«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Жамбыл облысының бас санитарлық дәрігері: «Мейрамханалар қоғамдық тамақтану форматында жұмыс істей алады»

2020 жылғы 19 Қараша
- Жамбыл облысы
9638 просмотров

Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасында облыстың бас санитарлық дәрігері Салтанат Әлібаевамен ұйымдастырылған кездесуде кәсіпкерлер өздерінің сұрақтары мен ұсыныстарын айтты. Кездесу онлайн және оффлайн форматта өтті, сондай-ақ өңірлік палатаның фейсбуктегі ресми парақшасында тікелей эфир болды.

Жамбыл облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2020 жылғы 27 қазандағы №39 қаулысына сәйкес, ойын-сауық, спорттық, отбасылық және мерекелік шаралар, форумдар, көрмелер, банкеттер өткізуге тыйым салу бүгінгі күнге дейін жалғасып келеді.

Кездесуде балалар ойын-сауық орталықтарының өкілдері, әрине, барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, осы қызмет түрі жұмыс істейтін көрші елдердің мысалын келтіре отырып, ойын аймақтарынан шектеулерді алып тастау туралы мәселені көтерді. Ал рестораторлар шектеулі адам санымен (50 адамға дейін) және тіпті шектеулі уақытпен банкеттер мен мерекелік шаралар өткізуге рұқсат беруді сұрады.

Өз кезегінде облыстың бас санитарлық дәрігері рұқсат беруге әлі ерте екенін, оған тиісті Министрліктің келісімі керектігін атап өтті.

«Бүгінде еліміздің бірнеше өңірі қызыл аймаққа енген, бақылау бекеттері орнатылуда, сондықтан біз пандемияның өршуіне жол бере алмаймыз. Бірақ мейрамханалар қоғамдық тамақтану орындары ретінде қайта форматтала алады, сонымен қатар, жеткізу қызметін де атқара алады. Банкеттер өткізуге қатаң тыйым салынған», - деді Салтанат Әлібаева.

Рестораторлар жаңа жиһаз, ыдыс-аяқ сатып алу, интерьер дизайнын өзгерту және т.б. қажетсіз шығындар деп санайды.

Несиелер бойынша жеңілдік мерзімі аяқталып келеді, қарызды төлеуге қаражат жоқ, енді мейрамхананы тамақтану орнына қайта форматтау да қаражатты қажет етеді.

Өткен айда мониторингтік топтардың мүшелері әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы 213 хаттама толтырды, 22 миллион теңгеден астам айыппұл салынды.

Кездесуде директордың құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Жомарт Махмут мониторингтік топтардың тексеру жүргізу тәртібі, олардың кім екендігі және қандай өкілеттіктері бар екендігі туралы мәселені көтерді, өйткені соңғы кездері бизнес тарапынан сұрақтар мен осы топтардың өкілеттіктеріне қатысты «ауызша шағымдар» жиілеп кетті.

«Облыста 51 мониторингтік топ жұмыс істейді, оның 12-сі Тараз қаласында. ҚР Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес, Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет қызметкерлері бұл құрамға кірмейді. Мониторингтік топтардың әрекет ету тәртібіне келетін болсақ, біріншіден, олар видео, фотосурет түсіруге, түсініктеме алуға құқылы. Жеке және заңды тұлғаның жауапкершілігін нақты ажырату қажет. Мысалы, егер келушілер объектіге бетпердесіз кірсе, бұл жеке тұлғалардың жауапкершілік аймағы, бірақ сонымен бірге объект клиенттерге бетпердесіз кіруге жол бермеуі керек. Егер бизнес өз қызметкерлерін дезинфекциялық құралдармен қамтамасыз етпесе, кәсіпорында санитарлық-дезинфекциялық режим сақталмаса, онда бұл заңды тұлғаның жауапкершілігі», - деп түсіндірді санитарлық дәрігер.

Естеріңізге сала кетейік, ведомствоаралық комиссия 2020 жылғы 17 қарашада бірқатар шешімдер қабылдады, соның ішінде Қазақстан Республикасы мен облыстардың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерлерінің қаулыларын шектеу шараларын енгізуден 3 күн бұрын қабылдау тапсырылды. Бұл бизнеске мүмкін болатын өзгерістерге алдын-ала дайындалуға мүмкіндік береді.

Бизнес пен облыстың бас санитарлық дәрігері арасындағы осындай кездесулер күн сайын өткізіліп тұрады, барлық сұрақтар бойынша сіз Жамбыл облысының кәсіпкерлер палатасына жүгіне аласыз, сонымен қатар, 8 (7262) 555 914 номеріне хабарласуыңызға болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер