Қасым-Жомарт Тоқаев: Қазіргі міндет – көктемдегідей жаппай карантинге жеткізбей, пандемияны ауыздықтау
Мемлекет басшысы коронавирус індетінің таралуына қарсы іс-қимыл шаралары жөнінде кеңес отырысында Үкімет алдына көктемдегідей жаппай карантинге жеткізбей, пандемияны ауыздықтау бойынша жңа міндет қойды.
«Үкімет жемқорлыққа жол берілуі мүмкін барлық учаскелерді қатаң бақылауға алуы тиіс. Пандемияның бірінші толқыны кезінде жемқорлықпен бетпе-бет келдік. Бұл – медициналық бетперделер мен дәрі-дәрмек бағасын арттыру, бақылау-өткізу пунктеріндегі құқық бұзушылықтар, медицина қызметкерлеріне төлем тағайындау кезіндегі жемқорлық», – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Бақылаушы органдардың, яғни, полиция қызметкерлерінің, әкімдіктер мен мониторинг өткізетін топтардың жұмыс сапасына ерекше назар аудару қажеттігіне жекелей тоқталды. Пандемия кезінде оларға бизнес пен азаматтарды тексеруге зор, яғни, төтенше өкілеттіктер берілгенін баса айтты.
«Бұл өзін-өзі ақтады. Мұндай өкілеттіктерді дұрыс қолданған жөн, оны асыра пайдалануға болмайды. «Кімді және қашан тексеретінімді өзім білемін» деген қағидаға жол берілмесін, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы санитарлық талаптар мен шектеу шараларының сақталуына компания басшыларының және бизнес иелерінің жауапты екенін еске салды. Соңғы уақытта ірі кәсіпорындардағы еңбек ұжымдарында вирус жұқтырғандарың саны арта бастады. Қоғамдық көліктердегі санитарлық жағдай және азаматтар көп шоғырланатын орындарда әлеуметтік қашықтықтың сақталмауы алаңдаушылық тудыруда.
«Пандемияның екінші толқыны көптеген белгілері бойынша өзгеше болмақ және ел экономикасы үшін күрделі кезеңде өтпек. Біз мұны ескеруіміз керек. Бүгінде бүкіл әлем «ковид теңдеуі» деп аталатын күрделі мәселені шешудің алдында тұр. Мұндай жағдайда тұтас бір саланың жойылып кетуі ғана емес, оның кейін білінетін салдары да оңай тимейді. Жұмыссыздық өршіп, білім беру ісіндегі олқылықтардың кесірі түрлі теріс пиғылдардың асқынуына, оның ішінде, қылмыстың өршуіне әкеп соқтыруы мүмкін. Сондықтан қазіргі міндет – көктемдегідей жаппай карантинге жеткізбей, пандемияны ауыздықтау, – деді Мемлекет басшысы.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: