Бейнеу ауданының 72 жер учаскесі бойынша Өңірлік кәсіпкерлер палатасының атқарған шаралары
Осы жылдың 21 сәуірінде Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасына Бейнеу ауданының бір топ кәсіпкерлерінен ұжымдық арыз келіп түскен болатын.
Арыздың мазмұнында, Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің тексеруі нәтижесінде, Бейнеу ауданы бойынша 72 жер учаскесі заңсыз, яғни аукционсыз табысталғаны анықталған. Тиісті шаралар қолдану үшін Маңғыстау облысының қала құрылысы және жерді бақылау басқармасына хат жолдап, басқарма оларды мемлекетке қайтару үшін сотқа жүгінген.
Аталған даулы мәселені бітімгершілік арқылы шешу мақсатында, 2021 жылдың 30 сәуірінде Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасының жанынан құрылған кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Кеңесінің күн тәртібінде қаралып, талқыланды (хаттама №7).
Жиынның қорытындысы бойынша сотқа жолданған талап арыздарды кейін қайтару жөнінде өңір басшысына хат жолданды. Сонан соң «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасына ақпарат берілді. ҰКП басшылығы жемқорлықпен күрес агенттігіне ресми хат жолдап, мәселеге араласты.
Сонымен қатар, Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасының сарапшылары іскерлердің мүдделерін қорғау мақсатында, сот процестеріне тұрақты түрде қатысып келеді.
Алайда, өкінішке орай, 8 жер учаскесін мемлекет меншігіне қайтару жөнінде соттың шешімдері шықты. Олардың кейбіреулері бойынша аппеляциялық шағымдар дайындалып, сотқа жолдануда.
2021 жылдың 8 маусымында Маңғыстау облысының кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен осы даулы мәселе бойынша кезекті жиын өтті.
Басқосуға Маңғыстау облысының кәсіпкерлер палатасының директоры Р.Мұстапаев, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ғ.Ниязов, Маңғыстау облысы прокурорының орынбасары Е.Тұрмағамбетов, Маңғыстау облысының құрылыс және жерді қадағалау басқармасының басшысы Т.Асауов, Бейнеу ауданының әкімі Б.Әбілов, Маңғыстау облысының жер қатынастары басқармасының басшысы Е.Дүзмағамбетов, Маңғыстау облысының кәсіпкерлер палатасы директорының орынабсары Н.Калишева, Маңғыстау облысының кәсіпкерлер палатасы бөлімінің бастығы А.Жарылғасов, Маңғыстау облысының кәсіпкерлер палатасы бөлімінің сарапшылары Ж.Қосымбаева және Б.Иманғали қатысты.
Жиынға қатысушылар бірауыздан кәсіпкерлердің мәселесі түйіткілді екенін айтып, қоғамда наразылыққа әкеліп соқтырмау үшін тиісті шешімдер қабылданғаны дұрыс деген пікірге тоқтады. Жиынның қорытынды хаттамасы барлық қатысушыларға жолданып, тиісті шаралар атқарылуда.
Айта кетейік, Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасы іскерлердің мүддесін қорғау үшін өз құзыреті шеңберінде сотқа дейінгі барлық шараларды жүзеге асырды. Нәтижесі туралы қосымша жарияланатын болады.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: