«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ақмола облысында «Егістіктен – дүкен сөресіне дейін» жобасы сәтті іске асып жатыр

2021 жылғы 12 Тамыз
- Ақмола облысы
27453 просмотров

Былтыр Степногорск тұрғындары іске қосқан «Егістіктен – дүкен сөресіне дейін» жобасы өз нәтижесін беруде.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдың мамырында Үкіметке «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, бірнеше өңірде «егістіктен – дүкен сөресіне дейін» аграрлық кооперациялық тізбекті дамыту жөніндегі пилоттық жобаны іске қосуды тапсырды. Пилотты үш облыс – Алматы, Жамбыл, Түркістанда іске асыруға бюджеттен қаражат бөлінді.   

Ақмола облысы пилоттық жобаға қосылмаса да ақмолалық шаруалар оңтүстік әріптестердің тәжірибесінен үлгі алды. Мысалға Степногорск қаласының үш тұрғыны тәуекелге бел буып, көкөніс өсіру бойынша жеке кооператив ашты. Кооперациялық тізбек мүшелерінде көкөніс өсіріп, сатуға қажетті әлеует болды.

Бизнес-идеяның авторы және «Ар-Ай» кооперативінің жетекшісі Гүлмайра Баймақова болды, ал «зәкірлі» кәсіпорын рөлін оның отбасына тиесілі «Олжас» шаруа қожалығы атқарды. Шаруа қожалығының мүшелері жобаға жер телімін, техника берді, көкөністерді суаруға арналған ұңғыманы бұрғылады, суды жылытуға арналған қазаншұңқырлар дайындады және егістіктерге тиімділігі жоғары тамшылатып суару жүйесін орнатты.

 Бұл жобаға «Бастау Бизнес» түлектері де қосылды. Өмірзақ Өтелов Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы 3,5 млн теңгеге несие алып, жүк тасымалдау үшін «газель» автомашинасын сатып алды. Ал осы уақытта Бахром Аманқұловта қаланың сауада орталықтарында өткізу нүктелері болды. Жобаға шамамен 7 млн теңге жеке қаражат салынған.

Былтыр кооператив мүшелері 3,5 га картоп, 0,5 га сәбіз және қызылша екті. Ал биыл егістік алқабы 10 гектарға дейін өсті, сонымен қатар қияр, қырыққабат, қызылша, сәбіз, шалқан, картоп сияқты көкөністердің ассортименті де ұлғайды.

 «Қазіргі кезде біз көкөністің әр түрінен жарты тоннадан өнім түсіреміз Мәселен, жақында 400 келі қияр, 700 келі қырыққабат жинадық. Ұйымдастырылған өткізу нүктелерінен басқа өнім тікелей елорда базарларына жіткізіледі, жергілікті әкімдік ұйымдастырған жәрмеңкеге де қатысады», – дейді Гүлмайра Баймақова.

 Жоба өзінше ноухау іспетті. Жергілікті тұрғындар үшін таптырмас бонус – төмен бағада экологиялық таза өнім береді. Алайда, кооператив мүшелері өндірісті кеңейту үшін оларға мемлекеттік қолдау қажеттігін жасырмайды. Жақында олар «Бизнестің жол картасы-2025» аясында 5 млн теңгеге дейін қайтарымсыз грант алу конкурсына қатысуға өтінім берді.

 Облыста АӨК-ті дамытуда әлеует зор. Дегенмен, барлығы өткізу нарығының шектеулі болуы және импорттық өніммен бәсекелестікке тіреледі. Бүгінде импорт өнімінің өңірлік нарыққа жеткізілу деңгейі 10 пайызды құрап отыр, негізінен бұл құс еті, жасымық, күнбағыс майы және сары май, көкөніс, жеміс-жидек.

 Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, Ақмола облысы да пилоттық жобаға қосылуды жоспарлап отыр, осыған байланысты ауыл шаруашылығы министрлігіне бюджеттік өтінім жолданды.

Азық-түлік тауарларын тұрақты сатып алуды қамтамасыз етуге ішкі сауданың 13 субъекті (сауда желілері, әлеуметтік павильондар) қатысады деп күтілуде. Сатып алынатын өнімнің жоспарланған көлемі – 1 млрд теңгеге 5 мың тоннаға жуық. Сауда желілері үшін өнім өндіру процесіне 10 шаруа қожалығын, 12 аграрлық өнім өндірушіні, 10 қайта өңдеу кәсіпорнын тарту көзделіп отыр.

 Ақмола облысы ӨКП мамандары бұл жоба министрліктің қарауында жатқанын айтты, деректер әлі де нақтыланады.

 «Түпкі нәтижеге ынталанған бірнеше қатысушының кооперациясы өндірістік-өткізу тізбегіне қосылады: тұтынушылар сапалы және қымбат емес өнімге қол жеткізсе, ал өндірушілер еңбегіне лайықты төлем алады. Мұндай ұйымдық құрылым қатысушыларға әртүрлі нарықтардың конъюнктурасынан тәуелсіз болуға, сапалы өсірілген өнімді делдалсыз өткізуге, өнімнің өзіндік құнын оңтайландыруға, тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді», – дейді ӨКП директоры Ерқанат Мұсылманбек.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер