Экотуризм саласындағы мәселелерді пысықтау үшін жобалық кеңсе құрылады
Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мамандары туризм индустриясы комитеті, «KazakhTourism» ҰК» АҚ және БҰҰДБ өкілдері қатысуымен өткен жұмыс кездесуі барысында экологиялық туризм мәселелерін шешуде күш-жігерді біріктіру қажеттігін атап өтті.
Қазіргі кезде бірқатар ұйым мен ведомство бірнеше бағыт – экотуризм және Ұлттық парктер қызметін стандарттау, киелі жерлерге жалғыз аяқ жолдарды абаттандыру, рекреациялық жүктемені есептеу, қолөнер саласын жетілдіру бағыттары бойынша жекелей жұмыс жүргізіп жатыр.
Алайда көптеген тараптың күш салуына қарамастан түйткілді мәселелер шешілмей келеді, ал Ұлттық парктердің аумағында даму үдерісі көбінесе зоналау, рекреациялық жүктемені есептеу және қызметтерді коммерцияландыру нұсқаларын ескерусіз жүзеге асырылады.
ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева кейбір саяхат орындарында, соның ішінде ұлттық саябақтарда инфрақұрылым құрыла салысымен, сол жерге туристер көптеп келе бастайтынын, сондай-ақ – «кафені қайда орналастырамыз, дәретхана қайда болады, қонақ үй керек бола ма» сынды сұрақтар туындайтынын айтты. Демек аумақты міндетті зоналау мәселесі туындайды.
«Адамдар ұлттық паркке бару үшін алдын ала сайтта тіркелетіні бойынша халықаралық тәжірибе бар. Мұндай жағдайда паркке қанша адам келеді, қандай сервис нысандарын қайда, қанша орнату керегі түсінікті болады. Сервис көрсету орындарында рекреациялық жүктеме жоғарылау болуы мүмкін, соны есепке алу керек. Ал қорықтарда, ерекше қорғалатын орындарда құрылыс жүргізуге тыйым салынған», – деді Юлия Якупбаева.
«Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Ержан Еркінбаев рекреациялық жүктеме нормалары болмаған кезде туристік жаяу маршруттарды жайғастыруға деген көзқарас үстірт болатынын растады. Бүгінгі күні рекреациялық жүктеме көрсеткіші өзгеруі мүмкін бе, әлде ол тұрақты болып қалуы керек пе деген пікірталастар әлі де жалғасуда.
«Егер біз бүгін бірігіп, ортақ тәсілдерді пысықтамасақ, әркім – ұлттық парктер, мемлекеттік органдар, Қазақтуризм, бизнес – әрқайсысы саланы өзінше дамытатын болады», – деді Ержан Еркінбаев.
БҰҰДБ сарапшысы Ақмарал Ағажаева кездесуге қатысушыларды биоалуантүрлілік бойынша БҰҰДБ жобаларының портфелімен – жаһандық орман жобасы және биофин өңірлік жобасымен таныстырды, оның аясында экотуризмді дамыту жеке бағыт ретінде алынған. Кездесу барысында Ағажаева ханым халықаралық тәжірибеде қабылданған табиғи аумақтарды міндетті функционалдық зоналауға бөлуде экожүйелік тәсілдің ерекше маңызын атап өтті.
Елімізде экотуризмнің кезең-кезеңді дамуына заңнамалық базаның болмуы кедергі. Заң актілеріне – экологиялық туризм, рекреациялық жүктеме, зоналау және басқа да түсініктер енгізілгенмен, бүгінгі күні заңнамада рекреациялық жүктемені айқындау әдістемесін әзірлеу және бекіту жөніндегі уәкілетті органның құзыреті, сондай-ақ осындай әдістемеге сілтемелер жоқ. Әдістемені әзірлеуге қажетті құқықтық негіздеме жоқ, мұндай әдістеме болып жатқан өзгерістер – туристердің ағыны өсіп келе ме, керісінше төмендеп кетті ме, есепке алуы тиіс.
«Рекреациялық жүктемегі анықтау бөлігінде дұрыс бағытта жүру үшін әдістеменің маңызды бөлігі мониторингке берілуі тиіс. Яғни, біз негізгі шаманы анықтаймыз және келушілер санының экожүйеге әсерін қадағалаймыз, содан кейін біз бұл көрсеткішті экожүйені қалпына келтіру үшін белгілі бір жалғыз аяқ жолға баруды уақытша тоқтата тұрғанға дейін реттей аламыз. Туристер ағыны реттеп отыру үшін инфрақұрылымның жолға қойлуы маңызды», – деді Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ рекреациялық география және туризм кафедрасының доценті Александр Артемьев.
Жақын арада Үкіметке – «Кәсіпкерлікті дамыту» және «Жасыл Қазақстан» атты ұлттық жобалар таныстырылады. Осы Ұлттық жобаларға ұлттық парктердегі жерлерді зоналау, қажетті инфрақұрылымды тарту, өркениетті, тұрақты туризмді (жалғыз аяқ жолдар, көрініс алаңдары) дамытуға жағдай жасау, ұлттық парктерде қызметтерді сертификаттау сынды шаралар енгізілуі аса маңызды.
Бар мәселелерді жедел пысықтау, бүкіл ұсыныстарды, оның ішінде заңнамалық өзгерістерді шоғырландыру және оларды Үкіметке жедел шығару үшін ҰКП барлық мүдделі тараптар – экология, мәдениет және спорт, білім және ғылым министрліктерін, «KazakhTourism» ҰК» АҚ, БҰҰДБ, қоғамдық ұйымдарды тарта отырып, Жобалық кеңсе құруға бастамашылық жасады.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: