Жамбылда «Бастау Бизнес» түлегі микроқаржы ұйымы арқылы 4,5 млн теңге несие алды
«Бастау Бизнес» жобасы аясында білім алған Нышанбек Бесбай кәсібін ұлғайтуға «Атамекен» микроқаржы ұйымы арқылы 6 пайызбен 4,5 млн теңге несие алды. Қазір елімізде кәсіпкерлерге мұндай несие беру қарқынды жүріп жатыр.
Жамбыл облысы Байзақ ауданында «Арсен» жеке кәсіпкерлігін жүргізіп отырған Нышанбек Бесбай 2019 жылы «Бастау Бизнес» жобасында оқып, тренермен бизнес-жоспарын қорғаған. Ал бүгінде сол кәсібін ұлғайту мақсатында микроқаржы ұйымынан несие алып отыр.
«200 айлық есептік грантты алғаннан кейін өз шаруашылығымды бастап кеттім. Берілген қаражатқа ешкі алып, бүгінде ешкі сүтін өндірумен айналысып отырмын. Қазір 10-нан аса ешкім бар және кәсібім өте сәтті жүріп жатыр. Енді, міне, «Атамекен» микро-қаржы ұйымы арқылы 6 пайызбен 4,5 млн теңге несие алдым. Бұл қаражатқа 74 бас қой алуды жоспарлап отырмын», – деді Нышанбек Бесбай.
Кәсіпкер бұл қаржыны мал шаруашылығы саласындағы жобаны іске асыру, атап айтқанда 74 бас ұсақ мал сатып алу және оларды күтіп-бағу үшін қажетті азық алу бойынша белгіленген жоспарды жүзеге асыру үшін жұмсайды. Нышанбек туғаннан ІІІ топтағы мүгедектігі бар бизнесмен. Ол үшін «Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020-2021» – қаржыландырудың осы мемлекеттік бағдарламасы мүгедек адам ретінде ғана емес, қоғамға пайда әкелгісі келетін ісін жаңа бастаған кәсіпкер ретінде де үлкен мүмкіндік береді.
«Қазіргі пандемия кезінде мемлекет тарапынан бөлініп отырған мұндай қолдаулар біз секілді еңбегін жаңадан бастаған кәсіпкерлерге үлкен көмек болмақ. Бұл мүмкіндіктерге өте ризамыз. Әрине, кәсіпкерлік жол оңай емес, бір құлайсың, бір көтерілесің. Алайда үлкен еңбекпен талпыныстың арқасында ғана белгілеген мақсатқа жетесің. Сондықтан да, ойыңыз болса, оны орындауға асығыңыз», – деп кеңес берді Нышанбек Бесбай.
Жұмыспен қамтудың жол картасы бағдарламасы аясында елімізде микроқаржы ұйымдары үшін 22,5 млрд теңге бөлінді, соның 1,8 млрд теңгесі Жамбыл облысына берілді. Бұл өңірде 865,44 млн теңге сомасына 151 өтінім қабылданды, оның ішінде микроқаржы ұйымында 175,1 млн теңге сомасына 42 өтінім мақұлданды. Аграрлық несие корпорациясына 36,4 млн теңге сомасына 6 өтінім берілді. Құжаттарды қабылдаудың қазіргі нәтижелері бойынша «Атамекен Тараз» микроқаржы ұйымы» ЖШС ел бойынша бірінші орында тұр.
«Қазір Жамбыл облысының барлық қаласы мен ауданында өңірлік кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалдары арқылы шағын несиелендіруге құжаттарды белсенді қабылдау жүргізіліп жатыр. Өтінімдер Битрикс ақпараттық жүйесі арқылы қабылданады, ӨКП-нің кеңесшілері құжаттарды жинауға және жобаларды одан әрі мониторингтеуге және сүйемелдеуге толық көмектеседі», – деді «Атамекен Тараз» МҚҰ» ЖШС директоры Рүстем Әбдірахманов.
Анықтама үшін: «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ жарғылық капиталдың нақты мөлшерінен 12,79 млрд теңге сомасына (ЖҚЖК бойынша жалпы сома 22,5 млрд теңге) 15 микроқаржы ұйымының несиелік желілерін мақұлдады.
Бұл ретте, Маңғыстау, Жамбыл, Қостанай және Павлодар облыстарының микроқаржы ұйымдары осы өңірлерге ЖҚЖК-да көзделген барлық сомаға несиелік желілерді мақұлдады.
Елімізде 2021 жылғы 13 қыркүйектегі жағдай бойынша жалпы сомасы 9,8 млрд теңгеге 1703 өтінім қабылданды.
МҚҰ несие комитеті 1,0 млрд теңгеге 189 өтінімді мақұлдады.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: