Халықаралық сауда: ТМД елдері COVID-19 пандемиясы жағдайында ынтымақтастық әлеуетін талқылады
9 қыркүйек күні ТМД мемлекеттерінің сауда-өнеркәсіп палаталары жетекшілері кеңесінің XVIIІ отырысы өтті. Жиынды алғы сөзбен Өзбекстан Республикасы Сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы Адхам Икрамов және Атқарушы комитеттің төрағасы, ТМД атқарушы хатшысы Сергей Лебедев ашты
Жиын барысында Сауда-өнеркәсіп палаталарының басшылары COVID-19 пандемиясы жағдайында ТМД елдері арасында сауда-экономикалық және халықаралық ынтымақтастықтың дамуын талқылады.
«ТМД кеңістігінде іскерлік байланысты арттыру өзара тиімді келісімдерге қол жеткізудің нәтижелі алаңына айналады және Достастық елдері арасындағы кәсіпкерлік саласындағы ынтымақтастықтың одан әрі бағыттарын анықтауға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының төрағасы Аян Еренов.
Спикердің айтуынша, әлемдік тауар айналымының қысқаруына қарамастан Қазақстанның Өзбекстан, Молдова және Армениямен өзара сауда айналымының көрсеткіштері өткен жылмен салыстырғанда оң серпінге ие.
«Өткен жылы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы алдында әр кәсіпкер онлайн режимінде қажетті қызметтерді алуы үшін бірыңғай цифрлық алаңды құру міндеті қойылды. Аталған алаң жұмысының басты принциптері ашықтық, қолжетімділік және нәтижелілік болуы шарт. Сыртқы экономикалық құжаттарды тексеру, форс-мажор туралы куәлікті беру және Қазақстанның сыртқы сауда палатасы ұсынатын қызметтер аталған онлайн-сервисте қолжетімді болады», – деді Аян Еренов.
Жиын барысында «Астана» Халықаралық қаржы орталығының ерекше мәртебесі аталды. Орталық қаражатты тарту, инвестицияларды сақтандыру және келісімшарттарды құрылымдау мүмкіндіктерін ұсынады. Бизнесті жүргізу, мәмілелерді жасау және коммерциялық дауларды реттеу, жобаларға қосылу және шығуға (соның ішінде АХҚО биржасында листинг арқылы) қажетті инфрақұрылым жасалған. АХҚО-да тіркелген бизнес мүддесі халықаралық дәржеге ие болады.
Сондай-ақ, елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында Қазақстан Сыртқы сауда палатасының Өзбекстан және Ресейде өкілдік желісі құрылды. Өкілдер аталған мемлекеттерді кәсіпкерлерімен сауданы дамыту бойынша белсенді жұмыс жүргізуде.
Онлайн-кездесу қорытындысы бойынша ТМД мемлекеттерінің сауда-өнеркәсіп палаталары жетекшілері кеңесінің XVIIІ отырысының шешіміне қол қойылды.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: