«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Жалпыға бірдей орта білім-2021: «Атамекен» алаңында акцияға қатысты мәселелер талқыланды

2021 жылғы 23 Тамыз
1711 просмотров

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алаңында ата-аналар, кәсіпкерлер мен елордалық білім басқармасының өкілдері мектеп формасына берілетін атаулы көмекке қатысты мәселелерді онлайн талқылады.

Еске салайық, Нұр-Сұлтанда «Жалпыға бірдей орта білім-2021» акциясы аясында атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың әр баласы үшін 40 мың теңгелік сертификат беріледі. Ата-аналар бұл қаржыға балаларына мектеп киімін ала алады. Акцияны елорда әкімдігі Нұр-Сұлтан қаласының кәсіпкерлер палатасының қатысуымен үшінші жыл қатарынан ұйымдастырып келеді.

Кездесуде тараптар уәжін айтты. Атап айтқанда, ата-аналар киімнің сапасына, бағасына шағымданып, сатып алған тауардың чегін талап етпеуді сұрады.

«Біз былтыр 7,5 мың теңгеге алдық. Киімнің бағасына сапасы сәйкес келмейді. Бұл дұрыс па? Кез келген базарға барып, 2,5 мың теңгеге алуға болады. Бір балаға киім алуға 40 мың теңге жетпейді. Басқа дүкендерді, базарды қосып берсін. Ол жақта арзан»,  – деді аналардың бірі онлайн-кездесуде.

Ал кәсіпкерлер шикізаттың кедендік шығындарымен қоса түрлі салық төлейтінін атап өтті. Сәйкесінше, тауарды дүкенге әкелгенге дейін бағасы қымбаттап кететінін түсіндірді.

«Компаниялардың ішінде қымбат және арзан сататыны бар. Біздің импорттық өндірушілермен жұмыс істеу шарттарымыз бірдей емес. Оған бірнеше себеп бар. Мысалы, ата-аналар айтып жатқан Қытай, Өзбекстан, Түркияның өндірушілерін мемлекеті өз ішінде салықсыз, баж салығынсыз қолдайды, көп жеңілдік қарастырылған. Олардан (басқа сатушылардан – авт.) киімнің сапасы туралы сертификат, құжат сұрасаңыз, ешкім ешқандай қағаз көрсете алмайды. Олар килограмдап әкеледі, кеденде баж салығын төлемей кіргізеді. Біз шикізат кіргіземіз, баж салығын төлейміз. 12 пайыз қосымша құн салығын, жалақы қорының салығын, табыс салығын төлейміз. Осындай төлемдер бар. Осылайша мұның бәрі отандық өндірушінің тауар бағасына әсер етеді»,  – деді Glasman ЖШС басшысы Әнуар Хилажов.

«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нариман Әбілшайықов бұл бағытта Палатаның қызметі отандық өндірушілердің тізімін беріп, кәсіпкерлерді қолдау болғанын атап өтті. Ол тараптардың барлық ұсынысы мен проблемасын талқылап, бір мәмілеге келуді ұсынды.

«Біз бұл жұмысқа қосыңыз деп кіріскен жоқпыз. Тек кәсіпкерлеріміз мемлекеттік тапсырысты орындасын деген оймен отандық өндірушілердің тізімін ұсындық. Қазір кемшілігі барын, мәселенің қандай болып тұрғанын көріп отырмыз. Бүгін біз ата-аналардың уәжін кәсіпкерлер тыңдасын деп жинап отырмыз. Әрбір анамен жеке сөйлесіп, проблемасын шешейік. Мәселені тез арада шешу керек»,  – деді Нариман Әбілшайықов.

Айта кетейік, қала бойынша 30 сауда нүктесі жұмыс істейді, онда ата-аналар ұл-қыздарға арналған пиджак, костюм, шалбар, белдемше, жейде, блузка, жакет, кеудеше, трикотаж кофта, жемпір, кеудешелер, бомбер, сарафан, спорттық костюм ала алады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер