Бүгінгі сан: infokazakhstan.kz порталына кәсіпкерлерден 300 мыңнан астам өтінім келіп түсті
Кәсіпкерлерден түскен 248,8 мың өтінім мақұлданды, 12,9 мың өтінім тіркеуге алынбады.
Бизнестің бұл санатына санитарлық-эпидемиологиялық қызмет тарапынан жасалған ескертпелерді түзеп, кейін қайтадан өтінім жіберу қажет.
Тұтастай алғанда, 316,3 мың отандық кәсіпорын кәсіпті қайта бастай алады. Алайда бизнестің барлық өкідері порталдан тіркеуден өтуі керек. Мониторингтік топ кәсіпкерлердің порталда тіркеуден өтпей жұмыс істеуін анықтайтын болса, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет органдары кәсіпкерге infokazakhstan.kz порталында тіркеуден өту қажеттігі туралы сәйкес нұсқама шығарады.
«Іnfokazakhstan.kz порталы бизнесті көлеңкеден шығаруға мүмкіндік берді. Кәсіпкерлердің көбі порталға тіркелуге қажетті электронды цифрлық қолтаңбаны жасау үшін заңды тұлға ретінде тіркелді. Кейбір облыстар бойынша мемлекеттік кірістер органдарында бизнесмен ретінде тіркеліп, порталда өтінім бергендер санының өскенін байқадық. Мәселен, Алматы қаласы, Шығыс Қазақстан облысы және Қарағанды облысында субъектілер саны артқан», – деп атап өтті «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының бірінші орынбасары Эльдар Жұмағазиев.
Нысанға келушілер немесе клиенттер егер бизнес тарапынан санитарлық нормалардың бұзылғанын байқаса, шағым түсіре алады. Іnfokazakhstan.kz сайтында «Өтінімді тексеру» айдарында шағым түсіру функциясы бар. Ол үшін қолданушының ЖСН нөмірін енгізу жеткілікті. Сонымен қатар шағымды @infokz_abuse_bot телеграм-боты арқылы жіберуге болады.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: