«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қызылорда облысында шағын және орта кәсіпкерлік саласында 8 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылған

2021 жылғы 06 Қыркүйек
- Қызылорда облысы
7950 просмотров

Қызылорда облысында бір жыл ішінде шағын және орта кәсіпкерлік саласында 7 679 жаңа жұмыс орны ашылған. Өткен жылмен салыстырғанда өсім – 8,5%.

 

Бұл туралы Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов Жолдауды талқылауға арналған активте айтты.

 

«Мемлекет пандемия кезінде кәсіпкерлерге ауқымды қолдау көрсетті. Салықтан босатылды.Облыста 460 кәсіпкерлік субъектінің несиелері бойынша төлемі кейінге шегерілді. Экономиканың зардап шеккен салаларындағы 40 кәсіпкердің жоғары пайызбен алынған несиелері 6%-ға дейін субсидияланды.Айналым қаражатын жеңілдетіп беру жөніндегі несиелендіру бағдарламасы іске қосылды. Шектеу шаралары кезең-кезеңімен алынып, реттеліп жатыр», – деген Палата басшысы осы қолдаулардың арқасында пандемияның салдарына қарамастан шағын және орта кәсіпкерліктің дамуында оң өзгерістер бар екенін жеткізді.

 

Аймақта кәсіпкерлердің саны да артқан. 1 тамыздағы деректер бойынша Қызылорда облысында жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны 50 357-ге жетіп, былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 9,1 %-ға немесе 4 204 нысанға артқан.

 

Ғалымбек Жақсылықов активте биылғы Жолдауда бизнес жобаларды жеңілдікпен несиелендірудің мемлекеттік бағдарламасы - «Қарапайым заттар экономикасының» бір жылға ұзартылғаны кәсіпкерлер үшін жақсы жаңалық болғанын атап өтті.

 

2019 жылдан бастап іске аса бастаған «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын орындау барысында Қызылорда облысында 10 млрд  теңгені құрайтын 121 жоба іске қосылды. Осы жобалардың шеңберінде 589 жұмыс орны ашылды.

 

«Бұл бағдарлама биыл аяқталуы керек еді. Енді міне Жолдауда тағы бір жылға созылды. Қуантарлық жағдай, өйткені әлі де 9 млрд теңге тұратын 49 жоба қаралып жатыр», – деді жиында Кәсіпкерлер палатасының директоры.   

 

Палата басшысы Ғалымбек Жақсылықов мәжілісте банктердің агроөнеркәсіп кешеніндегі жобаларды қаржыландыруға ынтасы төмендігін де көтерді. Бұған қоса, банктер ауылдардағы үй-жайларды кепіл мүлік ретінде қарастырмайды .

 

«Ел Президенті банктер шағын жобаларға, әсіресе, ауылға арнап ақша салмайтынын қадап айтып, микроқаржы ұйымдарының әлеуетін іске қосуды тапсырды. Биыл «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен облыстық әкімдік Atameken Qyzylorda микроқаржы ұйымын құрды. Бұл қаржы ұйымы «Бастау Бизнес» жобасының түлектерін несиелендіреді. Биылға 1 млрд теңге қаржы қарастырылған, оған 238 жоба несиелендіріледі деп жоспарланып отыр»,  – деді Палата директоры.

 

Ғалымбек Жақсылықов облыстың активінде мектептердегі орын тапшылығын да көтерді.

 

Жолдауда Президент 2025 жылға дейін 1000 мектеп салуды міндеттеді. Мектептерді бюджет қаржысына салумен қатар, осы өзекті мәселені шешуге жеке секторды да тартқан жөн екенін атап өтті.

 

«Біздің облыста жеке мектептер салу бойынша оң тәжірибе бар. Бүгінгі таңда жергілікті кәсіпкерлер жан басына шаққандағы қаржыландыру тетігі негізінде 5000 оқушыға 12 жеке мектепте білім алуға жағдай жасаған. Дегенмен, Білім және ғылым министрлігінің мәліметтері бойынша Қызылорда қаласында  7 мыңнан астам оқушыға орын жетіспейді. 2023 жылға дейін бала саны тағы бірнеше мыңға көбейеді. Өткен жылдың өзінде 21 мың бала дүниеге келген», – деді Кәсіпкерлер палатасының басшысы.

 

Ол осы тапшылықты жою үшін жер учаскелерін бөліп, жергілікті ірі кәсіпкерлерді жеке мектеп салуға тартуды ұсынды.  Өтемақы қаражатының республикалық бюджеттен бөлінетінін, жергілікті бюджетке ауыртпалық жоқ екенін атап өтті.

 

Жиында Ғалымбек Жақсылықов еңбекақы қорының жүктемесін 34%-дан 25%-ға дейін төмендету туралы шешімнің кәсіпкерлер үшін жақсы жаңалық екенін айтты. Бұл мәселені «Атамекен» бірнеше жылдан бері көтеріп жүр. Бұл жұмысшылардың еңбекақысының өсуіне және еңбек қатынастарының көлеңкеден шығуына оң ықпал етері сөзсіз.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер