«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Атырауда пандемия салдарынан бизнестің даму көкжиегі тарылды

2021 жылғы 08 Ақпан
- Атырау облысы
7469 просмотров

Бұл Атырау облысының кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлік субъектілері арасында өткізген пандемияның әсерін анықтауға арналған онлайн-сауалнаманың нәтижелері.

Сауалнама өткен жылдың қорытындысы бойынша ұйымдастырылды. Жалпы, сауалнамаға облыстың түкпір-түкпірінен 1932 кәсіпкер қатысты, оның 90 пайыздан астамы шағын және микро бизнес. Респонденттердің көпшілігі қызмет көрсету саласының (63%), сонымен қатар сауда (17,3%), ауыл шаруашылығы (5,8%), көлік және логистика (4,3%)  өкілдері.

«Сауалнама нәтижесі бойынша респонденттердің 72 пайызы жақын айларда бизнесті дамытуға қатысты жоспар болмайтынын айтқан. Респонденттердің 9 пайызы ішкі шығындарды қысқартпақ. Кәсіпкерлердің 7,2 пайызы мемлекеттік қолдау алуға өтініш бермек, 4,8 пайызы – бизнесті жабудан басқа жол жоқ дейді, 4,1 пайызы – қашықтан жұмыс істеуді жоспарлап жатыр.  Небәрі 7,1 пайыз респондент бизнесті кеңейтуге ынтасы бар. Біздің есептеуіміз бойынша облыста пандемия салдарынан 18 мыңға жуық бизнес субъектісі зардап шеккен», – деді Атырау облысы ӨКП директоры Абдолла Идресов. 

Респонденттердің 56 пайызына  жұмыс уақытын шектеу теріс әсер етті, 7,6 пайызы бизнесін тоқтатқан, ал респонденттердің 7 пайызы демалыс күндеріндегі жұмыс уақытының шектелуіне байланысты шығын көрген. Сауалнамаға сәйкес, қызметкерлердің қысқаруының ең жоғары қарқыны 2020 жылдың наурызынан қараша айына дейін келесі бағыттарда байқалды: бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыру – 75%, ойын-сауық – 59,3%, қоғамдық тамақтандыру – 48,1%, көлік және логистика – 47,5% , құрылыс – 46,9%.

 «Пандемия салдарынан бизнесте туындаған негізгі проблемалар – кірістің азаюы, қызметкерлерге еңбекақы төлей алмау және бизнесті қалыпта ұстай алмау, сондай-ақ жалдау құнын төлей алмау. Респонденттердің пікірінше, жағдайды мемлеттік қолдау шаралары түзей алады: салық және бюджетке төлемдерден босату, коммерциялық және жалдау төлемдерден босату, жұмыскерлерге әлеуметтік төлем жасау, пайызсыз несие төлеу, ағымдағы несиелерді қайта қаржыландыру және басқа», – деді Палата директоры.

 Айта кетелік, қазіргі кезде «Атамекен» ҰКП бизнеске Үкімет тарапынан қолдау шаралары бойынша кәсіпкерлер арасында сауалнама бастады. Ұлттық палата сауалнама нәтижелерін қорытып, бизнес қоғамдастықпен талқылау негізінде ҚР Үкіметінің қарауына ШОБ қолдау шараларын ұсынады. Сауалнамаға қатысу үшін кәсіпкерлік субъектілері тұрғылықты жері бойынша облыстық және аудандық кәсіпкерлер палаталарына хабарласуы керек.

         


Еншілес ұйымдар

Серіктестер