9 тамыздан бастап бизнес нысандарының жұмыс уақыты ұзартылады
Бұл туралы Бас мемлекеттік санитар дәрігер өзінің Ұлттық кәсіпкерлер палатасына жазған ресми хатында хабарлады.
«Атамекен» ҰКП 1432 байланыс орталығына Аshyq жобасының қатысушылары үшін жұмыс кестесіндегі өзгерістерге, сондай-ақ соңғы қаулыдағы қайшы тармақтарға қатысты кәсіпкерлерден жиі келіп түскен өтінімдерге байланысты уәкілетті орган атына кәсіпкерлерге жоспарланған жұмыс кестесін түсіндіруді сұрап ресми хат жолдады.
«Қаулы мәтінінде 2021 жылғы 9 тамыздан бастап Ashyq жобасы бойынша жұмыс істейтін «қою қызыл» аймақтағы нысандарға сағат 22:00-ге дейін, «Ashyq лидерлері» статусын алған нысандарға сағат 00:00-ге дейін жұмыс істеу рұқсат екені жазылған. Алайда қаулыға 4-қосымшада осы аймақтағы нысандар сағат 20:00-ге дейін, ал «Ashyq лидерлері» сағат 22:00-ге дейін жұмыс істеу рұқсат етілгені көрсетілген. Бір құжатта осындай қайшылыққа байланысты кәсіпкерлер «Атамекенге» өтінім жасай бастады, біз бас санитарлық дәрігердің атына жағдайды нақтылау туралы ресми хат жолдадық», – деп атап өтті «Атамекен» ҚР ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева.
Ресми алынған жауапқа сәйкес 2021 жылғы 9 тамыздан бастап «қою қызыл» аймақтағы Ashyq жобасымен жұмыс істейтін нысандардың жұмыс кестесі сағат 22:00-ге дейін, лидерлерге сағат 00:00-ге дейін ұзартылды.
«Осылайша «қою қызыл» аймақтағы Ashyq жобасына қатысушылардың жұмыс режиміне қойылатын талаптар БСДҚ №33 қаулысының 4-қосымшасына сәйкес 2021 жылғы 9 тамызға дейін қолданылады», – делінген хатта.
Сонымен қатар хатта «қызыл», «сары», және «жасыл» аймақтардың нысандары бойынша түсіндірме берілген. Бас санитар дәрігердің ақпараты бойынша Ashyq жобасына қатысушы нысандар критерий талаптарына сәйкес жұмыс істей алады. Осы ретте «қызыл» аймақ өңірлерінде бас мемлекеттік санитарлық дәрігерлерінің Ashyq қатысушыларына қатысты айтарлықтай қатаң шараларды қарастыратын қаулылары қабылдануы мүмкін.
Еске сала кетейік, коронавирустық инфекцияның пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның 2021 жылғы 27 шілдедегі отырысында Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Атырау және Қарағанды қалалары "қою қызыл» аймақ ретінде белгіленді, осыған байланысты 2 тамыздан бастап аталған қалаларда анағұрлым қатаң шектеу шаралары енгізілді.
«Қою қызыл» аймақ – қатер деңгейі жоғары аймақ, ауруханаларда инфекциялық төсек-орындармен толтыру көрсеткіші 70%-дан жоғары немесе бір апталық кезеңде 100 мың тұрғынға шаққанда 200-ден астам төсек-орынмен толтырылу көрсеткішпен анықталады.
Хатта 2021 жылғы 9 тамызда ҚР Денсаулық сақтау министрлігі одан әрі шараларды қабылдау мақсатында жүктемені тиісті өлшемшарттар бойынша денсаулық сақтау жүйесіне бағалауды жүзеге асыратыны жазылған.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: