«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Маңғыстауда әлеуметтік бизнесті дамыту қажет

2020 жылғы 25 Желтоқсан
- Маңғыстау облысы
3680 просмотров

Белгілі әлеуметтік кәсіпкер Эмин Әскеров Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасында үш күн бойы  семинар-тренинг өткізді. Мақсат- облыс кәсіпкерлерін әлеуметтік бизнестің қыр-сырын үйрету, бизнес-жоспарды дұрыс жасақтау, мүгедектерге мемлекет тарапынан берілетін көмектер мен бағдарламаларды тереңірек ұғындыру

Шараға 35 адам жиналды. Олардың қатарында Маңғыстау мен Атырау облыстарының іскерлері, үкіметтік емес ұйым өкілдері, әлеуметтік аз қамтылған отбасы мүшелері болды. Ал онлайн байланысқа Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Павлодар тұрғындары қосылды.

«Маңғыстауда мүгедек балаларды оқытатын қосымша үйірмелер, оларды тәрбиелейтін орталықтар аз екен. Кәсіпкерлікті осы бағытта дамытса жақсы болар еді. Бұл өңірдің туристік әлеуеті өте жоғары. Сондықтан да кәдесыйлар жасауға, қоғамдық тамақтану орындарында мүгедектердің еңбегін пайдалану арқылы кәсіпкерлікті жандандыруға болады. Бұл әлеуметтік осал топтарды өздігінен өмір сүруге құлшындырса, мемлекетке салық, жұмыс көзі болады. Қазіргі карантин жағдайларға байланысты енді дәрістерді онлайн өткізуді жоспарлап жүрмін»,- дейді Эмин Әскеров.

Маңғыстауда зағиптар қоғамы, мүгедектер қоғамдық бірлестігі белсенді жұмыс істейді. Кәсіпкерлікті жандандыру үшін соларда тіркелген жандарды еңбекке тартуға әбден болады. Білікті маманның дәрісін тыңдауға ниет білдірушілер көп болды. Айнұр Қилыбаева мұндай тренингке алғаш рет қатысты. Өзі 12 мүгедек жанды тігін шеберханасындағы кәсібінде жұмыс көзін тауып берді.

«Біз тігіннен кез-келген тапсырысты қабылдаймыз. Тігіншілеріміздің жартысы құлағы естімейтін жандар, қалғандары әртүрлі топтың мүгедегі. Біздің ғимаратымыз ескі, жөндеужұмыстарына мұқтажбыз. Құрыл-жабдықтар да жетіспейді. Оны көмек ретінде сұрасақ, бас тартқан жауап аламыз. Жеке кәсіпкер ретінде өз мәселеңді өзің шешу керек екен. Бұл семинарда мен әлеуметтік іскер болғандықтан жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп емес, қоғамдық қор ретінде ашылса мемлекеттен де, мекемелерден де жәрдем алуға болатынын білдім. Тендер мен гранттар алуға да қолдау болатынын естідім. Өзіме өте пайдалы мәлімет жинадым»,- дейді кәсіпкер.

Шараны ұйымдастырушы Арзу Изембаеваның айтуынша, маңызды тренингті сәтті өткізуге еріктілер көмектескен. Ол да семинарда көп ой түйгенін жеткізді. Қазақстанда жарымжан жандарға қамқорлық көрсететін шетелдік 158 қор бар екенін естіп, білді. Семинарда мүгедек жұмысшыға жалақыны жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар мекемесіне төлетуге болатын жолын үйренді.

Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасының қаржылай емес қолдау бөлімінің басшысы Аманат Махмсутов: «Біз әлеуметтік бизнесті кеңінен насихаттау үшін өз алаңымызды ұсынып, ұйымдастыру шараларына ат салысып отырмыз. Мұндай тренингтің берері көп. Облыстың әр түпкірінен жиналған кәсіпкерлер мүгедектерді жұмыспен қамтудың маңызыдылығын толық түсінді. Осы алған білімдерін жүзеге асыру үшін Өңірлік кәсіпкерлер палатасы қолдауға дайын»,- деді.

 Семинар соңында арнайы сертификаттар табыс етілді.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер