Шағын бизнеске үлкен соққы: мониторингтік топ кәсіпкерге 1 200 000 теңге айыппұл салған
Пандемия кезеңінде Евгения Гуринаның бизнесіне қиын болды, бірақ кәсіпкер күні-түні еңбектеніп, кәсібін сақтай алды. Бірақ мониторингтік топ келіп, балалар орталығына «соққы» жасады. 1 200 000 теңге көлемінде салынған айыппұл Евгенияның кәсібін нокаутқа жіберді. Ал бастауыш кәсіпкер орталық ашуға алған несиені де жауып үлгермеді.
Тексеру 7 қараша күні жүргізілді. Осы күні Лисаковтағы «Три мартышки» балалар клубында слайм әзірлеу бойынша шеберлік сабағы өтті. Жалпы ауданы 100 шаршы метр нысанда 8 адам болған. Евгения адамдардың мұндай саны соңғы қаулыға қайшы болмайды деп есептеген, санитарлық құжатта балалар орталығына бір адамға 4 шаршы метр есебімен жұмыс істеуге рұқсат берілген.
«Бастап үлгермей жатқанда мониторингтік топ келді. Ешқандай бұзушылық анықталған жоқ, профилактикалық әңгімелесу жүргізу үшін СЭҚ-қа келу керек деп айтты. Бізді таратпады, жұмысқа тыйым салмады, біз тексерушілер кеткен соң балаларды оқытуды жалғастырдық. Алайда келесі күні олар тағы келді. Басып кірді десек болады. Кіріп келіп, бәрін түсіре бастады, балалардың үрейін алды. Осы жолы мен 10 балаға шеберлік сабағын өткізіп жаттым. Тексерушілер маған 5 адамнан артық – топтасу орын алатынын айтты. Мен осындай талап жазылған құжатты көрсетуді сұрадым, бірақ олар өтінішіме құлақ аспады», – деді Евгения Гурина.
СЭҚ қызметкерлерімен кездесу 13 қарашада өтті. Евгения онда профилактикалық әңгімелесу өтетініне сенімді еді, сол себепті айыппұл туралы жаңалық оған төбеден жай түскендей болды. Кәсіпкердің бұзушылық жасауы 1 200 000 теңгеге есептелді.
«Мен есенгіреп қалдым, мұндай қаражат менде жоқ, мен тіпті жыл бойы ондай ақша таппаймын. Маған: «Онда біз мүлігіңізді тізімге алып, сот приставын жібереміз, сонда тіптен жағдай қиындайды» деп жауап берді. Қазір орталықты сатуға қойдым, бірақ қазіргі қиын жағдайда сатыла қоймайды деп ойлаймын», – дейді кәсіпкер.
Евгенияның айтуынша айыппұл қандай бұзушылық үшін салынғанын түсінбеді. Көмекке Кәсіпкерлер палатасына жүгінді.
«Мониторингтік топтарға шағым көп түсуде. Әр жағдаймен жекелей айналысудамыз. Негізсіз айыппұлдар мен мониторингтік топтардың заңсыз әрекеттері орталық деңгейде бірнеше рет көтерілді. Қазір алғашқы нәтижелер бар – ҰКП бұзушылықтың ауырлық дәрежесін жіктеуге қол жеткізді. Енді айыппұлдар тәуекелдер деңгейін бағалау критерийлерінде ауырлық дәрежесі бойынша: «кішігірім», «айтарлықтай», «өрескел» деп жіктеумен салынады. Демек, бұзушылық деңгейі төмен болса, шығын да аз болады», – Қостанай ӨКП бөлім бастығы Ренат Дәулетпаев.
Евгенияға салынған негізсіз айыппұл бойынша жоғары тұрған органдарға шағым түсіріледі.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: