Екі күн ішінде InfoKazakhstan.kz порталы арқылы 17 мыңнан астам кәсіпкер жұмысты бастауға өтінім берді
17 тамыз, дүйсенбіден бастап бизнес локдауннан шығады, сауда орталықтары, қоғамдық тамақтану орындары, автосалондар, балалар білім беру мекемелерін қоса алғанда бірқатар кәсіпкерлік субъектілерге қойылған шектеулер алынып тасталады.
ҚР Бас санитарлық дәрігердің 2020 жылғы 14 тамыздағы №47 қаулысына сәйкес жұмысты бастауға рұқсат алу үшін кәсіпкерлік субъектілердің барлығына электронды цифрлық қолтаңба арқылы www.infokazakhstan.kzсайтынан тіркеуден өту қажет. Бұл жұмысты қайта бастаудың міндетті шарты, оны бұзу айыппұлдық санкцияларға әкеп соғады.
Бұл платформа «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен іске қосылған. Оның интерфейсі оңай әрі қарапайым, формаларды толтыру небәрі 15 минут уақыт алады.
17 мыңнан астам кәсіпкер порталға өтінім беріп үлгерді, соның ішінде 9 444 кәсіпкер нысандарын іске қосуға рұқсат алды. Алғашқы өтінім порталдың жұмыс істеу уақытынан бір минут өтпестен Қарағандыдан түсті. Ресурспен Алматы облысы(2761 өтінім) және Алматы қаласының (2 401 өтінім) бизнес-қоғамдастығы анағұрлым белсенді қолдануда.Пайдаланушылардың белсенділігі сағат 13:00-ден 16:00-ге дейінгі аралықта жоғары.
Мәселен, қызметті пайдаланған алғашқылардың бірі «Dent Art plus» ЖШС директоры Наталья Осинина портал қызметін қолданып, кәсіпкерлік қызметті жаңартуға дайындық актісін алды:
«Өскемен қаласында тіс емдеу емханасының құрылтайшысымын. Бүгін мен қызметті қайта бастау үшін infokazakhstan.kz порталына тіркелдім. Барлық процедура 3 минут уақыт алды. Процедура өте қарапайым, қолжетімді. Баршаға порталдағы тіркеуден өтіп, қызметті бастауға рұқсат алуға кеңес беремін».
Жеке кәсіпкер Гүлнұр Кенжехан «Атамекен» ҰКП Кәсіпкерлерге қолдау көрсету орталығы көмегін пайдаланып, жұмысты қайта бастауға рұқсатты infokazakhstan.kz порталынан жедел түрде алды. Енді оның сұлулық салоны дүйсенбіден бастап жұмыс істей бастайды:
«Іnfokazakhstan.kz сайтынан рұқсатты рәсімдеу үшін электронды цифрлық қолтаңба қажет, барлық кәсіпкерлерде аталған кілт бар. Оны алу қиын емес, порталдың жұмысы да ыңғайлы, оңай, бес минут ішінде рұқсатты алдым. Бастапқыда кәсібіміне қойылған санитарлық талаптармен таныстым да бірден рұқсат алдым, рұқсат электронды поштама келді. Бұл жаңалық бізді қуантты, енді жұмысты бастай аламыз. Палата кеңесшілеріне өз атымнан алғыс білдіремін».
Іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі, Ақтөбедегі «Mama Boss» салонының директоры Мәдина Мұратова рәсімдеуге бес минут уақыт жұмсап, ертеңнен бастап клиенттерге есігін айқара ашады:
«infokazakhstan.kz платформасы арқылы қызметімізді тіркедік, ертеңнен бастап жұмысқа кірісеміз. Жеке электронды цифрлық қолтаңбаны қолданып, тіркеуден өту оңай, қызмет түрін, барлық жұмыскерлерді тіркеп, жұмысқа рұқсат алдық. Демек біз, ертең заңды түрде жұмысқа кірісетініміз жайында хабарландыру бердік».
Электронды рұқсатты басып шығарып, нысан ішіне іліп қою керек.
Жұмыс бастауға көмектесетін www.infokazakhstan.kz сайтының функционалы кеңеюде, атап айтқанда айдар тетіктері жақсарды, кәсіпкерлер тізімі жаңартылды, сауда және ойын-сауық орталықтары, бизнес орталықтарды жалға алушылар, сондай-ақ базардағы жалға алушылар қосылды.
Кәсіпкерлерге кеңес беру үшін 1432 байланыс орталығы тәулік бойы қызмет көрсетеді (қоңырау шалу тегін). Сонымен қатар t.me/infokazakhstan телеграм-канал іске қосылды, онда портал жұмысына қатысты соңғы жаңалықтар және бизнес өкілдеріне басқа қызықты ақпарат жарияланады.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: