Құрылыс саласында баға тағы өсті
Базалық құрылыс материалдарына бағаның күрт өсуіне байланысты кәсіпкерлер жаңа құрылыс нысандарының тағы 25-30%-ға қымбаттайтынын болжауда. Бұл туралы «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева өзінің Facebooк парақшасында жазды.
Салалық қауымдастықтың мәліметтері бойынша арматураның 1 тоннасына баға 142 %-ға өскен. 2020 жылдың наурыз-сәуірінде 1 тоннаға баға 198 мыңды құраса, қазір 430-480 мың теңгеге саудаланады. Қаңтар айынан бастап М-400 маркалы цементтің құны 60%-ға артқан, дәлірек айтсақ тоннасына 16,5 мың теңге болған цемент бірден 26,5 мың теңгеге дейін өскен.
Құрылыс ұйымдарының алдын ала есептеулері бойынша, егер дер кезінде тиісті шаралар қолға алынбаса құрылыс нысандарының қымбаттауы 25-30 пайызды құрайды.
«Ендігі сұрақ – құрылысы басталып қойған нысандарды қалай аяқтауға болады? «Нұрлы Жер» бағдарламасы шеңберінде шаршы метрінің бағасы шектеулі. Мемлекеттік сатып алу объектілерінің жобалық-сметалық құжаттамалары сараптамадан өтті (кейбірі бір жыл немесе бірнеше жыл бұрын). Міне, біз нарық пен ҰКП бірнеше жылдан бері айтып келе жатқан, ескерткен проблемаларға тап болдық», – деп жазады Юлия Якупбаева.
Атап айтқанда, кәсіпкерлер келесі проблемаларға тап болды:
-жеткізушілер мен өңірлер кескінінде құрылыс материалдарының бағасы көрсетілген цифрлық тізілімнің болмауы, тізілім бағалардың ауытқуына қарай дер кезінде шара қолдануға мүмкіндік береді.
-бағалары сәйкес емес ескірген жобалық-сметалық құжаттамалар;
-сатып алулар туралы заңнама (баға бойынша 10 пайызға дейін жеңілдік жасауға болады);
-кадрлық теңгерімсіздік.
«Бұл жерге тұрғын үй құрылысын қолдау бағдарламаларын қысқарту бойынша жоспар да қосылады. Сонымен қатар несие ставкасы да нарықтық ставка деңгейіне дейін өседі», – деп атап өтті ҰКП өкілі.
Қазақстан құрылыс салушылар қауымдастығының президенті Виктор Микрюков жобалық-сметалық құжаттаманы қайта қараудан басқа, жобаны бағалау мәселесін жеделдету қажеттігін айтты.
«Сараптамадан бөлек заңнамалық нормаларды қайта қарау мәселесі бар. Қазіргі кезде бағаның өсуіне байланысты контрактілердің бағасын қайта қарау мүмкіндік бермейтін норма бар. Мұндай тармақ жоқ», - деді спикер.
«Қазақстан құрылысшылар одағы» РЗТБ төрағасы Талғат Ерғалиевтың пікірінше, тұрғын үйдің қымбаттауына жол бермеу үшін отандық құрылыс материалдарының өндірісін ұлғайту керек. Ол үшін құрлысшылардың жобалары тиімді болуы шарт.
«Құрылыс және құрылыс индустриясын дамыту қажет. Бірақ ол үшін құрылыс компаниялары кірістер алу үшін құрылыс материалдарын шығаруға пайдаланылатын табысқа ие болуы керек. Сонда құрылыс салу тиімді болады», – деп түсіндірді Талғат Ерғалиев.
Юлия Якупбаева Қазақстан кәсіпкерлеріне саланың жоғарыда аталған проблемаларын шешу бойынша нақты кейстерді, есептер мен ұсыныстарды Ұлттық палатаға жіберу ұсынысымен жүгінді. Сектордың жинақталған ұсыныстары Үкіметке жіберіледі.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: