Жер қатынастары саласында әрбір екінші кәсіпкер жемқорлыққа тап болады – Шыңғыс Темір
Кәсіпкерлер сыбайлас жемқорлық факторларына тап болмауы үшін жүйені цифрландыруды жеделдету керек. Бұл туралы «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Шыңғыс Темір Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі V республикалық кәсіпкерлер форумында айтты.
«Сыбайлас жемқорлық бойынша арнайы шолу аясында жүргізілген зерттеулер сыбайлас жемқорлық жағдайына мына салалар тап болды: - жер қатынастары саласында – әрбір екінші кәсіпкер; - көлік, құрылыс, кеден салаларында – әрбір үшінші кәсіпкер; - салық және сатып алу салаларында – әрбір бесінші кәсіпкер. Мұндай мәселенің бар екенін көлеңкелі экономика бойынша зерттеулер де растайды», - деді Шыңғыс Темір.
Басқарма төрағасының орынбасары жалпы бизнестегі адами факторды жою, қайталанатын, керексіз талаптарды алып тастау үшін Палата «Бизнеске арналған үкімет» бірыңғай сервисін құра отырып, бизнеске арналған кешенді қызметтерді ұсынды.
«Мысалы, бизнесті тіркеу қызметі. Қазір ол үшін құрылтай құжаттарын дайындау, компанияны тіркеуге өтінім беру, банкте шот ашу, салық режимін таңдау және т. б. сияқты бірқатар рәсімді орындау қажет. Бұл қалай болады? Бір өтінім беру жеткілікті. Жоғарыда аталған барлық рәсім автомат режимде жасалып, өңделетін болады, ал өтінім беруші бір кешенді қызметті алады», - деді ол.
Сондай-ақ Шыңғыс Темір жер учаскесін беру және коммуникацияларға қосылу бойынша сервистер, мемлекеттік қолдау шараларын іздеу, салықтар, бизнес-тізілім, тәуекелдер профилі, тексерулерге қатысты цифрландыру тәртібін түсіндірді.
«Біз өз пайымымызды жеке мысалдар арқылы ғана ұсындық. Көптеген қызмет ұсынылады және әртүрлі IT-шешім арасында бәсекелестік болады. Біз үшін кәсіпкерлік үшін барлық бизнес-үдерісті түзету және барынша оңай ету, оларды бірыңғай базаға интеграциялау өте маңызды. Барлық қызмет толығымен автоматтандырылуы керек. Бұл «Бизнеске арналған үкімет» жобасын ілгерілетудегі нақты қадам болмақ. Барлық мемлекеттік қызмет пен қолдау шараларын «бір терезеде» шоғырландыру бизнесті жүргізу шарттарын айтарлықтай жеңілдетеді. Мұндай шаралар сыбайлас жемқорлық көріністерінің мүмкіндіктерін түбегейлі қысқартуға мүмкіндік береді», - деп түйіндеді сөзін басқарма төрағасының орынбасары.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: