InfoKazakhstan: платформа бас санитарлық дәрігердің ресми қаулысы шыққан соң іске қосылады
Орталық коммуникациялар қызметінде бизнестің локдауннан шығуына қатысты брифинг өтті. Брифингке «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының бірінші орынбасары Эльдар Жұмағазиев, ҚР Бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова қатысты
17 тамыздан бастап локдаунды кезең-кезеңмен алып тастау бойынша жоспарға сәйкес 100 мыңға жуық кәсіпкер жұмысын бастайды. Осы ауқымды игеріп, санитарлық нормалардың сақталуын реттеп, жекелеген кәсіпкерлік нысандарда көпшіліктің жиналмауын қадағалайтын шаралар керегі анық. Мұндай ауқымды адами фактормен реттеу мүмкін емес.
Осы ретте «Атамекен» ҰКП бастамасымен цифрлық шешім қолға алынды.
«Кеше Үкімет басшысының басқаруымен Мемлекеттік комиссияның отырысы өтті. Онда ең басты қабылданған шешім ол карантиндік нормаларады жұмсарту болды. Өздеріңізге мәлім 830 мыңға жуық бизнес өкілі жұмыс істемей тұрды. Бұл шамамен осы нысандарда жұмыс істеген 1,3 млн адамға қатысты. Қабылданған шараларға байланысты 17 тамыздан бастап көп бизнес түрі жұмыс істеуге мүмкіндік алады. Кәсіпкерлер жұмысқа шыққаннан кейін қандай жұмыс алгоритмі талап етіледі, осы туралы үш аптаға жуық бизнестің даярлық ассоциацияларымен талқыладық. 3-4 күнде шешім қабылданды. Ең бастысы – «Атамекен» ҰКП қолдауымен infokazakhstan.kz сайты іске қосылды», – деді Эльдар Жұмағазиев.
Аталған платформа – барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып, бизнеске карантин режимінен кезең-кезеңмен шығуға көмектесетін цифрлық шешім. Осылайша эпидемиологиялық қатерлерді азайтуға, сондай-ақ кәсіпкерлік қызметті жаңарту үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған құрал болмақ.
«Платформа арқылы жұмыс істеуге рұқсат алу интерфейсі оңай әрі қарапайым. Кәсіпкерлер қысқа мерзімде 4 қадам арқылы санитарлық нормаларға сәйкестік актісін ала алады. Бірінші кезекте InfoKazakhstan сайтына кіріп, ұйымыңызды электронды цифрлық қолтаңба арқылы тіркеп, кәсіп түріне қойылған талаптармен танысу қажет. Екінші кезекте нысанды талаптарға сай дайындап, жұмыс істеуге дайындығыңызды электронды өтінім беру арқылы растау керек. Ары қарай нысанға санитарлық-эпидемиологиялық қызмет пен Мониторингтік топ өкілдері тексерумен келеді. Тексеру нәтижесі оң болса, онда кәсіпкер сайттағы жеке кабинеті арқылы санитарлық нормаларға сәйкестік актісін жүктеп, жұмысын басатй алады. Нәтиже теріс болса, онда ескертпелерді реттеп, өтінімді қайта жіберу қажет. Бизнестің жекелеген түрлері жұмысын тексерусіз, хабарлама тәртібінде қайта бастай алады», – деп атап өтті Эльдар Жұмағазиев.
Бұл платформа төтенше жағдай кезеңінде Алматы қаласында тиімді іске асқан infoalmaty.kz жобасы негізінде әзірленді. Бұл сайтты кәсіпкерлер қала бойынша жүріп-тұруға рұқсат алу үшін қолданды. Ресурс қызметін бір мезгілде 150 000 тұтынушы пайдалана алады.
Платформаға электронды цифрлық қолтаңбасы жоқ кәсіпкерлерге тіркелуге жергілікті жердегі кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары көмек көрсететін болады.
Брифинг барысында ҚР Бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова 17 тамыздан бастап кәсібін қайта бастай алатын бизнес түрлері туралы егжей-тегжей ақпарат берді.
«Мемлекеттік комиссияның шешіміне сәйкес жұмысын қайта бастайтын кәсіпкерлік субъектілерінің қызмет түрлерінің тізбесі бекітілгені анық. Осы бизнес түрлері бойынша қатаң санитарлық нормалар, маска режимі, әлеуметтік қашықтықты сақтау, топтағы бала сандарын шектеу сынды қатаң талаптар бар. Бізге ең бастысы кезекті карантиндік шараларға жол бермей, біртіңдеп алға ілгерілеу», – деді Айжан Есмағамбетова
Бас дәрігердің айтуынша, қазіргі таңда карантинді жұмсартудың алғақшы кезеңі іске асуда. Індет таралуы көрсеткіштерінің төмендеуін сақтап, ахуалды реттеуде бизнес өкілдерінің, әр азаматтың жауапкершілігі бар. Әркім санитарлық тлаптарды орындап, маска киіп, әлеуметтік қашықтықты сақтап, қолды жуып жүргені абзал.
Брифинг барысында журналистер спикерлерге сұрақтар қойды. Маңызды мәселенің бірі – карантиннен кейін қызметіне тыйым салынған қызмет түрлеріне әлеуметтік төлемдердің тағайындалуына қатысты болды.
«Қызметіне тыйым салынған тойханалар, караоеке, барлар бойынша ұсыныстар легі дайындалып жатыр. Әзірге осы секторларда қанша нысан тоқтап тұр, қанша адам жұмыссыз қалды, қанша нысан жұмыс істеп тұрғанын анықтау қажет. Өйткені бұл салаларда ресми әрі көлеңкелі жұмыс істеп жатқандар бар. Екінші мәселе несиелер бойынша кейінге шегеру ұсынысын Қаржы нарығын реттеу агенттігі қолдап, шегерім 1 қазанға дейін берілді. Салық төлемдерін жыл соңына дейін шегеруді ұсынған болатынбыз, оның мерзімі 1 қазанға дейін беру қаралуда. Сондай-ақ жалға алу төлемдері мәселесі де талқыланып жатыр. Қазіргі кезде деректер легі жинақталуда», – деді Эльдар Жұмағазиев
Пікір қалдыру:
Пікірлер: