Музыка мұғалімі «Бастау Бизнес» арқылы арманын іске асырды
Биыл халық жобасына айналған «Бастау Бизнеске» бес жыл толды. Жоба кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін азаматтарға бизнес негіздерін игеруге және жеке кәсіп ашуға мемлекеттік грант немесе жеңілдікпен несие алуға мүмкіндік береді. Табысты түлектердің бірі Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласының тұрғыны Альмира Айғазина сөйлеуі тежелген балаларға арналған дамыту орталығын ашты.
Альмира Айғазина мамандығы бойынша бастауыш сынып және музыка пәні мұғалімі. 2000-жылдары педагогикалық училищені, кейін Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін аяқтады. Тұрымс құрып, үш баланың анасы атанды. Келіншек бала тәрбиеп, 11 жыл бойы мемлекеттік балабақшада музыкалық жетекші болып жұмыс істеп келді. Уақыт өте келе Альмира Айғазина жалдамалы жұмыскерліктен кетіп, жеке кәсіп ашу туралы шешім қабылдады.
Альмира Айғазина «Бастау Бизнес» жобасы туралы 2018 жылы таныстарынан білген. Оқу тиімділігін саралап, отағасымен кеңесіп, кәсіпкерлік негіздері бойынша қысқа мерзімді курсын оқуға бел буды. Себебі сол кезде келіншек 3 ай бойы жұмыссыздар қатарында болған, демек жобаның іріктеу критерийлеріне сәйкес келді.
«Мен сөйлеуі тежелген балаларға арналған орталық ашуды көздедім, өйткені өңірде бұл салаға сұраныс үлкен. Орталық ашуға ыңғайлы жалдамалы үй-жай да табылды», – деді кәсіпкер.
Сол жылы Альмира Айғазина «Бастау Бизнес» курсына қатысып, бизнес-жоспарын сәтті қорғап, 252 500 теңге көлемінде грант ұтып алды. Осы қаражатқа түзету кабинетіне қажет жабдық, дамыту ойыншықтарын, құм терапиясына арналған стол, шымылдығы бар қуыршақ театры жиынтығын сатып алды.
«Мемлекеттік грант көмегімен біз кабинетті балаларға арнап жабдықтап алдық. Бізге «психологяилық сөйлеудің кешеуілдеуі» және «Аутизмнің жеңіл формасы» сияқты диагноздармен балалар келеді. Өз қаражатыма мектепалды даярлық сыныптары, сабақты қайталау сыныптарына керек-жарақ: компьютерлер, принтерлер, парталар, жиһаз, әдістемелік материалдар, асханаға жабдықтар, кейін бақылау камераларын сатып алдық», – деп атап өтті бизнес ханым.
Орталыққа жұмысқа білікті мамандар – логопед, балалар психологы, дефектолог шақырылды. Кәсіпкердің өзі балаларға вокал және фортепиано сабақтарын береді.
ШҚО Кәсіпкерлер палатасының бизнес-тренері Дамир Камидулинов оқыту барысында Альмира Айғазина ерекше жауапкершілікпен және іске деген байсалды көзқарасымен ерекшеленгенін атап өтті. Жұбайымен бірге олар барлығын егжей-тегжей есептеп, алға қойылған мақсатқа қарай дәйекті және ойластырылған түрде қадам басты, отбасы бюджетінен жиналған қаражатты да жұмсап, 2018-2019 оқу жылының басында нысан дайын болды. 1 қыркүйекте «Мамин помощник» балаларды дамыту орталығы өз есігін айқара ашты!
Альмира Айғазина «Бастау Бизнес» жобасында алған білім кәдеге асып жатқанына қуанады. Кәсіпкер курс арқылы бизнесті ашу, жүргізу, дамытудың негіздерін үйренді. Бизнесті мемлекеттік қолдау, жаңа бастаған кәсіпкерлерге берілетін түрлі бағдарламалар мен мүмкіндіктер туралы көп ақпарат алды.
«Бастау Бизнес» кез келген адамға кәсіп ашуға батыл қадам басуға жетелейді, өз күшіне деген сенімділікті береді. ШҚО Кәсіпкерлер палатасы мен оның облыс бойынша филиалдары көмекке қашанда дайын. Мұнда біз жыл бойы бизнестің кез келген мәселелері бойынша тегін кеңестер ала аламыз, бизнес-жоспар құру, маркетингтік стратегияны әзірлеуде және басқа да көмек аламыз», – дейді Альмира Айғазина.
Қазіргі кезде «Мамин помощник» орталығында 5-10 жас аралығында 90 бала білім алып жатыр. Енді кәсіпкер әйел алдымен толық күнге түзету тобын ашу, кейін жеке бастауыш мектебін құру бойынша жаңа мақсат қойған.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: