«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ауыл шаруашылығы министрлігі жерді жалға алу құқығын сатуға қатысты қағидаларды бекітпеді

2021 жылғы 18 Маусым
7535 просмотров

 Үкімет екі ай бұрын ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне жер телімдерін сату және жалға беру үшін сауда-саттық жүргізу қағидаларына түзетулерді қабылдаудың соңғы мерзімін белгіледі. 21 мамырда жаңа ережелер күшіне енуі керек еді, алайда министрлік бұл өзгерістерді кезекті рет бекітпеді.

 Өткен жылдың шілде айында кәсіпкерлер Ұлттық палатаға мемлекеттік жерді жалдау құқығының тым жоғары бағасына шағымданды, ұсынылған баға жер телімін жеке меншікке сатып алу құнына пара-пар. «Атамекен» сауда-саттықты жүргізу қағидаларына өзгерістер енгізуді бастамалады, 2020 жылдың қазанында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі өзгерістер енгізу туралы сәйкес бұйрық шығарды. Ұлттық палата бұйрықтың қабылдануын күтпестен Үкіметке түзетулерді қабылдауға жәрдемдесу бойынша өтінішпен қайта жүгінді.

 Қолданыстағы қағидалар жер телімдерін жалға сатуда кадастрлық құннан төмен емес бағада сатуды талап етеді. Мәселен, егер кадастрлық құны 18,5 млн теңге болатын құрылысқа арналған жер телімін алатын болсақ, онда жердің 6 жылға жалдау құқығын сату құны Үкіметтің «Жер учаскелеріне төлемақының базалық ставкаларын белгілеу туралы» қаулысына сәйкес 2,2 млн теңгені құрауы тиіс.

 «Бұл баға жер телімдерін сауда-саттыққа қойған кездегі стартық баға болуы тиіс. Бірақ, егер қағидаларға сүйенсек, осы жер телімін 6 жылға жалға алу құқығы 18,5 млн теңгеден кем емес сомада сатылуы тиіс, демек жер оны жеке меншікке сатып алудағы толық құнымен жалға сатылуы керек. Мерзімдерді созу салдарынан бизнес уақыт және қаражат жағынан негізсіз шығынданады, ал кейбір өңірлерде тіптен НҚА-дағы қайшылықтарына түзету енгізіледі деп жалға алу құқын сату бойынша сауда-саттық мүлде өткізілмейді», – деді «Атамекен» ҚР ҰКП Құрылыс және жер қатынастары департаменті директорының орынбасары Ернұр Абжан.

Бұдан бөлек,1 қаңтардан бастап мемлекет тарапынан жер телімдерін және жалдау құқығын сату gosreestr.kz веб-порталы арқылы электронды форматта ғана жүзеге асырылады. Электронды сауда-саттықты жүргізу механизмі жаңа қағидаларда сипатталған.

 «Қағидаларды жаңа редакцияда қабылдау мерзімінің созылуы ҚР Жер кодексі нормаларының орындалуына кедергі келтіреді, нормалар мемлекеттің сауда-саттық арқылы жер учаскелерін беруді толық автоматтандыруды көздейді. Қағидаларды қабылдауға кедергі келтіретін себептерді көрмейміз. Сондықтан Премьер-министр атына Ауыл шаруашылығы бұйрығын қабылдауда жәрдемдесуді сұрап, хат жолдадық. Мерзімдердің созылуы қағидаларды қабылдау кезеңінде орын алды. Өйткені Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан қағидалар редакциясына әкімдіктердің өңірлік геоақпараттық жүйелері (ӨГАЖ) жөніндегі нормаларды енгізу туралы шешім қабылданды. Бұл ретте, геоақпараттық жүйелер ұғымы қабылдануы ағымдағы жылдың екінші жартысына жоспарланған заң жобасы шеңберінде бекітуге көзделетіні ескермеген. Өңірлік геоақпараттық жүйелердің өзі әзірлену және сынақтан өткізу сатысында»,  – деп атап өтті Ернұр Абжан.

Еске салсақ, өткен жылы «Атамекен» ҚР ҰКП мамандары жер телімдерін сауда-саттықта жалға алу құқығын сатуда бастапқы баға мен бағаны анықтауға қатысты заңнамада қайшылықтарды анықтады.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер