«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

«Атамекен»: экологиялық рұқсаттарды тоқтата тұру нормасы теріс әлеуметтік-экономикалық салдарларды ескермейді

2021 жылғы 15 Қыркүйек
5354 просмотров

2021 жылдың 1 шілдесінен бастап елімізде жаңа экологиялық кодекс күшіне енді. Жер қойнауын пайдаланушылар мен олардың мердігерлері белгіленген нормаларды бұзғаны үшін экологиялық рұқсаттардың қолданылуы тоқтатыла тұрады. «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқасының Мұнай-газ өнеркәсібі комитетінің мүшелері бұл шара жер қойнауын пайдаланушыларға қатысты санкция деп санайды.

 2021 жылдың 14 қыркүйегінде «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқасының Мұнай-газ өнеркәсібі комитетінің 37-ші отырысы өтті.

 Отырысқа қатысушылар комитеттің алдыңғы отырыстарында берілген тапсырмалардың орындалуына қатысты есепті тыңдады. «Kazenergy» қауымдастығының атқарушы директоры Заңғар Ноғайбай Салық кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар, мұнай өнімдерінің биржалық саудасы бойынша жұмыс барысы, сондай-ақ экологиялық кодекс бойынша мәселелердің ағымдағы жағдайы туралы айтып берді.

NCOC басқарушы директорының орынбасары Ермек Марабаев Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің санкциясы ретінде экологиялық рұқсатты тоқтата тұруды қолдану мәселелері туралы айтып берді.

 2021 жылғы 1 шілдеден бастап ӘҚБтК-нің 328-бабына жыл ішінде эмиссиялар (шығарындылары мен төгінділері) нормативтерін жүйелі түрде (екі реттен артық) арттырғаны, экологиялық рұқсатта көрсетілмеген көздерден эмиссияларды жүзеге асырғаны не ұзақтығы қатарынан үш сағаттан астам эмиссиялар нормативтерін екі есе арттырғаны үшін жауапкершілікті қатаңдату бөлігінде толықтыру қолданысқа енгізілді. Тиісті эмиссия көзін немесе өндірістік учаскені пайдалану жөніндегі экологиялық рұқсатты бір мезгілде тоқтата отырып, жоғары айыппұл қолданылуда (ластаушы заттардың асып кеткен мөлшеріне қатысты тиісті төлемақы мөлшерлемесінен 20 000%). Аталған әкімшілік құқық бұзушылықты сот қараса да, экологиялық рұқсатты тоқтата тұру мәселесі соттың қарауына жатпайды, өйткені қолданылатын санкция балама саналмайды.

Ермек Марабаев экологиялық рұқсаттың қолданылуын тоқтата тұру Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кен орындарында өндірістің тікелей тоқтауына әкеп соғатынына алаңдаушылық білдірді. Демек, кәсіпорындар үшін бұл шара  айтарлықтай әлеуметтік-экономикалық салдарға әкеледі.

 Комитет төрағасы Данияр Әбілғазин Үкіметке ұсыныстар тиісті әзірлеу үшін «Атамекен» ҰКП алаңында мұнай-газ өнеркәсібі және геология саласы, тау-кен, көмір өндіру және металлургия өнеркәсібі комитеттерінің бірлескен отырысын ұйымдастыруды тапсырды.

Қазақстан отын қаумдастығының бас директоры Болат Әуетаев мұнай базаларын есептеу-бақылау құрылғыларымен жарақтандыру және «ҰАТ» АҚ есептеу-бақылау құрылғыларынан деректерді беру үшін абоненттік төлем алу туралы айтып берді. Қазіргі кезде Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті мұнай базаларында есептеу-бақылау құрылғыларын орнату бойынша пилоттық жобаны қайтадан жүргізуге бастама жасамақ. Мұнай базаларының иелері үшін басты проблема – тиісті жабдықтың қамбатшылығы.

Еске салайық, жанармай станцияларында есептеу-бақылау құрылғыларының дұрыс орнатылмауы кәсіпкерлерді шығынға ұшыратты. Есептеу құралдары жұмысындағы ағаттықты «Атамекен» ҰКП және ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлады. Негізгі себеп – жабдықтаушылар есептеу-бақылау құрылғыларды дұрыс орнатпауы, сондай-ақ тығыздық өлшегіштер орнатылмаған немесе статикалық тығыздықты орнату, есептеу-бақылау құрылғылардың қате шегінен асып кетуі және калибрлеу кестесі бойынша дұрыс баптама жүргізілмеуі.

 «Жанармай құю бекеттерінде туындаған қателіктерді ескеріп, саралау керек. Нарық барынша ашық болуы тиіс, бұл есептеу құрылғыларын орнатудың басты мақсаты. Өз тарапынан комитет салалық қауымдастықтармен бірлесіп, Мемлекеттік кірістер комитеті жанындағы жұмыс тобы шеңберінде осы мәселе бойынша жұмысты жалғастырады. Асығыс және кеткен қателіктер үлкен қаржылық шығындарға әкеліп, кәсіпорындардың жабылуына себеп болуы мүмкін», – деді комитет төрағасы.

Жұмыс Ұлттық палата, «KAZENERGY» қауымдастығы, мемлекеттік кірістер комитеті, Қаржы министрлігі және нарық қатысушыларымен бірлесіп, әрі қарай ҚР Үкіметіне ұсыну үшін жалғасады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер