«Бастау Бизнес» түлектері табысқа жетудің үздік жобаларын таныстырды
«Бастау Бизнес» түлектері жобаның 5 жылдығына арналған форум алаңында қолдау арқылы қалай кәсіпкерлікті бастағаны жайында бөлісу үшін елордаға жиналды. «Бастау Бизнес» қауымдастығы өз күшін сынап, кәсіп бастауға талпынған 185 мың қазақстандықты біріктірді.
Алматы қаласының тұрғыны Омарқас Абдулахад жобаға қатысу қарсаңында кәсіпкерлік жолын таңдады. Ер азамат еңбекақысы тұрақты мемлекеттік қызметті тастап, жинаған қаражатына құрылысқа арналған бекіткіш саймандар өндірісіне салды.
«Мен Карл Маркстың «Капитал» атты еңбегін оқыдым. Кейбір ойлар басымнан кетпеді, үнемі оқығанымды еске алып жүрдім. Бір кезде тәуекелге бел буып, бизнеске бет бұрдым», – деді Омарқас Абдулахад.
Өз кәсібін ашқаннан соң 8 айдан кейін Омарқас Instagram желісінде «Бастау Бизнес» жобасының жарнамасын көріп, бизнестегі білімін шындап, қолдау алу үшін курсқа жазылады. Ол «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша 2,5 млн теңге грант алды. Бүгінде бизнесмен отандық нарықта ірі «Центр крепежей» кәсіпорынға серіктес. Ек жылдан кейін Омарқас Абдулахад елдегі қажеттілікті жауып, сыртқы нарыққа шығуды жоспарлайды.
«Серіктеспен бірге біз ішкі нарықтағы қажеттілікті жауып қана қоймай, өнім тізбегін үнемі кеңейтіп отырамыз, жаңа жұмыс орындарын құрып, ары қарай ілгерілеуді жоспарлаймыз. Бизнес бастап, алғашқы қадам жасауға өзім талпынсам, жоба мен бизнес-тренерлер білім беріп, мақсатыма қол жеткізуді тездетті. Менің мысалым, ештеңеден қорықпай, бәрін тастап кәсіпкер атануға болатынын дәлелдейді», – дейді Омарқас.
Өзбек өңірінде өсетін лимоннан кем түспейтін цитрус өнімін Қазақстаннан да табуға болады. Жамбыл облысы Мерке ауданының тұрғыны Данияр Әбдіразақ жылыжай салып, лимон өсіруді қолға алған. Оңтүстік Кореяда оқып жүріп, Данияр лимонды өсірудің технологиясын зерттеген. «Бастау Бизнес» жобасы тәлімгерінің қолдауымен ол бизнес-жоспар құрып, жеке лимонарий бағын ашты.
«Оңтүстік Кореяда 7 ай оқығанымда, онда лимон өсіру идеясы ұнап қалды. Кореяда жылыжайлар тау-тасқа салынған. Неге бізде гектарлап жылыжай салмасқа, деп ойладым. Оқудан соң туған ауылда қалып, өзімнің 25 соттық жерде жылыжай салам деп шештім. 2019 жылы «Бастау Бизнес» жобасы бойынша «Кәсіпкерлік негіздері» курсын өттім», – дейді Данияр Әбдіразақ.
Жобаның тиімділігін есептеулер көрсетті. Технологиясын Жамбыл облысының «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған семинарда зерттелді, онда сарапшы өз тәжірибесін айтып, осы істің ерекшеліктерін түсіндірді. Данияр сол жылы «Лимон өсіру» жобасымен «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша инновациялық гранттар байқауына қатысып, 2,5 млн.тг көлемінде грант ұтып алды. Биыл жылыжайда лимон ағаштары жеміс берді. Әр ағаш 15 кг дейін жеміс беріп тұр.
«Алдағы 2-3 жылда лимонарийді 3 гектарға дейін ұлғайтқым келеді. Менің түсінгенім, адам алдына мақсат қойса – соған жете алады», – дейді кәсіпкер.
Атырау облысынан Бөлекбай Қуанышқалиев балалар ермегін табысты бизнеске айналдыруға болатынын дәлелдеді. Азамат жиһаз, интерьерге арналған сандықтар және балаларға арналған ағаш ойыншықтарды жасайды. Өзінің алғашқы жұмыстарын 6 сынып оқып жүргенде еңбек сабағында жасаған.
«Сол кезде құстар ұясын ағаштан жасадым, 10-сыныпта өзіме домбыра жасап алдым. Ағаш ұсталағынан алыстамадым. Балам кішкентай болғанда ойыншық ойдым. Қазір ұлым өсіп, өзі де ағаш ойып, ұсталыққа жақын. Бірақ даму үшін басқа мамандықты таңдады», – дейді кәсіпкер.
Жобаның тыңдаушысы Бөлекбай Қуанышқалиев 2021 жылы мемлекеттен қолдау алды. Құрал-жабдық сатып алып, цех ашып, жеке клиенттік базаны жинап үлгерді.
«Жоба пандемияға қарамастан жалғасын тапты, оқыту онлайн форматта болды. Қажетті білім мен дағдыларды игеріп, армандаған кәсібімді аштым», – деп бөлісті Бөлекбай Қуанышқалиев.
Ұлттық палатаның Басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовтың пікірінше, «Бастау Бизнес» жобасы нағыз халық жобасына айналды.
«Қазір әлемде әр отбасының табысы болғаны маңызды. «Бастау Бизнес» жобасы мұғалім, шопан, мемлекеттік қызметкер болсаң да, 2-3 сағатта микронесие, грант алып, кез келген өндірісті ұйымдастыруға мүмкіндік береді, яғни табысты арттыруға жол ашады. Табысты болу бәрімізді алаңдататын басты мәселе. Жоба көрсеткіштері жоғары. Бес жыл ішінде 185 мың адамнан тұратын үлкен қауымдастық құрылды. «Бастау Бизнес» тренерлері мықты команда екенін білемін. Олар кәсіпкерлерге қолдау көрсетеді, білгенімен бөліседі, кеңес береді, жаңа мүмкіндіктерді бірге игереді, өйткені бизнес әлемі шексіз. Елбасының тапсырмасы бойынша, үкімет, депутаттардың қолдауымен «Атамекен» халқымызға өз күшіне деген сенімділікті сезінуге мүмкіндік бергеніне қуаныштымын», – деп атап өтті форумда сөйлеген сөзінде Абылай Мырзахметов.
Анықтама:
«Бастау Бизнес» жобасының тарихы 2016 жылы басталды. Пилоттық жоба Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында, Жаңаөзенде және Ақтөбе облысының Темір ауданында іске қосылды. Тура бір жылдан кейін «Бастау Бизнес» Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының екінші бағытын оқыту форматы ретінде қабылданды.
2017 жылы 80 ауданның ауылдарындағы 15 мың тұрғын оқып, әрбір бесінші азамат (3 314 немесе 22%) жобасын іске асырды.
Жыл сайын жобаның ауқымы мен әлеуметтік маңызы кеңейе түсті. 2018 жылы қалалар мен моноқалалардың жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұрғындары оқуға тартылып, 160 аудан қамтылды. 2019 жылдан бастап жобаға Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары қатысып келеді. 2018 жылы 30 мыңға жуық адам оқыды, ал 2019 жылы жоба қатысушысы 75 мың қатысушыға дейін көбейді. 2019 жылы NEET санатындағы жұмыссыз жастарға, жас отбасы мүшелеріне, көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға және еңбекке қабілетті мүгедектерге ерекше назар аударылды.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: