«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қазақстанда 1780 мониторинг тобы жұмыс істейді

2021 жылғы 25 Тамыз
7455 просмотров

2020 жылы 1310 мониторинг топ болған. Олардың басым бөлігі Алматы облысында құрылған – 285, ең азы Нұр-Сұлтан мен Алматыда, 16 және 33 мониторинг топ жұмыс істейді. Соңғы ай ішінде мониторинг топтар кәсіпкерлік нысандарына 35 мыңға жуық рейд жүргізген. Соның ішінде заңсыз тексерулер де тіркелген.

 Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Info Kazakhstan сайтындағы рейдтер туралы деректерге талдау жасады. Алгоритмді бұзу немесе мониторинг топтардың заңсыз қызмет еткені анықталды.

«Мысалы, Арқалықта бетперде режимін тексерудің орнына, кәсіпкерге тауардың сөреге қойылмағаны үшін айыппұл салуға тырысқан. Прокуратура шешімнің күшін жойды. Алматы облысында дүкенге мониторинг жүргізілді, онда топ рейд тағайындау туралы актіге сәйкес 7 адамды көрсеткен, ал іс жүзінде 3 адамды тексерген», – деді «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы орынбасарының м.а. Ербол Өстеміров.

Мониторинг топтардың заңсыз қызметіне байланысты бірнеше жағдай кеңінен жарияланды. Алматы облысында шілдеде мониторинг топ мүшелері рейд аясында жүйелі түрде пара алғаны және бизнеске көрсеткен «қамқорлығы» үшін ұсталды.

Жалпы, 14 шілде мен 20 тамыз аралығында бүкіл ел бойынша 34,9 мың рейд тіркелді, яғни орташа есеппен мониторинг топтар күніне 918 рейд жасайды.

Ведомствоаралық комиссия мониторинг топтардың жұмыс алгоритміне өзгерістер енгізді. Енді мониторинг топтар бизнес нысанға барарда InfoKazakhstan сайтында міндетті түрде тіркелу керек. Алайда, кейбір өңір рейдтерді әлі тіркемейді.

«Цифрлық мониторинг барысында біз Жамбыл облысында бір ай ішінде (14.07 - 20.08.2021 ж. дейін) барлығы 38 мониторинг акті тіркелгенін анықтадық. Оның ішінде Тараз қаласы бойынша барлығы алты акт және бұл бес мониторинг топ болған жағдайда тіркеліп отыр. Дәл осындай жағдай Қызылорда облысында байқалады. Өңірде 167 мониторинг тобы бар, олар 5145 рейд жүргізіп, 183 акт тіркеген», – деп түсіндірді Ербол Өстеміров.

Бір рейд жүргізгенде орташа есеппен 20-45 минут (қозғалу уақытын есептемегенде) уақыт жұмсалған. Бұзушылық анықталған жағдайда 90-120 минут кеткен. Топ күніне 6-7 нысанды, облыстық маңызы бар қалаларда 140-170 нысанды аралай алады.

2020 жылы «Атамекен» ерікті мүше ретінде мониторинг топтардың құрамына кірді. 2021 жылдан бастап «Атамекеннің» Павлодар, Шығыс Қазақстан, Түркістан, Ақмола, Қызылорда, Қарағанды облыстарындағы, сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласындағы өңірлік өкілдіктерінің сарапшылары топтардың жұмысына қатыспайды.

«Біздің кәсіпкерлер палатасы ретінде рейдтер реттелмеген кезде қатысуымыз қажет болды. Кәсіпкерлер тексеруге келген топ заңды ма, жоқ па – соны түсінбеді. Бүгінде цифрлық шешім бизнеске рейдтің заңдылығын тексеруге, актіде QR-кодты сканерлеуге мүмкіндік береді», – деді Ербол Өстеміров.

Сонымен қатар, ҰКП бизнесті қорғайды және рейд кезінде заң бұзылса, тиісті шара қабылдайды. Сондықтан барлық өңірлік палатаның қызметкерлері рейдтерге өз еркімен қатысуды тоқтатады деп шешілген.

Еске салайық, мониторинг топтар бұзушылықтарды тек 5 санитарлық талап бойынша тіркей алады:

  • жұмыс тәртібі;
  • отбасылық, еске алу іс-шараларын (банкеттер, үйлену тойлары, мерейтойлар өткізу, ас беру) және адамдар көп жиналатын өзге де шараларды өткізуді шектеуге қойылатын талаптар;
  • әлеуметтік қашықтық;
  • маска режимі;
  • келушілер санының лимитінен асып кетуі.

Мониторинг топтар қолғап, дезинфекциялау кілемшелері және тоннельдердің бар-жоғын тексермейді.

Қазір ВАК шешімімен мониторинг топтарға вакциналау бойынша рейд жүргізу құқығы беріледі. Бұл тексеру шаралары 1 қыркүйектен басталады. ҰКП кәсіпкерлерді өз қызметкерлерін вакциналауға шақырады. «Атамекен» түрлі заңбұзушылық пен теріс әрекетке жол бермеу мақсатында Денсаулық сақтау, Еңбек және әлеуметтік қорғау, Цифрлық даму министрліктері, Бас прокуратурамен бірлесіп, вакциналау бойынша рейдтер мен тексеру алгоритмін пысықтап жатыр.  

Егер мониторинг тобы бес бұзушылықтың біреуін анықтаса, онда материалдарды әкімшілік іс қозғау үшін Денсаулық сақтау министрлігінің санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне береді. Мұндай кезде санитар дәрігердің нысанға шығуы талап етілмейді.

Сондай-ақ, бұзушылықты анықтаған мониторинг топ СЭҚ инспекторының нысанды тексеруі үшін шұғыл хабарлама жібере алады. Содан кейін инспектор нысанды тексеру парағында қарастырылған 24 талаптың сақталуын тексереді.

Мониторинг топтың заңбұзушылықтар үшін кәсіпкерлерге айыппұл салуға құқығы жоқ.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер