Кәсіпкерлер «Е-Шаңырақ» жүйесінің функционалын толықтыруды ұсынды
«Атамекен» ҚР ҰКП алаңында жиын өтіп, онда «Е-Шаңырақ» жүйесін енгізу арқылы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты цифрландыру мәселелері талқыланды.
Жиын барысында «Тұрғын үй коммуналдық-шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Нұрбек Серіков «Е-Шаңырақ» жүйесінің функционалын таныстырды. Жүйе табиғи монополиялар субъектілері, мүлік иелері бірлестіктері, мемлекеттік деректер қорынан және т.б. дерекқорлардан ақпарат жинайды. «Е-Шаңырақ» жүйесінде коммуналдық қызметтер тарифтері, тұрғын үй-коммуналдық ұйымдар тізілімі, сондай-ақ тұрғын үйді басқару саласындағы компаниялардың рейтингі және т. б. туралы ақпарат көрсетіледі деп күтілуде.
«Жүйе үздіксіз жетіліп, оны 2030 жылға дейін МЖӘ жобасы шеңберінде нарық қажеттілігіне қарай бейімдеуді жоспарлап отырмыз», – деді Нұрбек Серіков.
Ұлттық палата сарапшылары әзірлеменің тиімді жұмысы мен енгізу процесін жылдамдату үшін бизнес-қауымдастық тұрақты негізде көмектесуге және әзірлеушімен ұсыныстармен бөлісуге дайын екенін айтты.
«Жүйе мүмкіндіктері шексіз. Біз функционалды толықтырып, әзірлеу кезеңінде: тұрғын үй қорының ағымдағы жағдайы картасын қалыптастыру, ұқсас платформалармен біріктіруді (бейне-, фото- түсірілім) ұсынамын. Халықты тез ақпараттандырудың құралы ретінде туындайтын проблемалардың кең мониторингі мен диагностикасы, энергия ресурстарын тұтынуды қысқарту, сондай-ақ азаматтар қандай да бір қала үшін маңызды шешімдер қабылдауға қатыса алуы үшін экологиялық проблемаларға мониторинг жүргізу қажет. Алдағы қатысушылар үшін жүйеде жұмыс істеуді оқыту – маңызды мәселе», – деп таныстырды ұсыныстар пакетін «Атамекен» ҚР ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева.
«Расымен де бізге аталған мәселелерді жедел пысықтап, нарықтың әрбір қатысушысының осы жүйені әзірлеуге қатысу үлесін анықтау қажет. Мәселелер өте көп, бірақ, бірлесіп және бизнес-қоғамдастықтың көмегімен осы жүйені әзірлеу жедел қарқынмен ілгерілейді деген ойдамын», – деді ҚР ИИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Еркебұлан Дауылбаев.
Кооперативтер мен басқа да экономикалық қауымдастық формалары ұлттық қауымдастығының төрағасы Қазыбек Шайх қосалқы жүйе ретінде азаматтардың коммуналдық шығындарын азайту үшін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы мамандарды сертификаттауды ұсынды.
«Осы жүйені қалыптастыруда оқыту блогы аса маңызды екенін қолдаймын. Жалпы, «Е-Шаңырақ» жүйесін платформа ретінде әзірлеп жатқаны қуантады, келешекте оған нарық қатысушылары қосыла алады», – деп атап өтті Қазыбек Шайх.
Нұр-Сұлтан қаласы тұрақты даму орталығының мамандары ТКШ саласын цифрландыру және жеке ақпараттық жүйелер нарығының қызметіне мемлекеттің араласуы проблемалардың бірі, сондай-ақ, деректерді сақтау мәселесіне де назар аудару қажет деп санайды.
«Иә, Е-Шаңырақ» жүйесі мемлекеттік болады, жүйе web-нұсқа ретінде таныстырылады. Өзара іс-қимыл және тұрғын үйді басқару функциялары нарықтық ақпараттық жүйелер (қосымшалар) арқылы жүзеге асырылады. Заңнама талаптарына сәйкес жүйе тиісті сертификаттаудан өтіп, дербес деректердің толық қорғалуы қамтамасыз етіледі», – деді Нұрбек Серіков.
Жиынды қорытындылай келе, Юлия Якупбаева жүйені әзірлеу шеңберіндегі негізгі өзекті мәселелер, ұсыныстар тізбесін қалыптастыруды ұсынды. Ал «Е-Шаңырақ» жүйесі архитектурасын әзірлеу және оны енгізу процесін ТКШ саласын цифрландыру жөніндегі жұмыс тобының отырысы шеңберінде пысықтауды ұсынды.
Жұмыс тобына бизнес, мемлекеттік органдар (ИИДМ, Цифрландыру министрлігі, Әділет министрлігі) өкілдері, сондай-ақ «ҚазТКШорталығы» АҚ жүйесінің әзірлеушілері кірді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: