Жамбылдағы жарылыстың зардабы шамамен 2,4 млрд теңгені құрады
Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы өрт салдарынан зардап шеккен нысандар тексеріліп, алдын ала есеп бойынша шығын көлемі 2,4 млрд теңгені құрап отыр. Әзірге жарылыс болған жерден радиусы бес шақырым жердегі нысандар тексеріліп жатыр. Әзірге мұндай 35 нысан тексерілді. Бұл көрсеткіш әлі өзгереді. Себебі қаралмаған нысандар бар.
Байзақ ауданында төтенше жағдай кезінде зардап шеккен объектілерді тексеру және қалпына келтіру үшін жергілікті атқарушы органдар жұмыс топтарын және арнайы комиссия құрды. Олардың құрамына құрылыс басқармасының, «Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты» АҚ, жобалау ұйымдары мен төтенше жағдайлар қызметкерлері тартылды.
«Біз кәсіпкерлердің шығынын анықтап жатырмыз. Жарылыстан зардап шеккен кәсіпкерлердің өздері де хабарласты. Алматыдан арнайы компания келіп, шығынды есептеп жатыр. Қазір алдын ала есепке сәйкес, бизнес нысандарының шығын көлемі 890 млн теңгені құрап отыр. Бұл сан әлі де өзгеруі мүмкін. Себебі әзірге тек 35 нысан тексерілді. Басқа нысандар да бар», – деді Жамбыл облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Еркін Сәдуақасов.
Атап айтқанда, жанармай құю станциясы, екі қонақүй кешені, көкөніс қоймасы, медициналық пункт және автомобильдерге техникалық қызмет көрсету станциясы, дүкендер және басқа нысандар зардап шекті.
Сондай-ақ, 23 жеке үйді қалпына келтіру керек. Ол үшін жалпы сомасы 720 млн үйлерді қайта салуға және 300 млн теңге үйлерді жөндеуге қажет. Бұл да – шығынды алдын ала есептеу арқылы берілген сома. Жібек жолы кентінде жаңа жалпы білім беретін мектеп салу керек.
Еске салайық, 26 тамызда кешке Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери қоймада өрт шығып, оқ-дәрілер жарылды. Жақын маңдағы ауылдардың тұрғындары эвакуацияланды, пойыздардың қозғалысы тоқтатылды. 29 тамызда оқ-дәрілер қоймасында жаңа жарылыс болды.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: