«Атамекен» ҰКП мен «Ақ жол» партиясы бизнесті қолдау мақсатында келісімге қол қойды
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен «Ақ жол» демократиялық партиясы кәсіпкерлердің құқығын қорғау бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.
Екіжақты келісімге отандық кәсіпкерліктің бәсекеге қабілетті болуын арттыру мәселелері бойынша бірлескен және келісілген іс-қимылдарды жүзеге асыруда тараптардың өзара қолдауы мен белсенді ынтымақтастығын қамтамасыз ету, кәсіпкерлік бастаманы іске асыру үшін қолайлы құқықтық, экономикалық және әлеуметтік жағдай жасау мақсатында қол қойылды.
Сондай-ақ тараптар келісім аясында кәсіпкерлікті дамыту және бизнес мүдделерін қорғау мәселелері бойынша жүйелі өзара іс-қимыл ұйымдастыруға уағдаласты.
«Біздің идеямыз – кәсіпкерлікке қатысты заңнаманы ыңғайлы ету. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы мемлекеттік қызметтің сервистік модельге ауысуы керек деген тапсырма берді. Кәсіпкерлік үшін сервистік модель – үш жылдан кейін «Бизнеске арналған үкіметке» жету», - деп атап өтті «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев.
Төралқа төрағасының айтуынша, кәсіпкерлікке қатысты 200 мыңға жуық заң мен 30 мыңға жуық нормативтік-құқықтық актіге сыбайлас жемқорлық сараптама жасау, мемлекеттік реттеудің шектен тыс болуы жағынан аудит жүргізіледі. Сондықтан алдағы тапсырманы орындау үшін бизнеске қатысты заңдар мен нормативтік-құқықтық актілерді талдау керегін атап өтті.
«Бірақ оған дейін біз реттеушілік базаны талдауымыз керек. Осы жерде партиямен өзара іс-қимыл жасауымыз керек. Өйткені сіз (Партия – еск.) кәсіпкерлікті қолдауға баса назар аударып келесіз және кәсіпкерлердің қажеттілігін жақсы білесіздер. Сондықтан кәсіпкер үшін, Қазақстан үшін мұның маңызы зор. Біз Үкімет, сіздің партиямен бірлесіп әрекет етсек бұл тапсырманы орындай аламыз деген ойдамын», - деді Тимур Құлыбаев.
Сондай-ақ Төралқа төрағасы Палата кәсіпкерлерді қолдайтын барлық парламенттік партиямен ынтымақтастық орнататынын атап өтті.
Өз кезегінде «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев мұндай келісімнің маңызы зор екенін атап өтті.
«Бизнес пандемия салдарынан қатты зардап шекті. Сондықтан Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді «таза парақтан» бастап реттеуді ойлану керек. Алдыңғы тәсілдердің бірқатары өзінің тиімділігін көрсетті. Мен кәсіпкерлер палатасының басшылығына Ұлттық банкпен, мониторинг топтарының жұмысы және басқа да мәселелерге қатысты үкіметпен дауларды шешуге, инвестициялық қолдау көрсету, салықтық реттеу мәселелерінде қолдау білдіргеніне алғыс айтамын. Алдымызда ауқымды тапсырмалар тұр және бұған дейінгі тиімді тәжірибемізге сүйене отырып, оларды орындауға елеулі үлес қосамыз. Бұл меморандумның біз үшін маңызы зор», - деді «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев.
Айта кетейік, Ұлттық палата әріптестік пен ортақ мақсатқа қол жеткізу үшін саяси партиялар және мемлекеттік органдармен ынтымақтастық орнатып келеді. 2016 жылғы шілдеде Палата «Nur Otan» партиясымен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды. Ал 2006 жылғы қарашадағы кәсіпкерлердің құқығын қолдау және қорғау мәселелері жөніндегі арнайы меморандум аясында Жоғарғы сотпен бірлесе жұмыс атқарып келеді.
Сондай-ақ «Атамекен» мен Бас прокуратура 2013 жылдың желтоқсанында құқығы бұзылған кәсіпкерлердің мәселелерін шешу үшін бірлесе қызмет етуге келісті. Алты жыл бұрын ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: