Бизнес Денсаулық сақтау министрлігіне медициналық қызмет сапасын жақсарту ұсынысын таныстырды
Елде коронавирус жұқтырғандар саны күн санап өсіп жатқанына байланысты денсаулық сақтау жүйесіне түскен жүктеме артты, әсіресе бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсету жүйесінде қарбалас.
Медициналық бизнес-қауымдастық Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алаңыда денсаулық сақтау жүйесіндегі ағымдағы мәселелерді шешу бойынша ұсыныстармен министрлікке үндеу жасады.
«Халық жедел жәрдем бригадалары науқас адамды қайда апарарын, қайда бос палата немесе қажетті маман барын біле бермейтіні жайында әлеуметтік желілерге жазып, талқылауда. Адамдар аурудың алғашқы белгілерінде қайда хабарласу керегін білмейді де өз бетінше емдеуді бастайды. Мұның бәрі медициналық инфрақұрылым арасында нақты өзара әрекеттесу алгоритмінің болмауына байланысты. Салдарынан науқас адамның өмірін сақтап қалу үшін уақтылы медициналық қызмет көрсетудегі алтын уақыт зая кетеді. ПТР-тестілеуі немесе КТ талдауы оң нәтиже көрсеткен науқас жеке емхана немесе зертханаға өздігінен жүгінген кезде денсаулық сақтау ұйымдары арасында үйлестірудің болмауына байланысты тіркелген жері бойынша дер кезінде ем ала алмайды. Былтыр медициналық қауымдастық осы процестерді үйлестіре алатын, ел ауқымында жеке байланыс орталығы бар ірі ойыншыны (мысалы ӘМСҚ) тағайындауды ұсынған еді. Бұл шара науқастар ағынын дер кезінде реттеп, емхана, жедел жәрдем жұмысын ұйымдастыруға көмектеседі», – деді «Атамекен» ҚР ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева.
«Primary Health Care» ұлттық қауымдастығының президенті Төлебай Рахипбеков бастапқы медициналық көмектегі кадр мәселесін көтерді.
«Бүгінде бізде мамандар тапшы, бірақ бұған қарамастан дәрігерлер жағажай, мейрамханаларға кезекке шығады. Өңірлердегі жергілікті атқарушы органдардан сұрарым дәрігерлерге өз қызметімен айналасуға мұрша беріңіздер. Бұнымен қоса жедел жәрдем қызметін көлік тапшылығы да тежейді. Бұл ретте жедел жәрдем шақыртқан азаматтар қызметті күн ішінде емес максимум 15 минутта келуін қалайды. Мемлекеттік сектор және ведомстволық бағыныстағы ұйымдар, квазимемлекеттік сектордан көлік құралдарын жұмылдыру есебінен бастапқы медициналық көмек саласын көлікпен қамтамасыз етуді шұғыл жүргізу қажет. Ауылдарда дәрігерлік амбулаторияларды санитариялық автокөлікпен жабдықтау қажет, – деп атап өтті спикер.
Тағы бір проблема – оңалту кезеңі. Қазіргі кезде COVID-19-бен ауырып шыққан адамдардың аз ғана бөлігі оңалтудан өтті, деп хабарлады Юлия Якупбаева.
Өз кезегінде, денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният алғашқы медициналық-санитариялық көмекті ұйымдастыруға қатысты өзгерістер жасалғанын айтты, соның ішінде нарық ұсыныстары ескерілген. Бүгінде өңірлерде үйлестіру орталықтары жұмыс істейді, олар әрбір емхана деңгейінде консультациялық жұмысты атқарады.
«Біз ауруханалардағы орын санын 3 есе көбейттік. Қазақстандықтар COVID-19-ға қарсы препараттардың 5 атауын үздіксіз алып жатыр, ковидке қарсы емдеу протоколы жаңарған. Рас, өңірдің барлығында дерлік оратлықтар біз қалайтын деңгейде жұмыс істеп жатқан жоқ, дегенмен министрлік жұмысқа мониторинг жүргізіп жатыр, мекемелерге тексерумен барып, ұсынымдар береді. ПТР-тестілеуге келер болсақ, мұндай проблема бары рас, қолдаймыз. Қазіргі кезде санэпидбақылау қызметі толық деңгейде жабдықталмаған, сондықтан осындай олқылықтар туындайды. Бұл мәселені шешеміз», – деп атап өтті Ажар Ғиният.
Күн сайын денсаулық сақтау министрлігі және барлық емханалар бос төсек орын, компьютерлік томограмма кабинеттерінің жүктемесі туралы мәліметтерді алып отырады, оның ішінде жедел медициналық бригадалар да деректермен қамтылған, деп хабарлады ведомство өкілі.
«Иә, қазіргі кезде біздің саланың жүгі ауыр, сапа жағы ақсап тұр, бір өңірде жұмыс жолға қойылған болса, келесі өңірде ештеңе жоқ, біз сәйкес ұсыным беріп, тексеру жүргіземіз. Бірақ жұмыс жүріп жатыр, нарықтағы әріптестер жұмыс ретін көрсе дейміз, біз үйлестіру орталығының жұмысын көрсетуге дайынбыз», – деді Ажар Ғиният.
Кеңес қорытындысы бойынша Денсаулық сақтау министрлігі бизнестің нақты ұсыныстары оларды іске асыру және өңірлерде қолдану мүмкіндіктері техникалық тұрғыдан қаралатын болады деп сендірді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: