«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Шыңғыс Темір: «Атамекен» құрылғаннан бері жүйелі мәселелердің 83%-ы шешілді

2021 жылғы 11 Наурыз
1262 просмотров

«Атамекен» ҰКП құрылғаннан бері кәсіпкерлік саласында 634-ке жуық жүйелі проблема анықталды, оның 529-ы немесе 83%-ы шешілді.

Бұл туралы «Кәсіпкерлік саласындағы прокуратура қадағалауы» атты бизнесті қорғау жөніндегі V форумда ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Шыңғыс Темір айтты.

«Өткен жылы Бас прокуратурамен қол қойылған Жол картасында 36 тармақ болды, олардың басым бөлігі, атап айтқанда 21-і орындалды, 15 тармақ бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр және 2021 жылға арналған Жол картасына ауыстырылды. ҰКП құрылғаннан бері барлығы 634-ке жуық жүйелі проблема анықталды, оның 529-ы шешілген», – деді ол.

Шыңғыс Темір жол картасы аясында шешілген өзекті мәселеге тоқталды.

«Көші-қонға байланысты кішігірім заңбұзушылыққа жол берген шетелдік турист айыппұлды әуежайда төлеуіне мүмкіндік жасалды. Бұған дейін туристер рейсті тоқтатып, айыппұл төлеу үшін сот шешімін күтуге тура келетін. Енді айыппұлды терминал арқылы төлей алады. Сонымен қатар, шетелдік азамат айыппұлды бірден емес, 30 күн ішінде төлеуіне мүмкіндік бар. Мысалы, өткізу пункттерінде терминалдар болмаған жағдайда, тиісті деректемелері бар арнайы түбіртек туристің қолына беріледі», – деді Басқарма төрағасының орынбасары.

Сондай-ақ, ол «Атамекен» ҰКП мен Бас прокуратура бірлесіп, кәсіпкерлердің құқықтары мен олардың заңды мүдделерін қорғаудың жай-күйі туралы зерттеу жүргізгенін атап өтті.

«Қылмыстық кодекстің «Рейдерлік» туралы 249-ы бабы іс жүзінде жұмыс істемейді. Жылдан-жылға біз елеусіз статистиканы байқаймыз, 2020 жылы сотқа тек 2 іс берілді. Бас прокуратурамен бірлесіп кәсіпкерлердің құқықтары мен олардың заңды мүдделерін қорғаудың жай-күйі туралы зерттеу жүргізілді. «Рейдерліктің» қазіргі жағдайы осы зерттеу аясында талданды. Заңға енгізілуі тиіс түзетулердің жобасын әзірледік. Ендігі қадам – түзетулерді заңнамалық тұрғыда бекіту, – деді ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Шыңғыс Темір.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер