауысу керек. Тек осылай ғана біз өңірде және өзіміздің ішкі нарықта бәсекеге қабілетті бола аламыз. Үкімет «Атамекенмен» бірлесіп, бизнесті тікелей, шын мәнісінде бағытсыз қолдау мен субсидиялаудан неғұрлым нарықтық құралдар мен тәсілдерге көшуді көздейтін шағын және орта бизнесті дамытудың жаңа стратегиясын әзірлеуі керек. Осы жылдың соңына дейін ШОБ-ты дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын қабылдауды тапсырамын», –  деді Президент.

Мемлекет басшысы қазақстандық өніммен қамтуды дамыту мемлекетіміздің экономикалық саясатының басым бағытының бірі саналатынын атап, өкінішке қарай ірі операторлардың сатып алуында отандық тауарлар көлемі өспей тұрғанын жеткізді. Оның айтуынша, «жыл соңына дейін ұзақ уақыт бойы жалғасып келе жатқан проблеманы жүйелі шешуге бағытталған «Өнеркәсіптік саясат туралы» заң қабылданады.

«Өндірісті орнықтыру үшін Үкімет импорттық жабдықтар мен компоненттердің маңызды түрлерінің тізімін жасады. (...) Ұлттық палата Үкіметпен бірлесіп, жаңа өнім шығаруды игеруге қабілетті отандық өндірушілердің пулын анықтауы тиіс.   Үкімет бұл мәселені инвесторлармен пысықтауға көмектеседі. Бұдан әрі елді одан әрі индустрияландырудың маңызды міндеттерінің бірі – отандық өнім өндіретін кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз ету. Сондықтан менің тапсырмам бойынша жыл соңына дейін осы байырғы проблеманы жүйелі шешуге бағытталған «Өнеркәсіптік саясат туралы» заң қабылданатын болады. Үкімет бұл мәселені реттеудің жедел тәсілдерін ұсынды. Енді нормативтік тұрғыдан және алдын ала бекітіп, іске асыру керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы еңбекақы төлеу қорынан бірыңғай төлемді енгізу механизмін енді өзін-өзі жұмыспен қамтыған және жеке кәсіпкерлер арасында қолдану мүмкіндігін қарастыру қажеттігін тапсырды.

«Төртіншіден, өздеріңізге белгілі, мен бизнестің өтініштері негізінде 2023 жылдан бастап еңбекақы төлеу қорынан бірыңғай төлемді енгізу туралы шешім қабылдадым. Микро және шағын бизнес үшін жалпы жүктеме 34 пайыздан  25 пайызға дейін төмендейді. Енді өзін-өзі жұмыспен қамтыған және жеке кәсіпкерлер арасында осындай механизмді қолдану мүмкіндігін қарастыру қажет. Біз салықтық әкімшілендіруді оңайлатуға және барлық салықтар мен бюджеттен тыс төлемдерді қамтитын кәсіпкерлік қызметтен алынатын бірыңғай төлемді төлеуге мүмкіндік беруге тиіспіз. Бұл сонымен қатар бизнестің сұр аймақтан шығуын ынталандырады. Үкіметке «Атамекенмен» бірлесіп, қолданыстағы арнайы салық режимдерін жетілдіру жөнінде егжей-тегжей жұмыс жүргізуді сұраймын», – деді ол.

Мемлекеттің бизнеспен өзара қарым-қатынасына цифрлық шешімдерді белсенді енгізуді жалғастырудың маңызы зор. 1 шілдеден бастап «Атамекен» Business Information Services контрагенттерінің салық төлеушілеріне дербес тексеру жүргізу үшін ашық интеграцияланған деректер базасы іске қосылды. Пайдаланушылар Қазақстанда тіркелген кез келген кәсіпорын туралы ашық, тегін ақпарат ала алады. Президент бұл бағытта жергілікті жерде шағын және орта бизнес мұндай мүмкіндікке қол жеткізе алмай отырғанын айтты. Үкіметке осы мәселені цифрландыру жөніндегі комиссияның таяудағы отырысында қарауды тапсырды.

«Бесіншіден (...) бұл бизнеске қаржылық және салықтық тәуекелдерді жоюға, дұрыс басқарушылық шешім қабылдауға көмектеседі. Цифрлық дамудың тағы бір маңызды бағыты жер учаскелері, құрылыстың бас жоспарлары, қолжетімді қуат, коммуникациялар және басқалар туралы ақпаратты цифрландыру. Оларсыз бизнесті жүргізу негізінен мүмкін емес. Сонымен бірге, бұл туралы мәліметтер құпия, жасырын. Өңірлік деңгейде тежеліп тұр.  Негізгі себеп әлі күнге дейін танымал компаниялардың пайдасына шешіледі. Жерлер мен жеңілдіктер сол танымал компанияларға беріледі. Шағын және орта бизнеске осылайша жұмыс істеуге мүмкіндік берілмейді. Үкіметтен осы мәселені цифрландыру жөніндегі комиссияның таяудағы отырысында қарауды сұраймын. Әр әкім есеп беруі тиіс. Үкімет тарапынан үйлестіру мен бақылау жасалуы қажет», – деді ол.

Мемлекет басшысы соңғы тапсырманың ең маңызды тапсырма екенін айтты. Ол климаттың өзгеруіне байланысты көптеген ел ғасырдың ортасына қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге бағыт алғанын атап өтті.

«Қазақстан – әлемдегі энергияны көп қажет ететін елдердің бірі. Энергия балансының 70 пайызын көмір генерациясы құрайды. Мұнай-газ секторының маңыздылығын ешкімге түсіндірудің қажеті жоқ. Сонымен қатар, әлемдік қоғамдастықтың жауапты мүшесі ретінде, Қазақстан 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына ұмтылатыны туралы жариялады. Бұл бағыт бізден терең құрылымдық технологиялық және экономикалық өзгерістерді талап ететіні анық. Өзгерістер әр азаматты қамтиды, қайталап айтамын әр азаматқа ортақ мәселе болады», – деді Президент.

Осыған байланысты Үкімет халықаралық сарапшылармен бірлесіп, 2060 жылға дейін төмен көміртекті аз пайдалануды дамыту тұжырымдамасы бойынша жұмыс істеп жатыр.

«Бұл жұмыста бізге отандық бизнестің көзқарасы мен пікірі аса маңызды. Сондықтан палатаны және барлық бизнес-қоғамдастықты осы тұжырымдаманың жобасын әзірлеуге белсенді қатысуға шақырамын. Осы форум барысында қабылданған нақты шешімдерді Үкімет практикалық тұрғыда пайдалануы тиіс. Тұтастай алғанда, мемлекет пен Президент ретінде менің ойымша, біз «Атамекен» Ұлттық палатасының ұсынымдары мен ұсыныстарына үлкен мән беріп, олармен байыпты жұмыс істейміз», – деді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде шағын және орта бизнесті дамытуға басты басымдық берілетінін айтып,  Ұлттық палатаны бұл бағыттағы нағыз көшбасшы деп атап өтті.

«Онсыз мемлекеттің тұрақтылығы болмайды. Сондықтан «Атамекен» ұлттық палатасы бұл үдерісте нағыз көшбасшы. Үкіметпен бірлескен, үйлестірілген жұмыс қажет. Негізінде, мұндай жұмыс басталып та кетті. Болашақта бізді осы салада айтарлықтай жетістіктер күтеді деп ойлаймын. Әрине, «Атамекен» қызметіне қатысты мен бүгін айтқан  басымдықтарға назар аударуды сұраймын», – деп түйіндеді сөзін Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жыл сайын съезде бизнес қауымдастықтың бірқатар проблемасын талқылайды. Атап айтқанда, биылғы съезде ауыл шаруашылығы саласының жеткіліксіз қаржыландыру, шағын және орта бизнесті тексеруге жарияланған мораторийді алып тастау мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, қайта өңдеу үшін алынатын төлем, аяқ киім, дәрілік заттар, жеңіл өнеркәсіп тауарларын және сүт өнімдерін таңбалау, яғни таңбалаудың проблемасы көтерілді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер