Жекеменшік балабақшалар жабылу қаупінде
Карантиннен кейін жекеменшік 4428 мектепке дейінгі білім беру мекемесі жұмысын тоқтатуы мүмкін екендігі бұған дейін де айтылған болатын.
Бұл осы жылдың 12 мамырынан бастап мемлекеттік тапсырыс тек нақты балалардың саны үшін төленетіндігімен байланысты болды. Енді, балабақша иелері наурыз айынан бастап балабақшада көрсетілетін қызметтердің азаюына байланысты үнемделген қаржының есебін өткізуі тиіс екен. Алайда балабақша басшылары карантин талаптарын сақтау тәрбиешілердің жұмысын екі еселеп, кезекші топтағы балаларға да, әрі онлайн оқытумен де айналысып жатқандарын айтуда. Сонымен бірге, жекеменшік балабақшалардың табысы 60 пайызға дейін төмендеп кеткен.
Сондай-ақ, бүгінгі күні жан басына қаржыландыру әдіснамасының стандарты бекітілмеген (ҚР БҒМ 2017 жылғы 27 қарашадағы №597 Бұйрығы). Кәсіпкерлердің айтуынша, заң тек мемлекеттік балабақшалар үшін ғана қабылданған. Жеке меншік балабақшалар бұл заңды бұзады және толық мемлекеттік тапсырыс алмайды. Осы және өзге де мәселелер бүгін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасы ұйымдастырған жекеменшік балабақша құрылтайшылары, үздіксіз білім беру қауымдастығы басшылары қатысқан басқосуда айтылды.
Қазір балабақшаларда кезекші топта бала саны 15-тен артық болмауы тиіс. Топта 15 немесе 25 бала барғанына қарамастан, балабақша құрылтайшылары қызметкерлерге толық көлемде ақы төлеуге міндетті. Бұл шығындарды ата-аналардың есебінен өтеу мүмкін емес, өйткені ата-аналардың төлемі тек тамақтануды қамтиды.
Былтырғы жылдың дәл осы уақытында балабақшаға келушілердің саны 89 пайызды құраса, қазір 40-50 пайыз шамасында. Осыған қарамастан, жергілікті әкімдіктер мен прокуратура тарапы жекеменшік балалақшалар үнемделген қаржының есебін тапсыруы керек деген шешім шығарған. Егер талап орындалмаса мемлекет қазынасына әр баладан 15 000 теңге көлемінде қаржы қайтару керек.
Алайда, балабақша иелері карантин басталғалы табыстарының азайып, жабылуға шақ отырғандарын айтуда. Мұндай талаптардың болатынын білгенде наурыздан бері балабақша қызметін тоқтатып, қызметкерлерді қысқартуға жіберген болар едік деп отыр.
Соңғы уақытта жекеменшік балабақшалар мемлекеттік білім беру тапсырысын төлеуге байланысты проблемаларға шағымдана бастады. Карантин басталғаннан бері жекеменшік балабақшалар көптеген қиындықтарға тап болды. Жазғы кезеңде жекеменшік балабақшаларды жан басына қаржыландыру мәселелері талқыланды, олар әлі шешілмеген, бірақ бүгін жергілікті атқарушы билік балабақшалардан наурыз айынан бастап мемлекеттік білім беру тапсырысының шығыстары туралы есеп беруін талап етеді. Бірақ біз бұл мәселені ҚР Үкіметі мен Білім және ғылым министрлігінің қарауына енгізу керек деп санаймыз, - деді «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев.
Айта кету керек, төтенше жағдай туындағанға дейін мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істеген жеке мектепке дейінгі ұйымдар жалақы, коммуналдық қызметтер, жалдау және салық төлемдерінен қомақты қарыздар жинап, жұмыс істеуге мәжбүр болған. Өйткені «Педагог мәртебесі туралы» ҚР Заңының әлеуметтік кепілдемесі кәсіпкердің мойнында. Бұл жеке балабақшаларды жан басына қаржыландыру әдістемесінің енгізілуімен де байланысты болып отыр. Сонымен қатар, жеке балабақшалар жалақы, 56 жұмыс күні үшін демалыс төлемі, денсаулыққа төленетін жалақы сияқты шығындардың барлығын қарыз есебінен төлеп келген. Өйткені мемлекеттік органдар бұл төлемдерді жан басына қаржыландыру әдісімен уақытында қарастырмаған.
Қазіргі таңда, жан басына шаққанда 30 150 теңге көлемінде әр балаға қаржы алып отырмыз. Жыл сайынғы қымбатшылық мәселесі ескерілмейтінін айтпағанда, ата-аналардың талап-тілегінен шығу оңай емес. Яғни, берілетін білімнен бөлек, ғимараттың сыртқы және ішкі әсемдігі, заманауи жарақтандырылуы маңызды. Себебі, олар балаларының таза, әдемі жерде отырғандарын қалайды. Мен бұны айтуымның себебі, біз тапқан табысымызды осындай қосымша шығындарға жұмсаймыз. Яғни, кәсібіміздің алға ілгерілеуі үшін әрдайым бәсекеге қабілетті болып отыруға тиіспіз. Карантинге қарамастан біз өз қызметкерлерімізді жұмыспен қамтыдық, ата-аналарға онлайн оқытуға келісім алдық. Себебі, біз балаларымыздан айрылмауымыз керек болатын. Оның үстіне, оларға берілген білім тез ұмытылып қалмас үшін үнемі байланыс орнаттық. Жеке өз басым үнемделген қаржының есебін тапсыруға қарсымын. Себебі, бұл жеке кәсіпкерлікпен айналысуды шектейді, - деді «Biliminvest» қауымдастығының вице-президенті Күлянда Батырбекова.
Бүгінде ҚР Білім және ғылым министрлігі жеке ұйымдарға мемлекеттік тапсырыс көлемін азайту туралы шешім қабылдаған. Бұл тағы да кәсіпкерлердің есебінен және жеке балабақшаларды жабылуға мәжбүр ету дейді кәсіпкерлер.
Мемлекеттік комиссияның соңғы хаттамасына карантин кезінде мемлекеттік тапсырысты қаржыландыру үзілмеу керектігі және қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүргізілуі тиіс деп көрсетілген. Осы жерде сұрақ туындайды. Мемлекеттік балабақшаларда бұл қандай негізде өтеледі, ал жеке меншік балабақшаларда көлемді азайту туралы шешім қабылданды?
Біріншіден, мұндай іс-әрекеттер қолданыстағы нормативтерге қайшы келеді, өйткені жан басына қаржыландыру әдістемесінде және мемлекеттік тапсырысты орналастыру қағидаларында норматив меншік нысанына қарамастан қолданылады деп жазылған.
Сондай-ақ, мемлекеттік тапсырыста жалақы, коммуналдық қызметтер, жалдау, салық төлемдері, ағымдағы жөндеу, әдістемелік материал сатып алу бойынша шығыстар көзделеді, бұл қандай шығыстар есебінен қысқартылатын болады, сондықтан мемлекеттік тапсырыс көлемін қалай азайтуға болады деген сұрақ тағы да туындайды. Бұл қазіргі мемлекеттік тапсырыс көлемі жекеменшік балабақшалардың шығындарын өтемейтініне қарамастан қабылданып отырған көрінеді.
Бұдан басқа, 2010 жылдан бастап әкімдер «Білім туралы» ҚР Заңының 6-бабына сілтеме жасай отырып, мемлекеттік тапсырыс мөлшерін ЖАО белгілейді. Бұл ретте, қолда бар жан басына шаққандағы қаржыландыру әдістемесі елемейді және бір балаға есеп айырысу құны үнемі төмендеп отыратынға ұқсайды.
- Біз мемлекет тарапынан және ата-ана тарапынан берілетін қаржыға барлық шығындарымызды жоспарлаймыз. Мәселен, жаз мезгілінде балабақшадағы бірнеше жиһазды ауыстырып және ішкі сырлау жұмыстарын жүргіздік,- дейді кәсіпкер Арзыгүл Тиллябаева.
Оның сөзінше, наурыз айында жұмыс 19-ы күні аяқталса, қалған 6 жұмыс күні ішінде үнемделген қаржы жоқ. Ал сәуір мен мамыр айында балалар қашықтықтан оқытылған. Тіпті, жүргізілген сабақтардың бейнежазбасы да сақталған. Дәл осындай мәселе көтеріліп, әкімдік пен прокуратура тарапынан қыспаққа алу шараларының болатынын білгенде жұмысшыларымызды қысқартуға жіберіп, кейбірін жұмыстан босатқан болар едік дейді балабақша иелері.
Ал үнемдеу тамақпен қамтуда болуы мүмкін көрінеді. Алайда балалардың балабақшадағы ішім-жемін ата-ана қаржысынан өтелетін көрінеді. Ал кезекші топтағы балақайларды оқытуға жұмсалатын электр жарығы бірдей көлемде.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: