Жауаптан гөрі сұрақ көп – «Атамекен» 1 қыркүйектен басталатын тексеру туралы
Денсаулық сақтау министрлігі кәсіпорындардағы вакциналау 1 қыркүйектен бастап тексерілетінін мәлімдеді.
Тиісті рейд жүргізу күздің басына белгіленген, алайда әзірге тексеру алгоритмі жоқ.
«Жұмыс орындарында вакцина салдырмаған қызметкерлердің болуы және кәсіпкерлерге сол үшін айыппұл салу мүмкін еместігі мәселесі бойынша санэпидбақылау органдарының тексеру жүргізуіне құқықтық негіз болмауына қатысты Бас прокуратура жауап берді. Содан кейін Денсаулық сақтау министрлігі вакцина салдырған қызметкерлерді тексеру туралы тармақты заңды ету үшін мониторинг топтардың жұмыс алгоритміне өзгерістер енгізді», – деп жазды «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы орынбасарынының м.а. Ербол Өстеміров Facebook парақшасында.
Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнес-қауымдастықпен кездесуге ведомство өкілінің қатысқанын атап өтті. Кездесуде ДСМ өкілі 1 қыркүйектен бастап рейдтер жүргізілетінін растаған, бірақ тексеру механизмі әзірленбеген. Министрлік әзірге мынадай алгоритмді қарастырып отыр: кәсіпкер вакцина салдырған қызметкерлердің тізімін жинап, жаңартып отырады, тексеру жағдайында бизнес нысан өкілі мониторинг топ мүшесіне аталған тізімді көрсетуі тиіс.
«Атамекен» мамандары ұсынылған схемаға қатысты бірқатар сұрақ қойды: тексеру жүргізуде мониторинг топ кәсіпкерден қосымша қандай құжаттарды сұрауы мүмкін? Қызметкердің қолында анықтама болмай қалса, вакцина салдыруға медициналық босатуы барын қалай дәлелдей алады, топ мүшелерінің қандай деректер базасына (COVID-19-бен ауырғандар, вакцина салдырғандар) рұқсаты бар?
«Заңнама тұрғысынан нормативтік актіні қабылдау процедуралары сақталған ба, қызметкерді вакцина салдырмағаны үшін жұмыстан шеттету еңбек кодексінің нормаларына сәйкес келе ме – тексеру керек. Алгоритмге келсек, тізімдерге жауап беретін кадр бөлімінің қызметкерлері жұмыс күнін аяқтаған кезде вакцина салдырған азаматтарды түнгі уақытта тексерудің орындылығына қатысты сұрақ көп. Антидене деңгейі жоғары азаматтарды вакциналаудың қажеттігі бар ма, медициналық босату алған азаматтарда ПТР-тестілеу анықтамасы керек пе? Министрлік ұсыныстарымызды талқылауға, бизнеспен кездесуге дайын екенін білдірді, алайда бізде осы жұмысқа 2 апта уақыт қалды», – деді Ұлттық палата өкілі.
«Атамекен» ҚР ҰКП кәсіпкерлерден мәселеге бей-жай қарамай, өз ұсыныстарын ak.smagulov@atameken.kz поштасына жіберуді сұрайды. Сарапшылар бизнес-қауымдастықтың позициясын қарастырып, мүдделі мемлекеттік органдармен талқылауға салады.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: