«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Сапалы заң – МЖӘ тиімділігінің кепілі

2021 жылғы 19 Сәуір
7967 просмотров

Осы жылдың басында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (бұдан әрі – МЖӘ) заңнамасына өзгерістер енгізілді

Алайда жаңа нормалар ірі компанияларға кедергі болып,  МЖӘ бойынша жобалардың азаюына әкеп соқты. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 2019 жылдың бірінші тоқсанында 30 жоба, 2020 жылдың осындай кезеңінде 28 жоба іске асырылса, осы жылдың бірінші тоқсанында бар болғаны 12 жобаға шарт жасалған. МЖӘ төңірегіндегі осы және өзге де мәселелер Аманжан Жамаловтың төрағалығымен өткен Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларының мониторингі жөніндегі Кеңестің отырысында талқыланды.

«Біз бұл заңнамада МЖӘ бойынша қабылданған нормалар мен түзетулерді комиссияда талқылағанбыз. Бірақ практика «бір жағалаудан екінші жағалауға секіргенімізді» көрсетіп отыр. Алайда «артық қыламыз деп тыртық қылып қойдық». Сондықтан проблеманы дер кезінде шешу керек», - деп көтерді мәселені Мәжіліс депутаты, Кеңес төрағасы Аманжан Жамалов.

«Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Нариман Әбілшайықовтың айтуынша, жаңа нормаға сәйкес, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жасау үшін инвесторда жоба құнының кем дегенде 20 % болуы керек. Мұндай түзету қаражаты шектеулі, МЖӘ жобасын іске асыруы қиын болатын шағын және елеусіз компанияларды іріктеу үшін жасалғаны түсінікті. Дегенмен, бұл норма көптеген ірі компания үшін МЖӘ жобасын іске асыруға кедергі болып отыр.

«Басқаша айтқанда, мемлекет әріптесті таңдау рәсімдерін жүргізіп, біреуді таңдайынша, компания ақшасын жұмсамай отыру керек. Әрине, мемлекеттік орган оны таңдай ма, жоқ па – ол да белгісіз. Жаңа норма салдарынан жыл сайын МЖӘ аясында жасалған шарт саны азайып жатыр. Статистикаға сүйенсек, 2019 жылдың бірінші тоқсанында 30 жоба, 2020 жылдың осындай кезеңінде 28 жоба болса іске асырылса, осы жылдың бірінші тоқсанында бар болғаны 12 жобаға шарт жасалды», - деді ол.

Сонымен қатар, заңнамадағы түзетулерге сәйкес, жаңа өндіріс орнын ашу, жұмыс істеп тұрған өндірісті жаңғыртуға және кеңейтуге бағытталған кәсіпкерлік субъектілерінің жобаларын инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен жабдықтау МЖӘ аясында іске асырылады. Алайда, Нариман Әбілшайықовтың айтуынша, бұл бағытта әлеуметтік сала еленбей қалған.

Сонымен қатар, білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова мектеп құрылысы саласындағы МЖӘ жобаларының маңыздылығына тоқталды.

«Жыл сайын 120-140 мың бала мектеп бітірсе, оның орнына 400 мың бала мектеп табалдырығынан аттайды. Жалпы, мемлекет – мектеп құрылысы саласында нашар менеджер. Неге МЖӘ керек? Өйткені бұл нарыққа мектепті жылдам салатын МЖӘ аясындағы жобалар керек. Сондықтан мектеп құрылысы саласына серіктестер келгенін қалаймыз», - деді вице-министр.

Сондай-ақ Кеңес отырысында бизнес өкілдері де МЖӘ аясында заңнамаға өзгеріс енгізу бойынша ұсыныстарын айтты.

Ал ҚР ҰЭМ вице-министрі Әлишер Әбдіқадыров Үкімет аталған мәселелерді талқылауға дайын екенін жеткізді.

«Бұл норма толық зерделенбегені көрініп тұр. Сондай-ақ бізде МЖӘ рәсімдерін жасау ұзаққа созылуы мүмкін болғандықтан, инвестордың ақшасын айналымға салғызбай, «тоқтатып қою» дұрыс емес. Бұл тіпті жобаның 10 пайызға қымбаттап кетуіне әкеп соғуы мүмкін. Өйткені бұл ақша жұмсалмай, осы норманы қанағаттандыру үшін «қатып тұрады». МЖӘ жобасын жеңіп алғанмен де, мемлекет алдындағы міндеттер де 5-10 пайызға қымбаттауы мүмкін. Біз нарықпен, Кәсіпкерлер палатасымен бұл мәселелерді қалай реттей алатынымызды анықтау үшін ұсыныстарды жинақтадық. Түрлі сұрақ туындап жатыр. Бұлардың бәрін Кеңес аясында талқылаймыз», - деді Әлишер Әбдіқадыров.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларының мониторингі жөніндегі Кеңестің төрағасы, Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов Кеңес отырысында айтылған ұсыныстарды заңнамалық негізде бекітуге атсалысатынын атап өтті.

«МЖӘ жобаларының бюджетке қатысты тиімділігін бағалауды трансформациялауымыз керек. Мемлекет пен бизнес ынтымақтастығын іске асыру арқылы МЖӘ жобасының тиімділігін көрсету керек – бұл ең алдымен қарапайым азаматтарға керек.  Біз заңнама дайындайтын орган өкілі ретінде бүгін айтылған өзгерістерді заңға енгізу міндеттерін алуға дайынбыз», - деді Аманжан Жамалов.

Айта кетейік, Кеңес отырысына бизнес-қоғамдастық, өңірлік әкімдіктер, мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Олар МЖӘ жобаларын өңірлерді дамытуда және қазақстандықтардың өмір сүру деңгейін жақсартуға қолдану мүмкіндігін талқылады. МЖӘ механизмін қолдана отырып, өңірлік даму бойынша МЖӘ сарапшылар қауымдастығының ұсыныстарын талдады.

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер